«TODES» – әдемілігімен адамның жүрегін елжіретіп, еліте білетін би әлемі. Бишілерді қанатының астына алып мәпелеген, бірнеше буын талантты үлкен өнер әлеміне алып шыққан ұжым қазіргі таңда жаңа да ғажап туындыларымен қуантып келеді. Құшаққа сыймайтын би әлеміне шабыт сыйлаушы әрі жүрегі саналатын танымал хореограф Алла Духова «DimashNews» редакциясына өзінің шығармашылық жолы мен «TODES» би ұжымының құрылу тарихы туралы айтып берді
– Алла Владимировна, осы бір ғажап та қайталанбас би әлемінің есігі сізге қалай ашылды? Шығармашылық жолыңыз неден басталды?
– Бұл керемет әлем мені анам Латвия ұлттық операсының аңызға айналған «Аққулар көлі» балетіне апарған кезден басталды. Ол кезде мен небары 4 жаста едім, өмірімде қанша жағдай өтсе де, дәл сол балет кеші күні кешегідей көз алдымда сақталып келеді. Мені ол кезде барлығы таңқалдырды: грация, музыка, естен кетпес пачки әдемілігі, пуанталар, сахнадан ескен осы ұлылықтың барлығы залға сезіліп тұрды. Сол бір сәттен бастап мені айнадан ешкім ажырата алмады. Әрбір бос минутымда айнаның алдында би қимылын жасап тұратынмын. Кеңес телевидениесінде негізінен ғұлама бишілер шоқтығының орындауындағы балет биін көрсететін. Кішкентай болсам да, мен үшін мұның барлығы ғажап көрініс болатын. Тура мағынасында да, жанама мағынасында да би әлеміне алғашқы қадам жасалды деуге болады. Бала кезімде ата-анам мені музыка мектебінің фортепиано бөліміне берген болатын, ал көрші кабинетте балет класы болды. Есігі үнемі ашық тұратын. Содан, сабағым аяқталған бойда мен коридорда әлгі балет кабинетінің есігіне қарсы орындыққа отырып алып, бишілердің қимылын қадағалап отырдым. Анам Мәдениет үйінде жұмыс істеді, сондықтан мен оны сағаттап күтіп отыратынмын. Ал үйге келгенде есімде қалған қимылдардың барлығын айнаның алдында тұрып қайталайтын едім. Анамнан мені биге беруін қатты өтінетінмін, содан мені аяп кеткен сыңайлы. Осылайша, менің шығармашылық жолым «Ивушка» би ұжымынан басталды.
– Алғаш рет станокта тұрғанда қандай сезімде болдыңыз?
– Меніңше, ол сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір сәтке қанат бітіп, кеудемді от кернеген сияқты болды, жан жүрегім лаулап жанып жатқандай күй кештім. Билеудің маған қатты ұнағаны сол, бар күшімді еш аямаған шығармын. Алғашқы сабағыма жаңа ассистенттің келіп, біреуге ескерту жасағаны есімде. Ұстазым ескерту маған жасалды деп ойласа керек, ал мен сабаққа алғаш келіп отырғанымды түсіндіре бастадым. Сол кезде әлгі жігіттің көзі ұясынан шығып кете жаздап: «Мен оған ескерту жасамадым. Бірінші күн дегені несі?! Мүмкін емес!» деп қалды. Демек, айнаның алдында өткізген күндерім маған тек пайдасын тигізді.
– Кейде басқа бір нәрсемен айналысу керек еді деген ойлар мазаламады ма?
– Өткенге көз тастай отырып, олай болмағанын түсінемін. Болашақта кім боламын деген ой ешқашан мазаламады. Өйткені, станокқа алғаш тұрғанымда, небары төрт жасымда концерт залында биші жолын таңдайтыныма сенімді болдым. Ол кезде Ригада «хореограф» мамандығы бар институт болмады, сондықтан, Санкт-Петербург қаласындағы мәдениет институтына құжаттарымды тапсырмақ болдым. Алайда, 10 сыныпта оқып жүргенімде бізге қалаға Анатолий Корниловтың әйгілі циркі келді. Мен оның қызы Таямен достасып алдым, қазірде Тая Ресейдің халық әртісі. Тая Корнилова біздің мектепте оқыды, біз тез тіл табысып кеттік. Мен оларға циркке барып жүрдім, ал ол менің сахнадағы биімді көруге асық болды. Бірде Тая маған: «Алла, біздің циркке келсеңші» демесі бар емес пе?! Бұл идея маған, әрине, қатты ұнады. Алайда, ата-анама жаға қоймады. Таяның ата-анасы маған қарайласатындарын айтып, әке-шешемді көндірді. Ата-анам көнді, мен цирктің жұмыстарымен жол жүріп кеттім. Репетицияларым басталды, маған ғажап цирк әлемі ұнады. Осында ұзақ уақыт қаламын деп ойладым, алайда… Бір күні спектакльдердің біріне шығар кезде аяғымды сындырып алдым. Қатты сынғаны сол, біраз уақытқа дейін жазылып болмады. Болмаған соң, сүйегімді шығарып, орнына қайта салды, гипстеп тастады. Қысқасы, сынған аяғыммен біраз уақыт жүріп қалдым. Ұзын сөздің қысқасы, циркті тастауға тура келді. Осымен өмір аяқталды деген ой келді, бимен де қош айтысуға тура келді деп ойладым. Болашағымды еш елестете алмадым, алайда, тағдыр өз дегенін жасамай қоймайды екен.
