«Бастысы – ештеңеге қарамай, толқында қалықтап тұру»: олимпиадалық ойындар жүлдегері және продюсер Илья Авербух

1273

Мәнерлеп сырғанау – әдемілігімен баурап алатын әрі, күрделі элементтерге толы болса да, нәзіктігімен баурап алатын спорт түрі. Ал көздің жауын алар мұз ұстіндегі шоуды тамашалағанда бір сәт барлығын ұмытып, назарың тек өнер көрсетіп отырған жанда болады.

Ресейлік мәдени сырғанаушы, еңбегі сіңген спорт шебері, олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, продюсер, өзінің мұз үстіндегі шоуының негізін қалаушы  Илья Авербух «DimashNews» порталына шығармашылық жолы, мұз үстіндегі шоудағы қойылымдар және болашаққа жоспары туралы айтып берді.

– Илья Изяславич, саламатсыз ба? Сіздің мұз үстіндегі шоуыңыз әсемдік пен нәзіктікке толы. Көріп отырып, әр қойылымға қанша күш, еңбек пен жігер жұмсалғанын байқауға болады. Өзіңіздің шығармашылық жолыңыздың қалай басталғаны туралы айтып беріңізші.

– Армысыз! Жоғары бағаңызға алғыс айтамын. Мен үшін көрерменнің мұз үстіндегі шоуды көріп отырып ләззат алып отырғаны маңызды. Егер шығармашылық жолым туралы айтатын болсақ, менің өмірімді қазіргі таңда екі бөлікке бөлуге болады. Алғашқысы – менің спорттағы карьерам. Бұл салада аз жетістікке қол жеткізбедім, сол үшін де мақтанамын. Иә, айтпақшы, мен әдейі «аз жетістік емес» деп саналы түрде айтып отырмын, олимпиада ойындарының басты медалін жеңіп алмасақ та, Ирина Лобачева екеуміз әлем, Еуропа чемпиондары, олимпиада ойындарында күміс жүлдегер атандық. Меніңше, бұл жеткілікті түрде жоғары көрсеткіш. Спорттағы карьерам аяқталған соң басталған менің өмірімнің келесі бөлігі әлі күнге жалғасып келеді. Сол кезде өзімнің жеке мұз үстіндегі шоуымды ашуды жөн көрдім. Міне, 16 жылдан бері осы бағытта еңбектеніп келемін. Осы уақыт аралығында үлкен жол салдым деуге болады. Ертең не боларын білмесем де, сенімді түрде болашаққа қадам жасадым. Бастапқыда гала-концерт секілді мұзды шоулар ұйымдастырып жүрдім. Кейін «Мұз үстіндегі шоу» атты телевизиялық жоба жасау жөнінде ұсыныс түсті. Онымыз керемет жетістікке жетті, нәтижесінде «Мұз дәуірі» деген атаумен 12 ғажап маусымға жалғасты. Үлкен спектакльдер әзірледім, олар театр сыйлықтарына ие болды. Біз қойған қойылымдар қатарында «Үлкен қаланың жарықтары», «Ромео мен Джульетта», «Кармен» бар. «Ромео мен Джульеттаны» тіпті италияның Арена-ди-Верона сахнасында қойдық, бұл өз кезегінде біздің компанияның қалыптасу жолындағы үлкен саты болды. Продюсерлік жолымда әлемнің түкпір-түкпірінде мыңдаған шоу ұйымдастырылды. Сонымен бірге, үлкен шаралардың режиссері ретінде өте көп еңбектенемін. Мәселен, Олимпиада ойындарының блоктарының бірінде, Сочидегі олимпиаданың ашылуында режиссер болдым. Красноярскіде өткен Универсиаданың ашылу және жабылу салтанатында қоюшы режиссер болдым. Көп еңбек еттік, сонымды мақтан етемін.

– Жеке шоуыңызды ашуға не түрткі болды?

– Спорттағы карьерасын аяқтаған кез келген спортшы әрі қарай немен айналысатынын ойластыра бастайды. Мен де, әрине, солай жасадым. Шығармашылықпен айналысқым келді, бірдеңе жасағым келіп тұратын. Мұз үстіндегі бидің хореографы болғым келді, өйткені, өзімнің шоуларымда тек продюсерлік етіп қоймаймын, сонымен бірге, мәнерлеп сырғанаушы балаларға хореографияны өзім әзірлейтінмін. Менің карьерамның маңызды құрамдас бөлігінің бірі осы. Бұл үлкен сезім сыйлайды, қаншама эмоциялар, ұмытылмас әсер. Осындай сахналық қойылымдарды көріп отырып, жарқын эмоциялар есебінен, мен бәлкім, табыстарға жетіп жатқан болармын.

