ҚАЗ RUS ENG

ҚАЗ RUS ENG

Dimash World Музыкада шекара жоқ: Димаш Құдайберген жанр мен мәдениеттің тоғысы...

Музыкада шекара жоқ: Димаш Құдайберген жанр мен мәдениеттің тоғысы туралы лондондық «The Upcoming» басылымына сұхбат берді

Dimash World Музыкада шекара жоқ: Димаш Құдайберген жанр мен мәдениеттің тоғысы туралы лондондық «The...

Музыкада шекара жоқ: Димаш Құдайберген жанр мен мәдениеттің тоғысы туралы лондондық «The Upcoming» басылымына сұхбат берді

Лондондағы жеке концерті қарсаңында Димаш Құдайберген Ұлыбританияда шығатын «The Upcoming» журналына сұхбат берді. Бұл басылым – өнер мен мәдениет саласындағы заманауи үрдістерді, кино, музыка, театр, өмір салты мен саяхат тақырыптарын қамтитын, белсенді жас оқырманға арналған мәдени журнал.

Әлемге әйгілі қазақ әншісі, композитор әрі мультиинструменталист Димаш Құдайберген кең диапазонға ие даусымен, сондай-ақ, жанрлық шектеулерді бұзатын, мәдени және тілдік кедергілерді жоятын өнерімен көрермендердің жүрегін жаулап үлгерді. 12 қарашада Лондонда өтетін OVO Arena Wembley концертінің алдында Димаш өзінің шығармашылық жолы, «Stranger» турының артында көрінбей тұрған қаншама еңбектің бар екенін және музыка арқылы Шығыс пен Батысты қалай тоғыстыратыны туралы айтып берді. Сұхбат барысында ол өзінің қахақьың қанында бар «шекарасыз шығармашылық» философиясы мен оның музыка өнері туралы ой бөлісті.

Концертіңіз қарашада Лондондағы OVO Arena Wembley стадионында өтеді. концертіңіз туралы айтып өтсеңіз. Лондонда, әсіресе Уэмбли аренасында өнер көрсетудің сіз үшін, сіздің мансабыңыз үшін қандай маңызы бар? 

– Бұл менің Лондонда алғашқы жеке концертім емес, бірақ Сіз дұрыс айттыңыз – менің шығармашылық жолымдағы бұл кезеңнің мәні ерекше.
2018 жылы 23 жасымда «Indigo at The O2» клубында 3000 адамдық концерт беру – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі тарихи сәт болды. Бұл – менің елім мен тыңдармандарыма деген борышым еді.
Сегіз жыл өтті. Қазір сахна да, көрермен де кеңейді. Менің Dears атты отбасыма әр түрлі елден қолдаушыларым қосылды. Ал мен халықаралық тәжірибе жинадым. Бірақ қызығы сол – жетістіктерім мен марапаттарым көбейсе де, сахнаға шығар алдындағы толқу мен жауапкершілік ешқашан азаймады.

Сондықтан Wembley аренасында өнер көрсету – менің өмірімдегі жаңа әрі маңызды белес.

Сізбен және сіздің өнеріңізбен таныс емес кейбір Ұлыбритания оқырмандары үшін Сіз өзіңізді әртіс ретінде қалай сипаттайсыз?

– Мен өз музыкамды белгілі бір қалыпқа сыйдыруға тырыспаймын. Керісінше, шектеулерден қашамын.

 Менің ойымша, концертіме алғаш келген әр тыңдарман өз жүрегіне жақын әнін табады. Біздің бағдарламамыз – түрлі жанр мен мәдениетті біріктіретін, түп-тамырымыз бен бүгінімізді байланыстыратын тұтас бір тарих.

Концерт « Stranger » / «Бейтаныс» деп аталады. Бұл сөз концерттің контекстінде сіз үшін нені білдіреді? Сондай_ақ, Лондондық көрермендер бұл тақырыпты қалай қабылдайды деп ойлайсыз?

– Бұл шоу атауын менің репертуарымдағы Игорь Крутойдың «Stranger» әнінен алынған еді.

