Берлинде өткен Димаш Құдайбергенге арналған жеке көрме Қазақстанның «Сәби» қайырымдылық қорына 1000 еуродан астам қаражат түсірді. DimashNews редакциясы көрме авторы, суретші Карин Бетцпен сұхбат жүргізіп, оның шығармашылық жолы, көрменің идеясы мен Димаш өнерінің оған әсері туралы әңгіме-дүкен құрды.

Өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз. Туған жеріңіз, күнделікті өмір тіршілігіңіз бен өнер жолыңыз туралы білгіміз келеді.
Мен Германия мен Канадада өстім. Канаданың Онтарио провинциясындағы Кингстон қаласында орналасқан Корольдік университетте білім алдым. Онда кескіндеме, мүсін және графика мамандығы бойынша бейнелеу өнері бакалавры дәрежесін алдым.
Ванкувердегі галереяда жұмыс істеп, кейін Еуропаға оралған соң графикалық дизайн бойынша кәсіби білім алдым. Қазіргі уақытта графикалық дизайнер және иллюстратор ретінде еңбек етіп келемін. Ал сурет салумен бос уақытымда және жеке тапсырыстар бойынша ғана айналысамын. Студенттік жылдары абстракция, пейзаж және фигуративті кескіндеме жазған болсам, соңғы жылдары портрет жанрына ерекше қызығушылық танытып жүрмін.
Димаштың суретін салған суретшілер өте көп. Әрине, мен Димаштың кескін-келбетін өзгеше, ерекше саламын деп айта алмаймын. Бірақ әншінің қайталанбас сұлулығы мен энергиясын жеткізу үшін оны көп зерттеп, портретін де көп салдым.

Димаштың музыкасымен, шығармашылығымен қалай таныстыңыз?
Менің жұбайым – музыкалық продюсер. Бірде үйге бір танысымыз келіп, YouTube-тан үш әнін қосып беріп, жұбайымнан Димаш туралы пікірін сұраған еді. Сол сәттен бастап оның ғажайып дауысын естіп, өнеріне бірден ғашық болдым. Төрт жылдан бері оның шығармашылығын үзбей тыңдаймын. Әу бастан классикадан бастап панк-рок пен поп-музыкаға дейін түрлі жанрларды жақсы көретінмін. Джаз, танго, фадо, шансон, кельт және азиялық музыка да жаныма жақын.
Ал Димашты тыңдаған сәтте мені таңғалдырғаны – оның бір дауыспен стильдердің бәрін үйлестіре орындай алатындығы болды. Оның музыкасы мен үшін ешқашан жай фон емес. Оны тыңдағанда мен оның музыкасына жан-тәніммен, толықтай беріліп көңіл бөлуім керек. Ал көбіне мен сурет салғанда Димаштың музыкасы мені толық баурап алады. Оның шығармаларындағы музыкалық шеберлік, композицияларының фортепианолық немесе оркестрлік нұсқада да бірдей әсерлі естілуі – қайталбас нағыз дух. Ол бізге әлі талай жаңа туынды сыйлайды деп сенемін.

Өзіңіздің көркемдік философияңызды қалай суреттер едіңіз? Өнерде ең маңыздысы не деп ойлайсыз?
Бүгінде Еуропаның ірі өнер жәрмеңкелерін аралап шықсаңыз, натуралистік бағытқа айқын бетбұрыс байқалады. Өнердің қазір мүлдем басқа арнаға бетбұрыс жасады. Нәзіктік қайтадан құндылыққа айналды. Меланхолия, тыныш композициялар, жұмсақ бояулар әдеттегі құбылысқа айналды.
Димаштың келбеті мен бейнесінің өзінде соншалықты көп тұңғиық бар, сондықтан көбіне қосымша детальдың қажеті жоқ. Мен әдетте фонды барынша ықшамдап, минималистік пейзаж бен жарық-көлеңке блоктары арқылы көңіл күйді алға шығарамын. Әсемдікті бейнелеуден бой тартпаймын, себебі оның астарында терең сезімдер жатады және ол көрерменнің жүрегіне жететініне сенемін. Көрмедегі эмоциялық пікірлер үшін алғысым шексіз. Рақмет!

JULDYZ көрмесіне дайындықтың қалай жүргенін және бұл идеяның қалай дүниеге келгендігі туралы айтып берсеңіз?
Идея Берлиндегі концерттің жариялануымен байланысты туды. Көрме өткізуге қолайлы орын концерт залына өте жақын орналасқан еді. Бұл шынында да сәтті сәйкестік болды. Кең ғимарат, жұмыстарымның басым бөлігін орналастыруға жарамды және сол аптада бос екенін білдім. Сондықтан бәрі өз ретімен қалыптасты.
Осындай алғашқы ірі көрмені ұйымдастыруда қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
Шынымды айтсам, бұл көрмені «өз көрмем» ретінде қабылдағаннан гөрі, Димаштың еңбегі мен оның шығармашылығына деген адалдығына арналған ықылас белгісі деп қарадым. Оның үнемі бейнелене бергенін ұнатпай қалуы да мүмкін. Ал шабыттандыратын фотосуреттер мен бейнематериалдар түсіретін фотографтар мен операторлар бұл еңбектен ешқандай материалдық пайда көрмейтінін айта кету керек сияқты. Димаштың портретін салып жүрген Dears қауымдастығында керемет талантты суретшілер жетерлік. Сондықтан мен үшін бұл – Димаштан алған шабытты бөлісу және сол арқылы қайырымдылыққа аз да болса үлес қосу.
Мен көптеген қиындықтарға кезіктім, оның бірі шығынның өтеліп-өтелмейтінінің белгісіздігі, жұмыстардың сыйып-сыймайтыны мен көрермен жинала ма деген күмән көп болды. Достарымның қолдауы болмаса, мұның бірін де жүзеге асыра алмас едім.