– Үлкен шоуларды ойластыру – үлкен қажырлылықты қажет ететін жұмыс. Ондай күшті қайдан аласыз?

– Бұрын қолға алмаған, маған дейін де ешкімнің ойына келмеген дүниелерді жасағым келіп тұрады. Толқынға қарсы тұру, өзіңді сақтап қалу, құлап кетпеу – менің мақсатым әрі менің мотивациям. Шынымды айтсам, бұл өте ауыр бизнес. Менде жеткілікті түрде үлкен компания, сонымен бірге бірқатар қиыншылықты бастан өткеріп жатырмыз. Дәлірек айтсам, коронавирус дерті пандемиясы салдарынан көп зардап шектік. Әрине, мен сынып кетпеймін, ештеңеге қарамай, әрі қарай жұмыс істей береміз.

– Әлемде спорттің көптеген түрі бар, бірақ сіз мәнерлеп сырғанауды таңдапсыз. Несімен қызықтырды?

– Мәнерлеп сырғанауға мені ата-анам әкеліп тапсырды. Алдымен, бұл анамның бастамасы болатын. Оның мәнерлеп сырғанауды қалай жақсы көретінін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жақсы көргені соншалық, бес жасқа толар-толмастан, мені мәнерлеп сырғанауға алып барды. Расында, мен спорттың бұл түрін бірден жақсы көре қоймадым. Бір жағынан ұлдар баратын спорт емес деп ойладым. Алайда, жылдар өте мұзға деген ынтығым арта түсті, тіпті онсыз өмір сүре алмайтын болғандаймын. Бүгінде, анама осындай жолға түсіргені үшін алғыстан басқа айтарым жоқ.

– Мұзға шыққанда қандай сезімде боласыз? Бұрынғы эмоциялар сақталды ма, әлде, өткенде жай қабылдайсыз ба?

– Бүгінде мұзға тек режиссер ретінде шығамын. Әрине, жаңа қойылымдар әзірлегенде қатты толқисың. Көрерменге ұнай ма деп уайымдайтының тағы бар. Халық жақсы қабылдайды ма екен деп ойлайсың. Мұның барлығы, әрине, үлкен эмоциялар. Ал мәнерлеп сырғанаушы ретінде өнер көрсетуді аса сағына қоймадым. Онсыз да менің өмірім мұз үстінде өтіп жатыр ғой.

– Сіздің қай өнеріңіз есіңізде көбірек сақталды?

– Әрине, әрдайым еске алып отыратыным – олимпиада, олимпиада ойындары. Менің өмірімдегі ең маңызды турнир. Ал жеке өзім әзірлеген қойылымдарға келер болсақ, олар «Кармен» және «Ромео мен Джульетта», сонымен қатар, Красноярск қаласындағы Универсиаданың ашылу салтанаты. Меніңше, өмірімдегі үлкен белестер осылар. Сонымен бірге, мен үшін барлық қолға алған жобаларым маңызды. Әрқайсысы өзімнің туған балаларым секілді. Жауапкершілігі де жоғары.

– Жеке бағдарламалар жасау, музыка таңдау, оған би дайындау секілді жұмыстар қаншалықты ауыр? Көп уақытыңызды ала ма?

– Әрине, олардың әрбірі өз алдына үлкен оқиға. Алдымен би идеясы туындайды, оны сахналағым келеді. Бидің идеясына толықтай сәйкес келетін музыка табуым керек. Бұл, әрине, оңай емес, дегенмен, өте қызық. Ал қойылымның өзі аса көп уақыт алмайды. Мәселен, спектакльдер 2-3 ай қойылады, ал қойылым әрі кеткенде бірнеше күн уақыт алады. Бұл ретте сенің ойың мен орындаушының шығармашылығы сәйкес болу керек. Юлия Липницкаяның Сочидегі Олимпиадада орындаған «Шиндлер тізімі» бағдарламасының қоюшы режиссерімін. Сонымен бірге, үш жыл Евгения Медведевамен табысты еңбек етіп келемін. Әуесқой спорттағы бағдарламалар қойылымдары да мен үшін аса маңызды. Менің қызметімдегі тағы бір бағыт осы, ол да өте қызықты.

– Көп жұмыс жасайсыз! Оған қалай үлгересіз?

– Иә, жұмысқа көп уақыт бөлемін, маған қатты ұнайды. Үнемі қозғалыс үтсінде, драйв, сезімдер мен эмоциялар, шегі жоқ оқиғалар. Меніңше, бұл жерде, бастысы – ниеттің болуы. Егер ниет болса, барлығына үлгеруге болады.

– Ал енді өзіңіздің «Мұз дәуірі. Балалар» жобаңыз туралы айтып берсеңіз. Сіз онда тек продюсер емес, балалардың жанашыр бағыт көрсетушісісіз. Балалармен жұмыс істеген қалай екен?