– Би өмірімнің мәні деп жүргенде жарақат алу – моральдық тұрғыдан өте ауыр соққы болған шығар. Басқа түскен қиындықтарға қарамастан, арманыңыз үшін әрі қарай күресуге күшті қайдан аласыз?
– Би – бар өмірімнің мәні болғандықтан да, етек-жеңімді жиып, алға жылжуыма себепші болды. Биге деген махаббат, еңбекке деген махаббат. Менен жақсы бишінің қандай қыры болу керек деп сұрағанда, ойланбастан өз ісіңе деген махаббат деп жауап беремін. Содан кейін ғана қабілеті мен талант айтуға болады. Өйткені, таланты болмаса да, керемет бишілер дүниеге келіп жатыр. Би – менің тағдырым. Осыны сездім, сынып кетпедім. Жазда пионер лагеріне баратынмын, онда түрлі шаралар өтетін. Лагерьдің әйгілі болғаны сол, шетелден арнайы делегация келетін. Мен өз тобымда өнер көрсететінмін, лагерь жетекшісі мені байқаған сияқты. Ол бір жағынан Ригадағы мәдениет үйінің басшысы да еді. Мені жұмысқа шақырды. Қуана келістім. Алайда, бір талабым болды: егер команда жинауға рұқсат берсе, мен жұмысқа баратын болдым. Келісім берді. Құрбыларымды жинап, дайындықты бастап кеттім. Кейін А.С.Попов атындағы Мәдениет үйіне ауыстық, «Эксперимент» деп аталдық. Ол уақытта дискотека, түрлі фестивальдар сән болатын. Біз өнер көрсетеміз, үнемі бірінші орындарды иелендік. Сөйтіп, заманауи би бойынша танымал ұжымға айналдық. Осылайша, «ТОДЕС» би ұжымының тарихы 1987 жылдан бастау алды.
– Бүгінде «ТОДЕС» – әрбір адамға, тіпті, биден хабары жоқ жандарға да жақсы таныс аты аңызға айналған би ұжымы. Барлығы қалай басталды, айтып беріңізші? Биіктерге қол жеткізу үшін қандай жұмыстар жасалды?
– Біз брейк-данс фестивальдерінің бірінде Санкт-Петербургтен «ТОДЕС» ұжымындағы жігіттермен таныстық. Біздің «Эксперимент» пен олардың «ТОДЕС-ін» біріктіру арқылы кәсіби жұмыс істеуге ұсыныс жасады, біз қуана келістік. Осылайша шығармашылық жолымыз басталып кетті. Елде заманауи хореографиямен алғаш айналыса бастаған біз болдық. Рига портты қала болғандықтан, биге қатысты видеолар алғаш бізге жететін. Біз фонограммалар іздестіре бастадық. Егер музыкада шетел вокалы болса, мәтінді аударып, барлығын заңдастырып алатынбыз. Көп оқыдық, жұмыс істедік, тәжірибе жинақтадық. Бізді Мәдениет үйінің директоры жақсы қабылдады, тіпті, жақсы жабдықталған хореографиялық залды пайдалануға беретін, ол үшін, әрине, алғысымыз шексіз. Уақыт өте келе Мәскеуге көшу керектігін түсіндік. Оның үстіне біз әжептәуір танымал болып қалдық. Біз жеке жұмыс істедік, әрдайым гастрольдік сапарда жүрдік, кейін бізді шоу-бизнес өкілдері жұмысқа шақыра бастады. Ол кезде барлығы 14 адам болдық. Мәскеуге ауыстық, пәтер жалдап тұрдық, жұмысымыз да басталып кетті. Қаланың жылдамдығына әрең үйрендік. Бізде ақша болмады, тұрмысымыз да мәз емес еді, алайда бақыттан басымыз айналып жүрді. Тоғыз адам бір пәтерде тұрдық, кезектесіп үй жинаймыз, тамақ пісіреміз. Кешке шырақтың айналасында жанға жайлы әңгіме-дүкен құратынбыз. Бір-бірімізді күнде көріп жүрсек те, айтар әңгімеміз таусылмайтын. Шығармашылық жолымыз оңай болмады, биікке жету үшін ұзақ жүрдік. Асқар шыңды бағындырдық деуге болады. Оның үстіне, барлығымыздың аузымыз бір, бақытты едік.
– Неліктен қыз-жігіттермен Санкт-Петербургтегі «ТОДЕС» ұжымының атауын қалдырдыңыз?
