Латвия радиосында алғаш рет Димаш Құдайбергеннің әндері естіле бастады

1085

8 маусымда Риганың танымал «PIK 100FM» радиосында бірінше рет Димаштың «Любовь уставших лебедей» әні қойылды.

Ән маусым айы бойы кесте бойынша эфирге күніне екі рет шығып тұруы тиіс, кейін радиостанцияның плейлистінде сақталып, әрдайым әуе толқынында ойнайтын болады.

Радио «PIK 100FM» ­– 22 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан Латвиядағы ірі радиостанциялардың бірі. Қызықты және жанға жайлы форматы үшін оны «ең мейірімді радио» деп атап кеткен.

Концерттен кейін Латвия астанасы Ригада тұрғындар тарапынан жас орындаушының шығармашылығына зор қызығушылық туындады. Сонымен бірге, жанкүйерлер әншінің отаны – Қазақстанның тарихы және мәдениетімен таныса бастады, тіпті қазақ тілін үйрене бастағандар бар.

Осындай қызығушылықты байқаған латвиялық «Dimash Latvia Dears» фан-клубы қазақстандық орындаушының шығармашылығын өз елдерінде одан әрі таныта түсу армандарын орындай бастады. «PIK100FM» радиосы директорының да әншінің жанкүйері екенін білген фанаттар Димаштың бір әнін радиоға қосуды ұсынған. Келісімге қол жеткізген соң, Игорь Крутой мен Михаил Гуцериев жазған, әншінің бойтұмарына айналған «Любовь уставших лебедей» әні таңдап алынды.

Ән эфирден өткен соң, латвиялық радиостанцияны бүкіл әлем тыңдай бастады. Димаштың өнерін бағалаушылар радиоға жылы лебіздерін жиі жолдайтын болды.

Димашты Латвияда таныту жұмыстарын Dears белсенді жүргізіп келеді. Бүгін, 15 маусымда, әнші үшін Игорь Крутой мен Лара Фабиан арнайы жазған, тұсауы таяуда кесілген «Your Love» әні алғаш рет эфирден өтті. Бүгінде латвиялық тыңдармандар Димаштың қазақ тіліндегі әні радиода қашан естіледі деп тағатсыздана күтіп жүр.

Dears Латвияның өзге радиостанцияларымен серіктестік орнатуды жоспарлап отыр, тіпті, осы бағытта жұмыстарды бастап кетті.

Сонымен бірге, «Dimash Latvia Dears» фан-клубы өздерінің сүйікті әншілері үшін тосын сый әзірлеп қойыпты.

Dimash Latvia Dears Fan Club