7 наурызда Димаш Құдайбергеннің жаңа әнінің тұсаукесері өтті. «Love’ s not over yet» трегі музыкалық платформаларда пайда болса, ал әншінің YouTube арнасынан көрермендер музыка мен бейнероликтің ерекше үйлескен эмоцияға толы көрінісін тамашалады.
Сценарийдің авторы кім болғаны және фильмнің бірнеше бөлігін түсіру идеясы қалай пайда болғаны туралы DimashNews редакциясына клиптің режиссері Ғалым Асылов пен желілік продюсер Жәнібек Гусманов айтып берді.
___
Сценарий идеясы қалай пайда болды? Сценарий әннің негізінде жазылды ма, әлде, керісінше, жаңа трек сценарийдің көптен бергі идеясына сәйкес келді ме?
Ғ: Бұл бейнебаянның авторы – Димаштың өзі. Біз бұл әнге қандай сюжет түсіруге болатыны туралы талқылай бастаған алғашқы сәттен-ақ, Димаш тректі тыңдап, бейнебаянның оқиға желісін құра бастады. Біз оның идеясына сүйене отырып, сценарийді жүйеге келтіріп, кейбір жерлеріне қосатын дүниелерді қосып, соңында жазып шықтық.
Осындай үлкен бейнебаянды түсіру кезінде сіздер әрдайым сценарий бойынша жүріп отырасыздар ма? Әлде импровизация да орын алып, сюжетте өзгерістер болып жата ма?
Ж: Біз дайындық жүргізілген сюжетті ұстануға тырысамыз. Түсірілім кезінде сценарийдің кез-келген өзгерісі көп уақытты алуы мүмкін. Сол үшін біз туындауы мүмкін барлық нюанстарды алдын-ала болжауға тырысамыз.
Ғ: Ия, әрине, кез-келген шығармашылық жұмыста импровизация бар. Бірақ бұл көбіне сюжеттің өзіне емес, белгілі бір кадрлар мен түсірілім жерлерін таңдауға қатысты болады.
Клипте актерлер өте жақсы таңдалған. Бейнебаяндағы ұл мен қыздың рөлінде ойнаған кейіпкерлер сол ролдегі ересек кейіпкерлерге өте ұқсайды. Кастинг қалай өтті, қандай рөлге актер таңдау қиын болды? Димаш таңдауға өзі қатысты ма?
Ж: Иә, уақыттың көп бөлігін кастинг алды. Негізгі кейіпкерлерді таңдауға Димаштың өзі қатысты. Менің ойымша, ең қиыны – басты кейіпкерді табу болды.
Ғ: Соңғы сөзді Димаш айтады. Ол негізгі рөлдерге актерлерді өзі таңдайды. Біз үлкен кастинг өткіздік. Көптеген балаларды тыңдадық, жан-жақты бақыладық. Осының бәрі оңай болмады. Бірақ соңында біз өз рөлдерін тамаша сомдаған ұл мен қызды сәтті таңдадық. Димаштың өзі қалай ойлайтынын білмеймін, бірақ менің ойымша, кейіпкер Димаштың бала кезіне қатты ұқсайды.
Балалық шақты сипаттайтын кезеңнің түсірілімі «Шоқан Уәлиханов атындағы мектепте» өтті. Түсірілімге мектеп оқушылары да қатысып, қосымша актерлік рөлдерде ойнады ма?
Ж: Мектеп басшылығына зор алғысымды білдіргім келеді. Иә, мектепке байланысты көріністерді негізінен мектеп оқушылары ойнады.
Ғ: Мектеп оқушылары жай ғана қосымша рөлдерде емес, негізгі кейіпкерлерді, соның ішінде жас кейіпкермен төбелескен бұзақылардың рөлінде де ойнады. Оқушылар расымен де, өте талантты. Олар бізді актерлік қабілеттерімен және кадрдағы органикасымен таң қалдырды.
Алғашқы кездесуден бастап «Тиффани» сақинасына дейінгі романтикалық сюжеттік желіде қызғалдақ ерекше рөл атқарады. Ол ең басында кішкентай кейіпкердің қолында пайда болып, бүкіл оқиға арқылы соңына жетеді. Бұл гүл кімнің идеясы және ненің символы?