JULDYZ көрмесінің негізгі концептісі қандай? Көрме өткеннен кейін қандай әсерде болдыңыз?
Димаштың «Мен жұлдыз емеспін, жұлдыздар – аспанда» деген сөзі бар. JULDYZ атауын берген картина – сюрреалистік түнгі аспан мен сахнадағы жарықтың ерекше жағдайларындағы бейне. Ол көрмедегі басқа жұмыстармен қатар қойылған кезде, халықаралық сахнада мәдени дәнекер болу, ұлттық құндылықты таныту, мадақ пен үміттің ортасында шынайылықты жоғалтпау сияқты сұрақтарды қозғайды. Тіпті «Dears емес» көрермендердің өзі бұл туындыға ерекше әсерленді.
Түскен қаражаттың 50%-ын қайырымдылыққа беремін деп жариялаған кезде, табыс түсе ме деп қатты уайымдадым. Дегенмен жұмысты сатып алған жандарға үлкен алғыс айтамын. Көрме күтпеген жетістікке жетті, ал Қазақстан баспасөзіндегі және DimashNews жариялаған пікірлер – мен үшін зор мәртебе.

Димаштың шығармашылығынан тыс күнделікті өмірде сізді не нәрсе шабыттандырады?
Мен үшін табиғат пен өнер әрқашан басты шабыт сөзі болған. Анам бала кезімнен неміс және скандинав суретшілерінің пейзаждық көрмелеріне жиі апаратын. Канадада мен «Жетіліктер тобының» жұмыстарымен таныстым. Табиғаттағы сұлулықты барлық жерден көремін. Жалғыз өзім теңіз жағалауымен немесе орманда серуендегенде ерекше тынығамын. Сонымен қатар мені рухтандыратын – жұбайым мен ұлым. Бұл дүниеде сүйіспеншілік пен сұлулық жетерліктей.
Болашақта жаңа көрмелер ұйымдастыру жоспарыңыз бар ма? JULDYZ көрмесінің жалғасы немесе мүлде жаңа жоба жасау жоспарыңызда бар ма?
Әрине, жалғастырғым келеді. Тек уақыт пен ресурс табу қажет. Картиналар шынайы өмірде әлеуметтік желідегі суреттерден мүлде өзгеше көрінеді: көлемі, текстурасы, түстері… Кейбірі фотода жақсы шықса да, көбіне дәл өзіндей әсер бермейді. Мен өзім интроверт адаммын, сурет салуды, әрине, жаным сүйеді, бірақ оны көпшілікке ұсыну маған ауырлау. Алайда белгілі бір мәдени контекст аясында (мысалы, екі жыл бұрынғы қазақ оюлары жөніндегі жоба) өзімді еркін сезінемін. Сурет сала беретінім анық, тек оны көпшілікке үнемі көрсетіп отырамын ба – оған сенімді емеспін.

Қазір суретші ретіндегі шығапмашылық дамуыңыз қандай бағытта жүріп жатыр? Жаңа техникалыр, жанрлар немесе серіктестіктер жасау жөнінде жоспарларыңыз бар ма?
Ынтымақтастық туралы ұсыныстар түсіп жатыр – олардың бәрін оң ниетте қабылдаймын. Көрмеде көптеген көрермендер Қазақстанға және оның мәдениетіне неге қызығатынымды сұрады. Олардың қызығушылығы мен пікір алмасуы мені қатты толқытты. Алдағы уақытта да түрлі тақырыптарды, соның ішінде абстракция мен пейзаждық бағытты дамыту жоспарда бар. Бұл көрмені дайындау барысында Димаштың суретін бейнелеудің «соңы» болар деп ойлағанмын да, бірақ әр концертіне барған сайын (берлиндік концерт – мен барған жетінші концертім) оның өнері мені қайтадан жаңа портрет салуға итермелейді. Оның музыкасы – мен үшін таусылмас шабыт көзі. Техникалық тұрғыдан мен өзге материалдармен де жұмыс істеймін, бірақ көрмеде үйлесімділік болуы үшін тек майлы бояумен және қарындашпен жасалған жұмыстарды ұсындым. Ерекше экспонат ретінде қазақтың жаңа латын әліпбиіне арналған иллюстрациялық карточкалар сериясын қостым. Ол да көрмеде жақсы қабылданды.

Шығармашылық арман–мақсатыңыз қандай? Болашақта нені жүзеге асырғыңыз келеді?
Мен әлі де сурет салуға көп уақыт бөле алмай қалып жатамын, оның негізгі себебі, мен ең бірінші анамын, сосын фриланс-дизайнер ретінде жұмыс істейтінім. Сондықтан қандай картинаны салатынымды әрдайым таңдап жүремін, бір жұмысқа қалағанымша уақыт бөле алмайтыным да рас. Кей картиналар бір түнде аяқталады, ал кейбірі ұзақ уақытқа созылады. Болашақтағы жеке мақсатым – ойымдағы идеяларды тез әрі толық жүзеге асыру үшін еңбек ырғағымды күшейту болмақ.