Димаштың үні АҚШ радиоларында жиі естіле бастады

1085

Осы жылдың 28 мамырында алғаш рет АҚШ-тың «KMRD-LP.FM» радиостанциясында Димаштың әндері естіле бастады. Сол күні радио тыңдармандарының саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Көптеген американдық Dears бағдарлама эфирін АҚШ-тың түкпір-түкпірінен тыңдады.

«KMRD» – Мадридтегі (Нью-Мексико) танымал радиостанция, онда штатқа әйгілі жалғыз диджей Трифтидің (DJ Thrifty) бағдарламасы таралады. Бағдарлама күн сайын тау уақытымен сағат 21:00-де (Нұр-Сұлтан уақытымен 9:00-де) әуе толқынына шығады. Қазақстандық орындаушының дауысына тамсанған диджей Трифти: «Расымен де, Американың радио-эфирлерінде бұл жігітке аз уақыт бөлінеді екен, ұзарту керек», – деген. Содан бері диджей Трифти өз бағдарламасына Димаштың әндерін тұрақты түрде қосып келеді.

Димаштың алғаш рет Америка радиостанцияларына шығу тарихы 24 мамырда «Dimash USA Fan Club» фан-клубының негізін қалаушы Алиса Келлогтің кездейсоқ Шона Гринді (диджей Трифти) кездестірген сәтінен басталады. Сол күні ол Санта-Федегі, Нью-Мексико, галереяға барады. Алиса мен Шон әңгіме-дүкен құрып тұрып, Шонның сол күні туған күні екенін біледі. Алиса Келлог Грин мырзаға 24 мамырда дүниеге келген әншінің фанаты екенін айтып қалса керек, диджейдің қызығушылығы оянып, орындаушының кім екенін білуге асығады.

Алиса, тіпті, Шонға жас орындаушыны тыңдауға кеңес береді. Шонның жұбайы дереу: «Әрине, Шон музыканы жақсы көреді, ол радиода диджей» деп үлгереді. Алиса да Грин мырзаға Димаштың әнін тыңдатып үлгереді. Қазақстандық орындаушының дауысын естіген Шон оның вокалдық қабілетіне таңданысын жасырмайды. Диджейдің қатты қызыққанын байқаған Алиса бірден одан Димаштың әндерін радиоға шығаруға ұсыныс жасайды. Диджей Трифти де бірден «иә» деп келісе қояды.

Диджей Трифтидің Димаштың дауысынан есеңгірегені сол, әріптесі – «KMRD» радиостанциясының диджейіне тыңдатады. Содан соң Шон «Dimash USA Texas State» фан-клубының лидері Дана Тобуренмен сөйлеседі, ол өз кезегінде Димашты талқылау үшін диджей Гвендолин Заксуспен (DJ Gwendolyn Zaxus) байланысқа шығады.

Нәтижесінде, Гвендолин Америкада Димашты өзінің апталық екі сағаттық «Mad Talk» хабарына қосқан алғашқы ток-шоу жүргізушісі атанды. 2020 жылдың 17 маусымында оның хабарында қазақстандық орындаушының алты әні естілді. Гвендолен өз хабарының 45 минутын Димашқа арнады.

Нью-Мексикодағы жетістікке масаттанған «Dimash USA Fan Club Texas State» фан-клубының лидерлері Дана Тобурен мен Сири Тардифф 28 мамырда өз штатындағы радиостанциялармен байланысқа шығып, Димаштың әнін қосу туралы ұсыныстар жасады.

2020 жылдың 18 маусымында диджей Кан Йери де қазақстандық әншінің дауысына шын тамсанғанын жасырмады. «KKDA 730 AM» (DKnet.com) радиосындағы өз хабарында ол Димаштың Даллас-Форт-Уэртедегі (Техас)  «All by Myself» әнінің кавер-нұсқасын қосты. Оның сөзінше, американдық диджейлер қазақстандық әншімен таныстырғаны үшін фанаттарға ризашылығын білдіріп отырады.

Қазірде Димаштың АҚШ-тағы көптеген фан-клуб топтары сүйікті орындаушыларының әндерін өз штаттарындағы радио толқындарына шығару үшін белсенді жұмыс жасап келеді. Бүгінде Американың радиостанцияларында Димаштың «SOS d’un terrien en détresse», «All By Myself», «Give Me Your Love», «Jamaica», «Лейла», «Любовь уставших лебедей», «Across Endless Dimensions», «Love is Like a Dream», «Сағындым сені» және «Be Happy» секілді әндері қосылды.

Материал: Dimash USA Fan Club