ҚАЗ RUS ENG

ҚАЗ RUS ENG

Dimash World “Қазақстан - хит әндердің отаны әрі мәдени туризмнің магниті”:...

“Қазақстан – хит әндердің отаны әрі мәдени туризмнің магниті”: әлемдік ақпарат кеңістігінде Voice Beyond Horizon шоуы туралы пікірлер

Dimash World “Қазақстан - хит әндердің отаны әрі мәдени туризмнің магниті”: әлемдік ақпарат кеңістігінде...

“Қазақстан – хит әндердің отаны әрі мәдени туризмнің магниті”: әлемдік ақпарат кеңістігінде Voice Beyond Horizon шоуы туралы пікірлер

Димаш Құдайбергеннің он екі бөлімнің төртеуін эфирге шығарып үлгерген «Voice Beyond Horizon» шоуы – ірі халықаралық телеарналар мен әлеуметтік желілердегі іздеу сұраныстарының көшбасшы қатарында тұрақты орын алып отыр.

Музыкалық және тревел-форматты тоғыстырған инновациялық жоба тек Қытай мен Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарының ғана емес, байқауға қатысушы елдердің де медиа кеңістігінде кеңінен қолдау табуда. Жоба елшіліктер, туристік агенттіктер, музыка сыншылары және мәдениет және саяхат тақырыбын жүйелі түрде насихаттайтын блогерлер тарапынан көп қолдау табуда.

«Voice Beyond Horizon» — Mango TV арнасының шетел аумағында толық түсірілген алғашқы музыкалық ойын-сауық шоуы ғана емес, сонымен қатар әлемге танымал вокалист Димаштың тұтас жобаның негізгі бастамашысы ретіндегі дебюті болып саналады. «Таңдалған гид» мәртебесінде ол әртүрлі елдерден келген жас музыканттарды өз отаны — Қазақстанның мәдени кеңістігіне жетелейді. Музыка арқылы ол туған жерінің әсерлі пейзаждары мен тағылымды тарихын таныстырып, ұлттық болмыстың көркем бейнесін ашады.

Мәдениет пен туризм тоғысқан тұста жүректер үндестік тауып, 7436 шақырымға созылған ұлттық симфония кеңістігі қалыптасады. Жоба дәстүрлі байқау форматының шеңберінен шығып, ашық аспан астындағы концерт пен далалық мәдени зерттеулер элементтерін ұштастырған жаңа үлгінің бастамашысына айналды.

Сахналық көрсетілімдерден бөлек, қатысушылар базарлар мен ауылдық мекендерге, табиғат аясындағы аймақтарға сапар шегіп, жергілікті тұрғындармен тілдесу арқылы шынайы музыкалық шабыт пен өмірлік хикаяларды жинақтайды. Мұндай мәдени ортаға терең бойлау бағдарламаны Қазақстанның мәдени мұрасын, әлеуметтік кеңістігі мен дәстүрлі қонақжайлығын әлемге танытатын көпқырлы алаңға айналдырады.

Еуропадағы ең ықпалды қытайлық “European Times” атты күнделікті басылымдардың бірі осы жоба туралы былай деп жазады:

Бағдарлама «музыка + мәдени туризм» нарративтік құрылымын инновациялық тұрғыда қалыптастырып, Жібек жолының төрт таңбалы қаласын таңдап алған. Олар: Алматы — көне әрі заманауи бастау нүктесі; Түркістан — тарихи орталық; Астана — «Бір белдеу, бір жол» бастамасының жарияланған орны; Ақтау — маңызды порттық қала.

Осылайша тарихи тереңдік пен заманауи серпінді үйлестірген мәдени-туристік маршрут қалыптасады. Бұл бағыт Қытай–Орталық Азия халықаралық мәдени-туристік пойызының (Сиань–Алматы бағыты) тұжырымдамасымен табиғи үйлесім тауып, Жібек жолы мәдени-туристік ресурстарының қазіргі заманғы құндылығын бірлесе жаңғыртуға ықпал етеді.

Музыканттар сапар барысында шығармашылық шабытты жол үстіндегі тәжірибелерінен алып, мәдени зерттеушілерге айналып жатыр. «Сапар барысында ән айту, шығармашылық үдерісте жинақтау» қағидаты мәдени туризмді көркемдік өзін-өзі танытудың формасына айналдырады. Жоба камера объективі арқылы Қазақстанның табиғи сұлулығы мен бай рухани мұрасын паш етіп, көрерменге Жібек жолының қайталанбас келбетін жаңаша қырынан тануға мүмкіндік береді.

