MsMojo – мәдениет саласындағы рейтингтерге маманданған, сенімді ақпарат көзі саналатын жетекші онлайн-платформа. YouTube желісінде 5,73 миллион жазылушысы бар бұл медиа-ресурс «Димаш Құдайбергеннің «үздік-10» сахналық орындауы» атты бейнешолу жариялады.
MsMojo көрерменге: «Үздік-10» тізімдері, шығу тарихы, өмірбаяндар, пікірлер және поп-мәдениет, танымал тұлғалар, кино, музыка, теледидар, бейнеойындар, саясат, жаңалықтар, комикстер мен суперқаһармандар туралы өзге де анықтамалық сипаттағы бейнеконтент ұсынады.
Медиа-ресурс Димаш Құдайберген туралы былай деп жазады:
«Ақыл-ойыңыз бен құлағыңыз рухани ләззат алуға дайын болсын. Бізбен бірге теңдессіз талант иесі Димаш Құдайбергеннің ең әсерлі вокалдық орындауларын тамашалаңыздар!»
«Әлем жұртшылығын баурап алған ғажайып диапазон мен терең эмоциялық мазмұнды сезінуге дайын болыңыз. Опералық асқақ биіктерден бастап нәзік, жүрекке жететін сыбырға дейінгі орындаулар оның шын мәніндегі музыкалық феномен екенін дәлелдейді».
MsMojo ұсынған бейнешолу Димаштың ерекше репертуарын қамтиды. Олардың қатарында «SOS d’un terrien en détresse» шығармасының әсерлі орындалуы, тамаша «Unforgettable Day», таңғалдыратын «Opera 2», есте қаларлық «The Pearl Fishers’ Duet» дуэті, динамикалық «Olimpico» және мистикалық «Stranger» бар.
Бейнешолуда MsMojo тек вокалдық контроль, түрлі регистрлер мен кең диапазонды ғана атап өтпей, сонымен қатар әртістің қайталанбас эмоциялық тереңдігін, сондай-ақ музыкалық туындының мағынасын актерлік қабілет арқылы аша білу шеберлігін ерекше көрсетеді.
«SOS d’un terrien en détresse». Бұл орындаудың ерекшелігі – Димаштың техникалық күрделілікті әннің эмоциялық мазмұнынан жоғары қоймауы. Тыңдаушы мәтінді түсінбесе де, оның орындауы шығарманың мән-мағынасының толық ашылуын қамтамасыз етеді. Бұны – нағыз талант дер едік.
«Ұмытылмас күн». Өз туындысы болып табылатын бұл композиция Димаштың әңгімелеуші ретінде де жоғары шебер екенін дәлелдейді. Сүйіктісіне арналған бұл ода нәзік сезімдер мен алапат құштарлыққа толы.
«Любовь, похожая на сон». Орындау барысында сақталатын жұмсақ, бәсең тон нәзіктік пен әлсіздікті айқын жеткізеді. Кейін кеуде дауысы қосылады. Артынша бас регистрге ауысып, шексіз таңданыс сезімін тудырады. Тыңдарман тыныстарын ұзақ уақыт бойына қалай ұстап отырғандарын өздері де аңғармай қалады.
«Ti amo cosi». Бұл туындыда Димаш, Лара Фабиан және Аида Гарифуллина сынды көрнекті орындаушылар бас қосты. Үшеуінің мінсіз гармониясы олардың өздерінен де асып түскендей әсер қалдырады. Ән тыңдарманның бойында ерекше толқыныс тудырады.
«Інжу жинаушылар» операсындағы дуэт. Бизе операсының бұл қойылымында Димаш бала күнгі арманын орындап, өзінің кумирі Пласидо Домингомен бір сахнада өнер көрсетті. Лирикалық диалог драматизм, тереңдік пен сенімділікке толы. Әрбір сәті көрерменді баурап алады.
«Опера №2». Бұл – тыңдаушыны бірден баурап алатын орындау. Әннің баяу басталуы мен жастыққа тән тартымдылық көрерменнің ерекше ықыласын тудырады.
«Таң шапағы». Димаш өзінің жетістігі үшін ата-анасы мен ата-әжесіне үнемі алғыс білдіріп отырады және одан ешқашан ұялмаған. Оның ата-анасы әншіні кәсіби жолында үнемі қолдап, әрдайым қасында жүргендіктен, Димаш оларды қуантқысы келеді. Сондықтан Хань Хунның биологиялық ата-анасынан айырылған асыранды ұл туралы жазған қытай тіліндегі бұл әнді орындау әрдайым терең эмоциялық әсерге толы болады.
«Олимпико». Димаш пен Игорь Крутой – теңдессіз шығармашылық тандем. Вокалдық акробатика орындауға айрықша шиеленіс пен әсерлілік дарытып, тыңдарманды үнемі рухани шарықтау шегінде ұстайды. Ән керемет ұзақ әрі биік нотаға ұласқан сәтте, біз музыкалық ләззаттың шынайы шыңына көтерілгендей күй кешеміз.
«Күнәлі сезім». Орындаудың бастапқы сәтіндегі сыбдыры күйдіріп өтетіндей әсер қалдырып, ғашық жанның сыбырындай нәзік сезімталдықты көрсетеді. Бұл үн тыңдарманды көзін жұмып, сол дауысқа еріксіз бой алдыртып, Димаштың вокалдық әлеміне сіңіп кеткендей күйге түсіреді.
Ән шарықтау шегіне жеткен сайын оның дауысы күшейе түсіп, демді ішке тартқызған классикалық биік ноталар айқын естіледі.
«Stranger». Ән қазақтың ұлттық аспабы қобыздың үнімен басталып, бірден тылсым және шытырман оқиғаларға жетелейді. Ал вокал басталған сәттен-ақ тыңдарман шығарманың ішкі әлеміне толық енеді.
Димаштың техникасы мінсіз. Тыңдарман бір адамның орындауында тұтас вокалдық ансамбльді естігендей әсер алады. Вокалдық ауысымдар туындының баяндау желісіне қызмет етеді.
Туындының басты кейіпкері «Stranger» күмәннан сенімге, қорқыныштан батылдыққа дейінгі жолдан өтеді. Мұны түсіну үшін мәтінді білу шарт емес. Димаштың даусы-ақ бәрін айқын жеткізеді. Фольклорлық және классикалық вокалды ұштастыру шеберлігі оның даралығын көрсетеді. Ол – нағыз данышпан».