Ғ: Қызғалдақ қамқорлық пен сүйіспеншілікті білдіреді. Менің есімде қалғаны бойынша, қызғалдақ та Димаштың идеясы болған.
Кішкентай қыз жаңадан танысқан досына көмектеседі. Сөйтіп бірде, ұл бала қызды қорғап, ерлік жасайды. Содан кейін осының бәрі ересек махаббатқа ұласады. Арада біраз жылдар өтіп, бойжеткен қыз ұшақта ұшып бара жатқан сәтінде «қызғалдақтар» бағбандық кітабын оқиды. Бұл екеуі үшін, басты кейіпкерлердің тарихы үшін маңызды белгі болып саналады.
Қызғалдақ – фильмнің символы. Бірақ бұл кішігірім құпия болып қала берсін. Келесі бөлімде өздеріңіз тамашалайсыздар.
Мұндай стандартқа сай келмейтін тизер жасау туралы шешім қалай қабылданды? Негізінде, бұл клип кадрларының емес, керісінше толық фильмнің бір бөлігі сияқты.
Ғ: Біз осындай сюжет арқылы шешімді көрермендердің өздеріне қалдырдық. Яғни, оқиғаның бақытты аяқталу-аяқталмауы көрермендердің өз қиялдарына байланысьы.
Басты кейіпкердің кәсібі – құрылысшы ма, әлде сәулетші ма? Димаш бұл мамандықты өзі таңдады ма?
Г: Димаш басты кейіпкердің мамандығын өзінің негізгі музыкалық қызметіне ұқсамайтын етіп таңдағысы келді, Құрылыс осы мақсатқа жақсы сәйкес келді.
Түсірілім қай жерде, қай қалада өтті? Оқиғалардың басты орны негізінен, ұшақ болды. Мұндай түсірілімдер қиындық тудырмады ма?
Ж: Түсірілім Алматыда өтті. Қаланың әртүрлі жерлері мен аудандарында болды.
Г: Негізді локациялар «Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп», «Тау Самал» коттедж қалашығы, «Эверест» тұрғын үй кешені болды. Әрине, LED-экрандар мен әртүрлі шағын орындарды пайдаланған студиялық түсірілімдер де болды. Ең қиыны – ұшақтағы түсірілім болды. Ол жерде кеңістік шектеулі, тар, бірақ біз мүмкіндігінше көріністі шынайы беруге тырыстық
Түсірілімнің өзі, монтаждау және одан кейінгі бейнероликті түсіру процесі қанша уақытқа созылды? Бұл жұмыста қанша адам жұмыс істеді?
Ж: Түсірілімнің өзі 4-5 ауысым ішінде өтті. Сонымен қатар, шамамен бір жарым айдай дайындық кезеңі болды. Монтаждау-бояу кезеңі мен графигі шамамен 4-5 айға созылды, егер көп болмаса. Клип жасауға 100-ге жуық адам қатысты.
Г: Монтаждау кезеңінде, бірнеше ай өткен соң, екі бөлімнен тұратын музыкалық бейнені жасау туралы шығармашылық шешім қабылданды, өйткені Димаштың бұл сюжеті бір музыкалық композицияға сыймады.
Сіз Димашпен бірінші рет жұмыс істеп жатқан жоқсыз. Ол әрдайым шығармашылық процестің барлық кезеңдерін зерттеуге тырысатыны белгілі. Оның идеялары мен сіздің мүмкіндіктеріңіздің арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыз?
Г: Барлығы шешіледі, бәрі мүмкін. Менің ойымша, бұған ешқандай кедергі жоқ. Мен Димашты мүмкіндігінше қолдауға тырысамын. Болашақта біз тек дамып, өсеміз деген үміттемін.
Бұл күрделі сюжеттің негізгі идеясы қандай?
Г: Менің ойымша, бейнебаянның негізгі ойы – шынайы, адал махаббат кез-келген сынақтан өте алады. Шынайы махаббат ештеңеге қарамастан мәңгілік өмір сүреді.