Беримбау капоэйрасының жүрегі

1566

Әр елдің еш дүниемен салыстыруға келмейтін әсем әуені болады. Контрастар, ойнақы ырғақ, самба дүрсілдері елі саналатын Бразилияда музыка әрқашан маңызды рөлге ие. Бүгін біз Сіздерді бразилиялық керемет беримбау аспабымен таныстырғымыз келеді. Оны тыңдаған жанды таңқалдырар дыбыс күн шуақ Бразилияға әкеткендей болады.

Беримбау – тарихы Бразилияның ұлттық жауынгерлік капоэйра өнерімен тығыз байланысты жалғыз ішекті ұрмалы музыкалық аспап.

Бразилия мәдениеті бай және сан алуандығымен ерекше. Португал басқыншылары және әлем елдерінің мыңдаған иммигранттары мәдениетінің үндесуінен пайда болған. Кең тараған танымал Бразилия музыкасының қалыптасуына өзінің ғажап, ештеңеге ұқсамайтын, еліктемейтін, ырғақты үнімен ерекшеленетін африкалық мәдениет ықпал етті.

Бразилияда тамырын тереңінен жайған африкалық мәдениеттің бірі әлемге әйгілі капоэйра. Бұл музыка, би және жекпе-жектен құралған ұлттық күрес түрі.

Бразилиялық жауынгерлік күрес өнерін 17 ғасырда африкалық құлдар қалыптастырған. Сол уақытта капоэйра бас бостандығынан айырылғандардың плантация қожайындарына қарсы күрес пен қарсылық формасы саналатын. Жауларына кез келген жекпе-жек түрін қолдануға тыйым салынғандықтан, құлдар жауынгерлік қимылды музыка және бимен жасырған. Осылайша, капоэйра пайда болған екен. Өнер ретінде джиу-джитсу мен рестлинг элементтері ұштаса келе, өткен ғасырда қалыптасты деуге болады.

Әдетте капоэйра әнмен, әуенмен (соло немесе хормен), шапалақ және музыкалық беримбау аспабымен, дабыл және дәстүрлі африкалық атабеке барабанымен сүйемелденеді. Беримбау капоэйра кезінде шайқасқа темп беретін, ойын стилін бақылауға мүмкіндік беретін басты музыкалық аспап. Шайқас алдында капоэйрашылар осы музыкалық аспапқа құрмет көрсетеді. Бразилияда көпшілік беримбауды киелі аспап санайды.

Беримбау иілген ағаштан жасалады, ұзындығы 1,50-1,70 метр шамасында, негізі ретінде кабаса (әуезді үн шығаратын асқабақ) пайдаланылады.

Музыкалық аспапты сол қолмен ұстау керек, дыбысты қысыңқы шығару үшін добрау (тас немесе тиын) пайдаланылады. Ал оң қолмен шекті тартып, дауысын шығарады. Кейде виртуоздар беримбау аспабымен бірге кішкентай шылдырмақ – кашиши қолданады.

2014 жылдың 26 қарашасында ЮНЕСКО капоэйраны ресми түрде материалды емес мәдени мұра деп таныды. Би мен музыканы ұштастырған бұл шайқас түрі әлі күнге дейін Бразилияның Баия штатында өткізіліп тұрады. Капоэйрамен айналысу арқылы Бразилия халқы өз елінің басқыншылық тарихын жадынан шығарған емес.