Қытайдағы музыкалық және тревел-блогерлер көктем мерекесіне қарамастан жобаға ерекше назар аударуда.

Олардың пікірінше: “Бағдарлама бастапқыда тек музыкалық ойын-сауық форматында қабылданғанымен, нақты эпизодтарда терең мәдени зерттеу мазмұны ашылады. Ұлттық дәстүрдің шынайы әрі жанды бейнесін ойын-сауық бағдарламасы аясында көру ерекше әсерлі болды. Бағдарламада қазақ халқының дәстүрлі болмысы мен терең мәдени қабаттары шынайы кинематографиялық тәсілдер арқылы айқын бейнеленеді. Халықтық қоныстардың панорамалық көріністері күнделікті тұрмыс эстетикасын және мәдени сабақтастықты әсерлі түрде таныстырады.

«Voice Beyond Horizon» жобасы Қазақстанның мәдени мәнін — құсбегілік өнерін, ұлттық ас мәзірін, музыкалық және би дәстүрлерін, тілдік ерекшеліктерін, сондай-ақ заманауи даму үрдістерін тұтас қамтиды. Бағдарламадағы аударма мәтіндер мұқият пысықталған, әрбір деталь сөз астарындағы мәдени тереңдік пен эмоциялық реңкті дәл жеткізуге бағытталған. Келесі эпизодтарды зор үмітпен күтеміз».

Аутентті музыкалық аспаптар мен әртүрлі халықтар музыкасының коллаборациясы да музыка сыншылары тарапынан айрықша қызығушылық туғызды:

Бірінші кезеңде қазақ әншісі Нұржас «Самал» композициясын орындау барысында домбыра үнін заманауи аранжировкалармен шебер ұштастырды. Ана тілінде шырқалған бұл әнде даланың салқын самалы мен сәулесінің әуезді тынысы оның вокалдық интерпретациясында терең резонанс тапты. Төртінші айналымда ол Сүгірдің поэзиялық мәтінін орындау арқылы домбыра сазы мен дәстүрлі қазақ поэтикалық-музыкалық формасының арасындағы терең симбиозға қол жеткізді. Осылайша классикалық өлең аспап ішектерінің үні арқылы жаңаша тыныс алды. Шебер Ли Юйгань атап өткендей, бұл құбылыс қарапайым музыкалық байқау шеңберінен шығып, көшпелі мәдени мұраны «тірі жеткізудің» көрінісіне айналды.

Ла Даньчжу өзінің «Миграция» атты авторлық композициясында халықтың мыңжылдық жадын, таудың асау боранын, жұлдызды аспан астындағы қоныс аударған құстар бейнесін көркем музыкалық тілмен сомдады. Оның әуедей қалықтаған биік ноталарынан тау жаңғырығы мен сапарға деген сағыныш сазы аңғарылды. Орындаушы өз шығармасына қылқобыз шеберін арнайы шақырып, жеке мелодиясын қазақтың дәстүрлі аспабының үнімен астастыра білді.

Қырғызстандық Нұр Чорпон сахнаға дәстүрлі үш ішекті аспаппен шыққанда, оның бірегей тембрі Орталық Азия даласының көркем акустикалық кеңістігін бірден жандандырды. Бұл орындау қырғыз бен қазақ мәдениеттерінің тарихи-рухани үндестігін айқындайтын көркем синтез ретінде қабылданды.

Егер осы көне музыкалық аспаптар мен олардың тарихи-мәдени үндестігі сіздің қызығушылығыңызды оятса, «Voice Beyond Horizon» жобасын тамашалауға шақырамыз. Көзімізді жұмып, ішек үніне құлақ түрген сәтте, дала жүрегінің үні ешқашан алыстамайтынын аңғаруға болады.

Ерекше туристік локацияларда ұйымдастырылған музыкалық алаңдар да шетелдік аудиторияның назарын аударып, оларды бұл мекендерді өз көзімен көріп, зерттеуге ынталандырды:

«Концерт өткен орын ерекше әсер қалдырды. Бағдарлама эфирге шыға салып, Қазақстандағы құрбымнан оның нақты орналасқан жерін сұрап алдым. Ол маған Алтын Самұрық кешенінің фотосын жіберді. Осы нысанның арқасында Орталық Азиядағы бұл қала халықаралық назардың өзегіне айналды», — деп жазды көрермендердің бірі.