– Бұл жоба мен үшін өте ерекше, өте маңызды. Бұл менің «ноу-хоуым» десе де болады. Меніңше, бұл шоудың әлем бойынша баламасы жоқ. «Мұз дәуірі. Балалар» жобасы үшін екінше рет продюсер ретінде ТЭФИ статуэткасын алдым. Меніңше, бұл үлкен жетістік. Алғашында көпшілік бұл жобаға аса сене қоймады, оның болашағына күмінмен қарады. Алайда, жоба өзін ақтады. Балалармен жұмыс істеу оңай емес. Үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Үлкен тәуекелге бел будық. Өкінбейміз. Меніңше, біздің жобаға қатысқан балалар көп жетістікке қол жеткізді. Болашақта мұндай жобалар біздің телеарналарда да пайда болады деп сенгіміз келеді. Бұл жоба тек көңіл көтеруді көздемейді, сонымен бірге, арқалаған әлеуметтік жүгі де жоқ емес. Балаларды жетілдіруге септігін тигізеді, ал біз үшін мәнерлеп сырғанау спортын танымал ете түседі.

– Димаштың әуеніне қойылған қойылымдарыңыз туралы айтып берсеңіз. Әншінің музыкасына жоба әзірлеу оңай ма? Жұмыс барысында қиындықтар туындамады ма?

– Димаштың орындауы, Игорь Крутойдың әндері мұз үстіндегі өнерге сұранып тұр. Әндерін тыңдап отырып, көз алдыңа болашақтағы мұз үстіндегі би өнері елестеп кетеді. Димаштың бірге жұмыс жасаған сәттерді еске алып отырамын. Димашқа биік шыңдарды бағындыруға тілектеспін. Игорь Крутойдың мерейлі кешінде барлығымыз мұз үстінде керемет әсерде жүріп өнер көрсеттік. Димаштың композиияларына қойылым әзірлегенде толассыз энергия келіп жататын. Алда әлі талай бірге жұмыс істейміз деп сенемін. Бүгінде өнерлі жұп Евгения Тарасова мен Владимир Морозов «S.O.S» әнімен жұмыс істеп, дайындықтарын жалғастырып жатыр.

– Қандай музыкаға қойылым әзірлеген ұнайды?

– Көбінесе терең эмоционалды және сезімге толы драма бағдарламар ұнайды. Меніңше, кез келген қойылым адам жүрегіне жол таба білу керек сияқты.

– Өміріңіздің қай бөлігін көп жағдайда мақтан тұтасыз?

– Бәлкім, спорттағы карьерамды аяқтаған кезде өзімді таба білгенім шығар, мұз үстінде алып империя құрғаным шығар. Бүгінде көптеген ізбасарларым маған алғысын жаудырып келеді. Бұдан артық не керек деп ойлаймын.

– Армандарыңыз бар ма?

– Менің ең үлкен арманым – жеке «мұзды» стационарлы театр, онда әр мәнерлеп сырғанаушының өз баспанасы болса деймін. Әрине, мұның барлығы, арман. Ал, екіншісі, ештеңеге қарамай, өзіңді әрі қарай іздеу. Қазірде не қажет, соның барлығына уақыт табу. Соның ішінде өз гармонияң үшін көңіл бөлу. Оны тек жұмыстан іздемей, күнделікті өмірден де табу.

– Сіз қалай демаласыз? Қандай демалыс түріне басымдық бересіз?

– Саяхаттағанды қатты жақсы көремін. Бұрын бармаған мемлекеттерге, бұрын болмаған қалаларға саяхаттағым келеді. Жер бетінде ел де, қала да көп, бәріне барғым келеді. Барлығын көргім келеді. Қазір пандемия кезінде көп уақытымды қала сыртында өткізіп келемін, табиғат аясын жақсы көремін.

– Кішкене қолыңыз қалт еткенде алдымен немен айналысар едіңіз?

– Бос уақытты сағынып қалдым деп айта алмаймын. Тек жер шарының бір бұрышынан екінші бұрышына жолға шыққанда кішкене босаңсып қалатын сияқтымын.

– Сіз Қазақстанда «Кармен» және «Щелкунчик» мұзды шоулар қойдыңыз, көрерменге ұмытылмас әсер сыйладыңыз. Қазақстанға спектакльдеріңізбен тағы келу жоспарыңызда бар ма?

– Иә, мүмкін болса, тағы бірнеше рет барғымыз келеді. Қазақстанда бізде жылы қабылдайды, өнер көрсеткен сайын жақсы әсерде қаламыз. Барлығы қалпына келіп, пандемиядан өтсек, Қазақстанға міндетті түрде тағы барамыз.

Қызықты сұхбатыңызға үлкен рахмет!