«Stranger» сөзі бірнеше мағынаны білдіреді. Ал бұл контексте жаңа жерлерді, жаңа әлемдерді ашуға ұмтылған жолаушы, ізденуші бейнесіне жақын. 

Басында көрермен үшін мен бейтаныс адам болармын, бірақ концерттің алғашқы сағатында-ақ біз танысқа айналып кетеміз (күлді).

Сіз бірнеше тілде ән айтасыз. Белгілі бір әнге немесе көңіл-күйге қай тіл сәйкес келетінін қалай шешесіз? Белгілі бір тіл сіздің интерпретацияңызды немесе әннің орындалуын өзгертіп жіберген кездер болды ма?

– Әрине, мәтін әннің мәнін айқындайды. Кейбір шығармаларымның бірнеше тілдегі нұсқасы бар. Мысалы, бастапқыда қытай тілінде жазылған «Let It Be» әнін қазір қазақ тілінде орындап жүрмін.

Алайда кейде мәтінді тура аударудың да қажеті жоқ. Мәселен, қазақтың халық әні «Дүрдараз» – нәзік сезімдер туралы туынды, бірақ біз оны рок аранжировкада өзгеше қырынан ұсынамыз. Осындай шығармашылық ізденістер мені шын шабыттандырады.

Сіздің шығармашылығыңыз опера, поп, рок, фольклор, рэп және тағы да басқаларымен тоғысып жатыр. Музыкалық сәйкестікті жоғалтпай, осы стильдердің барлығын қалай біріктіруге болады? Кейде жанрлар арасындағы шиеленісті сезінген сәттеріңіз болды ма?

– Керісінше, бұл менің музыкалық табиғатымның бір бөлігі. Мен ешқандай ережеге байланбаймын.

26 жыл бойы музыкалық білім алып келемін, әлем мәдениеттеріне қызығушылығым зор. Сол себепті кейде бір қарағанда бір-біріне үйлеспейтін элементтерді тоғыстырып, жаңа форма да жасауға тырысамын.

Сіздің бірнеше октаваны қамтитын кең вокалдық диапазоныңыз жұртты таңқалдырады. Осыншама гастрольдік сапарлар мен қарқынды қойылымдар кезінде даусыңызды баптап, қалай сақтауға болады?

– Гастроль кезінде концерттер арасындағы демалыс өте маңызды. Ал сахнаға шығар алдында мен міндетті түрде физикалық және вокалдық тұрғыда дайындық жасаймын.

Сізді көбінесе Шығыс пен Батыс арасындағы музыкалық көпір деп атап жатады. Сіздің шыққан ортаңыз сіздің музыкаңызға қалай әсер етеді? Үйіңізден жырақта жүрген кездерде өзіңіздің жеке тұлға ретінде ерекшелігіңізді сахнада қалай көрсетесіз?

– Менің әр концертімде өзімнің және әріптес комозиторлардың жазған қазақ тіліндегі дәстүрлі де, заманауи да әндері орындалады.

Музыка – халықтың мәдени коды деп есептеймін. Ол арқылы біз өз ұлтымыздың болмысын, рухы мен ерекше дүниетанымын әлемге жеткізе аламыз.

Сіз ән жазғанда немесе таңдағанда, сіз үшін бастысы не? Әуен бе, мәтін бе, сүйемелдеу ме, эмоционалды идея ма? Немесе бұл процесс уақыт өте келе өзгеріп отыра ма?

– Эмоция – бәрінің бастауы. Кейде ескі бір әнді естіп, жүрегіңде бір сезім оянып, соның әсерімен жаңа туынды да дүниеге келеді.

Кейде өмірде болған бір оқиғаның әсер еткені соншалық, тіпті оны музыка арқылы жеткізгің келетін сәттер де болады.

Әр түрлі жанрлар мен дәуірлердегі әртістердің арасында сіз бірге жұмыс істегіңіз келетіндер өнер адамдары бар ма?

– Бала күнімде барлық балалар сияқты мен де «осы әншімен бірге ән салсам ғой…» деп армандайтынмын. Әрине, барлық арман орындала бермейді, алайда кейбір армандар уақыт өте өзгеріп отырады екен.