Қатысушылар тілдік отбасылар негізінде топтастырылды. Олар: ағылшын және итальян тілдері секілді үндіеуропалық тілдер бір топ құраса, қытай (мандарин) тілі сино-тибеттік тармақ ретінде дара орналасты. Ал алтай тілдік тобына жататын қазақ және қырғыз тілдері бір жұпқа біріктірілді. Көптілді қатысушылар осы топтарды өзара байланыстырып, көне Жібек жолының рухы мен тарихи-мәдени моделін жаңғыртқандай әсер қалдырды”.

Шоудың төртінші эпизоды Каспий теңізі жағалауындағы концертпен ашылды. Әлеуметтік желілердегі пікірлерде авторлар өз әсерлерін ерекше эмоциялармен жеткізуде:

“Voice Beyond Horizon” жобасының төртінші эпизодының трейлерін көргеннен кейін, Қазақстанға бару туралы ой мені кенеттен баурап алды. Мен Қазақстанға бару керекпін,- дедім өз-өзіме. Бұл жолы әншілер Каспий теңізі жағалауындағы Ақтау қаласына аттанды. Трейлерде қалқымалы сахна көрсетілген сәтте ерекше толқыныс сезіндім. Сегіз орындаушы теңіз бен аспан тоғысқан кеңістікте, шексіз көгілдір айдын аясында шабыттана ән салған сәтте аспан мен теңіз біртұтас көкжиекке айналғандай көрінді.

Бұған дейін Қазақстанды теңізге шығатын жолы жоқ Орталық Азия елі ретінде қабылдап келдім. Төртінші бөлім арқылы мен Каспий жағалауының інжу-маржаны саналатын Ақтаумен таныстым. Бұл қала кең жағалауымен ғана емес, шөл мен теңіздің тоғысқан бірегей ландшафтымен де ерекшеленеді. Мұнда шексіздік пен нәзіктік қатар өріледі. Бағдарламадағы әншілер дауысы осы табиғи кеңістікпен ерекше үйлесім тапты.

Музыкалық шоуларды бұрын тек студиялық форматтағы тыңдалым мен орындау алаңы ретінде елестететінмін. “Voice Beyond Horizon” жобасының ашық кеңістіктегі кезеңдерінің ерекшелігі оның қайталанбас атмосферасында жатыр. Теңіз самалы, толқын үні, көкжиектегі бұлттар — барлығы сахналық әрекеттің ажырамас бөлігіне айналады. Мұндай табиғи ортаны студиялық жағдайға ешқашан сыйғыза алмас едік. Осындай көркем туынды жасап шығаруға болады деп бұрын-соңды ойламаппын».

Соңғы жаңалықтар

“Қазақстан – хит әндердің отаны әрі мәдени туризмнің магниті”: әлемдік ақпарат кеңістігінде Voice Beyond Horizon шоуы туралы пікірлер

Димаш Құдайбергеннің он екі бөлімнің төртеуін эфирге шығарып үлгерген «Voice Beyond Horizon» шоуы - ірі халықаралық телеарналар мен әлеуметтік...

Түркістаннан шаһарынан алған әсер әнге жалғасты – Димаш Құдайберген «Voice Beyond Horizon» жобасының үшінші эпизодын ұсынды

19 ақпанда Hunan TV және Mango TV платформаларында Димаш Құдайбергеннің «Voice Beyond Horizon» музыкалық реалити-жобасына қатысушылардың орындауындағы әндер қайтадан...

«Димаш: бір дауыс – мың ел» – Алматы қаласында халық музыкалық аспаптары көрмесінің ашылуы өтті

2026 жылы 18 ақпанда Қазақстан Республикасы, Алматы қаласындағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде «Димаш: бір дауыс – мың...

Димаш Құдайберген Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа автокөлік сыйлайды

Димаш Құдайберген ерлер арасындағы жекелей мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы атанған Михаил Шайдоровты Миланда өткен Қысқы Олимпиада ойындарындағы жеңісімен құттықтап,...

Қазақстанның Жапониядағы Елшілігінде Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлеріне арналған аспаздық шеберлік сабағы өтті

Ақпан айында Қазақстанның Жапониядағы Елшілігінде Төтенше және Өкілетті Елші Ерлан Баударбек-Қожатаевтың қолдауымен «Uly Dala Dami» атты қазақ асханасына арналған...