– Бір ұжымға біріккенде, әрине, жаңа атау ойластыруға болатын еді. Бірақ, ойымызға ештеңе келе қоймады. Сол уақытта қалай қиналғанымызды білсеңіз ғой! Ортақ шешімге келе алмадық, афишаны ілетін уақыт та тақап қалды. Сол кезде Солтүстік-Осетиялық филармонияның директоры: «Маған ұнайды! «BEATLES» пен «QUEEN» бірігіп, ешқандай атау ойластыра алмады! Болды. «ТОДЕС» деп жазамыз. Сөйтіп, мәселе шешімін тапты, оған алғысымыз шексіз. Солай болғаны да жақсы шығар!
– «ТОДЕС» би ұжымы ретінде бастады, бірте-бірте жас таланттарға есігін айқара ашқан үлкен әлемге айналды. Мектеп ашу туралы ой қайдан келді?
– Сұраныс артқан сайын мектептің қажет екенін түсіне бастадық. Бір мезгілде екі жақтап жүрудің қиындығын сезінген соң, қатарымызды толықтыру керек деген ой келді. Ол уақытта заманауи хореография әлі дамымаған кез, сондықтан, осыған дейін басқа стильде өнер көрсетіп келген бишілерімізді қайта үйретіп алуға тура келді. Алайда, оның өзіне де көп уақыт керек болды, сондықтан өз бишілерімізді жаңадан бастап үйретіп алу керек деп шештік. Біз Ригадан, балалар Санкт-Петербургтен, ал Мәскеу ортақ үйімізге айналды. Сол себепті, мектептерді дәл осы қалалардан ашу керек деген шешімге келдік. Қазір біздің мектептердің ашылғанына 20 жылдан асып барады, екі дәуірдің бишілерін тәрбиелеп шығардық, әлемдегі ең ірі би мектебі желісі ретінде Гиннес рекордтары кітабына ендік. Бүгінде 120 мектебіміз бар.
– Алла Владимировна, жай ғана биші емес, сонымен қатар би нөмірлерін дайындағыңыз келетінін қалай түсіндіңіз?
– Білесіз бе, бұл өзі адам сенгісіз, дегенмен, мен алғашқы полька биін алты жасымда қойған екенмін. Бұл өзі жазғы лагерьде болатын. Дайындық тобында болған біз бағдарламаға 9 нөмір әзірлеппіз. Сол кезде маған: «Аллочка, сенің шығармашылық болашағың зор!» дегендер болды. Сондықтан, хореограф болу бала арманым десем де болады. Білесіз бе, кейде көзімді жұмғанда алдымда балет көремін. Керемет, ғажайып балет, алайда бишілердің арасынан өзімді таппай қаламын. Сондай кезде менің санамда балериналар мың бұрала билеп жүреді, сол кезде сахнадағы би қойылымының менің қиялымнан туындағанын түсіне бастаймын. Бұл, әрине, ғажап сезім.
– Димашпен қалай жұмыс істегеніңіз туралы айтып беріңізші. Онымен жұмыс істегенде қандай да бір ерекшелік байқадыңыз ба?
– Димашпен қуана-қуана бірлесіп жұмыс істедік. Бізге ұсыныс түскенде, ойланбастан бірден келісе кеттік. Бәлкім, оның әндеріне қойылым әзірлегенде ерекше әсер алған шығармыз. Хореография дайындағанда кейде қойылым сәтті шыға қояды, кейде қанша тырыссаң да көңіліңнен шыға қоймайды. Ал, Димашпен жұмыс істегенде олай болмады. Саған ерекше әсер сыйлайтын артиспен жұмыс істеудің өзі бір ғанибет.
– Мәскеуде Димаштың концертінде «Мадмуазель Хайд» әні кезінде Сіздің театрдың солисі Ильдар Гайнутдинов өнер көрсетті. Олардың шығармашылық дуэті тыңдарманның жүрегіне жол тапты, ал Ильдардан көрермен көз алмады. Ол туралы не айтасыз?
– Ильдар расымен де биге ғашық жан, тума талант. Би десе ішер асын жерге қояды. Ильдар бізге кішкентай бала кезінде келді. Еңбексүйгіш қасиетін айтпасқа болмас. Қабілеті тамаша. Тұнып тұрған талант. Ал, Димаш секілді жанмен жұмыс істесе, ерекше әсер алып, жұмысына бір кісідей беріліп кетеді. Еңбексүйгіштігіне шүбә келтіруге болмас.
– Алла Владимировна, болашаққа жоспарларыңыз және мақсаттарыңызбен бөліссеңіз.
– Қазіргі таңда басты мақсаттардың бірі – театрымыздың репертуарын молайту. Бар күшімізді салып, бағдарлама әзірлеп жатырмыз, алайда, оқшаулану барысы қиындық туғызады. Қазіргі кезде сәл де болса оқшаулауды жеңілдетсе, бірден жаңа бағдарламаға кірісеміз. Түсінесіз бе, біздерге – бишілерге ешқашан тоқтап қалуға болмайды. Егер ұзақ уақыт билемесең, қалыптан шығып қаласың. Сондықтан, осынау оңай емес шақта ауырмай, күш жинауға кеңес беремін. Сәл қиындықтан кейін тек жақсылықтар болатынына сенімім мол. Бастысы – сенім!
– Жылы лебіздеріңіз бен қызықты сұхбатыңызға көп рахмет!