Мен Пласидо Доминго, Хосе Каррерас, Андреа Бочелли, Лара Фабиан, Джеки Чан және Игорь Крутой сияқты тұлғалармен таныс болғаныма өте қуаныштымын.

Алда тағы қандай кездесу күтіп тұрғанын – уақыт көрсетеді, оны өзі де білгім келіп тұрғаны… (күлді).

Шетелде өнер көрсетіп жүргенде, көрермендер көп жағдайда сіздің ана тіліңізде сөйлемейді. Тілдік немесе мәдени кедергілерге қарамастан, тыңдармандарыңызбен қалай жылдам тіл табысып кетесіз?

– Иә, менің халықаралық тыңдармандарымның көбі қазақ тілін білмейді. Сол сияқты мен де, мысалы, испан немесе қытай тілін жетік білмеймін. Бірақ мен көп уақытымды Қытайда өткіздім. Алғаш барғанда ағылшын тілін де білмейтінмін. Бұл оңай болған жоқ, бірақ біз оны жеңдік. «Біз» деп мен бұл жерде – өзімді де, аудиториямды да айтып отырмын. Сол үшін де мен өз аудиторияма ерекше ризамын.

Әрине, қазір ағылшын тілі көмектеседі, бірақ шынымды айтсам, бұл концерт үшін сонша маңызды емес. Ән айтып бастағаннан-ақ, аяқталғанша барлық кедергілер жойылып бітеді. 

Лондон шоуынан кейін болашақта қандай музыкалық бағыттар мен жобаларды қолға аласыз? Сіздің мансабыңыздың дәл осы кезеңін адамдар қалай есте сақтап қалады деп ойлайсыз?

– Иә, бұл – менің өмірімдегі жаңа кезеңнің бастауы.
2026 жылы менің алғашқы продюсерлік жобам жарық көреді – ол Қытайдың Hunan Broadcasting System телеарнасымен бірлескен жұмыс.

«Voice Beyond Horizon» жобасы арқылы біз түрлі елдің қатысушыларына Қазақстанды өз көкжиектерінен көруге мүмкіндік бердік. Менің мақсатым – көрерменнің жүрегіне туған елімнің сұлулығын жеткізу.

Барша көрермендерімді шын жүректен Қазақстанға шақырамын. Қазақстанға қош келдіңіздер!

Соңғы жаңалықтар

Музыкада шекара жоқ: Димаш Құдайберген жанр мен мәдениеттің тоғысы туралы лондондық «The Upcoming» басылымына сұхбат берді

Лондондағы жеке концерті қарсаңында Димаш Құдайберген Ұлыбританияда шығатын «The Upcoming» журналына сұхбат берді. Бұл басылым – өнер мен мәдениет...

Димаш Құдайбергеннің Dears қолдаушылары Лондонда бас қосты: қазақстандық әншінің жанкүйерлері әншінің концерті қарсаңында іс-шара өткізді

11 қараша күні, Димаш Құдайбергеннің жеке концерті қарсаңында, Ұлыбритания астанасында әлемнің түкпір-түкпірінен келген тыңдармандары жиналып, қазақ өнерпазының Лондонға көптен...

Лондондағы OVO Arena Wembley Димаш Құдайбергеннің шоуына дайын

12 қараша күні алғаш рет қазақстандық музыкант Димаш Құдайберген Лондондағы әлемдік деңгейдегі концерт алаңы — OVO Arena Wembley сахнасында...

Димаш Құдайберген CNN телеарнасына тікелей эфирде сұхбат берді

10 қараша күні, Лондонға келген сәтінде-ақ, Димаш Құдайберген CNN телеарнасының студиясына арнайы шақырылды. Еуропа уақытымен прайм-таймда көрсетілетін «What We Know...

«Stranger» концерттік туры жалғасуда – Димаш Құдайберген Лондонға келді

10 қараша күні Димаш Құдайберген 12 қарашада «Stranger» атты жеке концерті өтетін Барселонадан Лондонға ұшып келді. Әуежайда әншіні жанкүйерлері туларымен,...