19 ақпанда Hunan TV және Mango TV платформаларында Димаш Құдайбергеннің «Voice Beyond Horizon» музыкалық реалити-жобасына қатысушылардың орындауындағы әндер қайтадан көрермен назарына ұсынылды. Түркістанға жасалған сапар барысында тарихи даналыққа, сайын дала кеңістігінің сұлулығына, дәстүрлі музыка мен ұлттық ас мәзіріне қаныққан сегіз қатысушы шығармашылық тұрғыдан тың серпін алып, көрермендерге мазмұнды әрі әсерлі концерттік нөмірлер әзірледі.

Бұл жолы да музыкалық сарапшылар ретінде екі мәрте «Грэмми» сыйлығының иегері, продюсер әрі композитор Уолтер Афанасьев және көптеген марапаттардың иегері, қытайлық танымал әнші Лэй Цзя өнер көрсетті.
Жобаның негізін қалаушы әрі бас продюсері Димаш Құдайберген концерттің басында Қытайдан келген қатысушы Цай Чэнъюйды сахнаға шақырып, оны кештің жүргізушісі ретінде таныстырды.

Концертті қырғызстандық қатысушы Nur Cholpon / Нур Чолпон «Kyrgyz bata» атты туған жеріне арналған тамаша туындысымен ашты. Әнші өз орындауының басында Түркістан сапарынан алған әсерін шағын импровизация арқылы жеткізді.

Қытайлық әнші 见证人 / Zhang Xinyu / Чжан Синьюй экскурсия барысында Қазақстанда жаңа өмірін бастаған отандасымен кездесуден алған әсерінен соң «新定军山» («New Dingjun Mountain») композициясын таңдады. Рэп пен дәстүрлі қытай операсының синтезі арқылы байланысқан бұл туынды Қытай тарихындағы аса маңызды кезеңдердің көркем панорамасын жасап, қайсар рухты айшықтады.

Жобаның алғашқы кезеңінің жеңімпазы, қазақстандық қатысушы Nurzhas Sadirbayev / Нұржас Садырбаев «Махаббат бер маған» («Give me love») әнін орындауды таңдауының себебін фольклорлық материалдар жинау барысында ерекше әсерге бөленгенімен байланыстырды. Дәстүрлі алтыбақан тебу сәтінде оның санасында дәл осы әуен жаңғырған екен. Құрмет белгісі ретінде екінші куплетті қытай тілінде орындап, қытайлық әріптестеріне және қытай халқына өзінің ілтипатын білдірді.

Италиялық әнші Jiulia Falcone / Джулия Фальконе «Spazio nel Cuore» композициясын таңдауының мәнін былайша түсіндірді: бұл әнді шырқағанда жүректе кеңістік орнайды. Менің ойымша, бұл көне қаламен байланысты, өйткені біз Цай Чэнъюймен бірге сол жерде болғанда өзімізді өткен дәуірге қайта оралғандай сезіндік. Алайда жаңа дүниелерді тану үшін біз болашаққа ұмтылуымыз қажет.

Қытайлық бельканто орындаушысы 蔡程昱 / Cai Chengyu / Цай Чэнъюй «天涯故人梦» / «The Dream of an Old Friend at the End of the World» әнін орындады. Көне Отырар қаласына сапар шегіп, мыңжылдық тас қабырғаларға қол тигізген сәтте ол Қытайдың Шаньси өлкесін еске алғанын жеткізді. Осы әсер негізінде ежелгі өркениеттер сабақтастығын музыкалық туынды арқылы бейнелеуге ұмтылды.

Малайзиялық қатысушы 李佩玲 / Jeryl Lee / Джерил Ли Түркістанға жасалған фольклорлық-этнографиялық сапар барысында Қытайда қалған сүйіктісін сағынған Қазақстанда еңбек етіп жүрген бір жаннан ерекше ән естиді. Әннен әсерленген әрі анасын сағынған Джерил «Ma Ma 妈妈» композициясын жазып, анасына арнайды.

«Күнбағыс алқабында мен ерекше жанмен кездестім. Оның күрделі жағдайларда да шаруашылығын табандылықпен жүргізіп отырғаны мені таңқалдырды. Бұл кездесу маған зор шабыт сыйлап, қиын кезеңдерде махаббаттың кез келген кедергіні еңсеруге күш беретінін терең түсінуге ықпал етті. Бұл ән тек арманы мен құштарлығының жетегінде туған жерін тастап кеткен жандарға ғана арналмайды, сонымен қатар мәдениеттер тоғысына арналған нәзік музыкалық тағзым», – деп концертте «Lejla» әнін орындаған Сербиялық қатысушы Princ / Принц өз ойымен бөлісті.

Қытайлық қатысушы 拉丹珠 / La Danzhu / Ла Даньчжу Түркістан қаласына экскурсия барысында аспаптық өнер шеберімен танысып, концертте өзімен бірге өнер көрсетуге шақырды. Авторлық «迁徙» / «Migration» әнін орындау кезінде көне қазақтың қобызы туындының көшпелі рухын терең ашуға ықпал етіп, әртүрлі халықтардың музыкасын өзара байланыстырды.

Көрермендер мен қазылар алқасының дауыс беру нәтижелері бойынша байқаудың жаңа кезеңінде көшбасшылар үштігіне 见证人 / Zhang Xinyu / Чжан Синьюй, Princ / Принц және Nurzhas Sadirbayev / Нұржас Садырбаев енді. Нұржас Садырбаев бұл жолы да ең жоғары дауыс санын жинады.
Байқаудың келесі кезеңі Қазақстанның батыс өңірінде, Каспий теңізінің жағалауындағы әсем қала – Ақтауда өтеді. Келесі кездескенше, достар!

Плейлист Ep.3
Nur Cholpon / Нур Чолпон
«Kyrgyz bata»
见证人 / Zhang Xinyu / Чжан Синьюй
«新定军山» / «New Dingjun Mountain»
Nurzhas Sadirbayev / Нуржас Садырбаев
«Give me love»
Giulia Falcone / Джулия Фальконе
«Spazio nel Cuore»
蔡程昱 / Cai Chengyu / Цай Чэнъюй
«天涯故人梦» / «The Dream of an Old Friend at the End of the World»
李佩玲 / Jeryl Lee / Джерил Ли
«Ma Ma 妈妈»
Princ / Принц
«Lejla»
拉丹珠 / La Danzhu /Ла Даньчжу
«迁徙» / «Migration»