Жапонияның беделді продюсері Димашты Түркияда алғаш естіп, кейін Қазақстанға іздеп келіп, өз еліне шақырғаны туралы айтып берді

1812

Күн шығыс елінің музыкалық өнерінің дамуына үлкен үлес қосып жүрген танымал продюсер, Жапонияның беделді «NHK» корпорациясының өкілі Хироюки Яманака DimashNews.com порталына сұхбат берді. Көптеген халықаралық жобалардың продюсері Азия елдеріндегі тенденцияны сөз етті, сонымен бірге жапон халқының мінез-құлқының ел дамуына қалай әсер ететіні, елдегі отбасы құндылықтары туралы әңгімеледі.

– Қайырлы күн, Хироюки мырза! Алдымен өзіңіздің қазіргі қызметіңіз туралы, шығармашылықтағы жаңалықтарыңыз туралы айтып берсеңіз…

– Қазір “NHK (Japan Broadcast Corporation) enterprise” акционерлық қоғамында жоғары мәртебелі продюсер қызметін атқарамын, Азия және әлем елдерінің озық артистерімен музыкалық бағдарлама жасаймын, сахналық шоу мен музыкалық фестивальдерге продюсерлік етемін.

«NHK бағдарлама директоры ретінде жұмысқа тұрғаннан соң, 30 жылы бойы “entertainment” саласында негізгі жұмыс атқарып, сан алуан бағдарлама әзірледім. Кейін «NHK enterprise-ке» ауысып, шет мемлекеттермен бірлесіп, бағдарлама әзірлеп келеміз.

Биыл бірнеше жобамыз коронавирусқа байланысты тоқтатылды, бірқатары кейінге қалдырылды. Мамыр айына жоспарлаған Токио Джаз Фестивалі де өтпейтін болды. Биыл Димаш қатысады деп қатты күттік, өкінішке қарай офлайн өткізе алмадық. Дегенмен, ақылдаса келе, интернет-бағдарлама жасайтын болдық. Тікелей эфирде бұрын-соңды болмаған 7 сағаттық эфир дайындадық. Димаш та үлес қосып, бағдарламада өнер көрсетті. Бағдарлама кезінде оны туған күнімен құттықтадық. Димашқа, әкесі әрі «ДимашАли» шығармашылық студиясының жетекшісі Қанат Айтбаевқа және фанаттарына, сонымен қатар, “Team Dimash” мүшелеріне алғыс білдіремін.

Алдағы жоспар жайлы айта кетсем, жыл сайын өткізіп жүрген музыкалық фестивальдерге дайындықты бастап кетеміз. Былтыр Димаш қатысқан “ABU Song Festival” биыл Вьетнамда өтеді. Екіншіден Мьянманың ең үлкен қаласы Янгонда жыл сайын өткізілетін достық концертін жоспарлау керек.

Шоу-бизнес, продюсерлік сізге ұнайды ма? Несімен ұнайды?

– Клиенттердің қуанышы мен зор ықыласын тікелей сезуге болады. Медиа немесе концерт арқылы керемет музыканы көрерменге жеткізгенді жақсы көремін. Концерт, музыкалық фестивальда артистердің өнерін концертке келген фанаттармен бірге сезінуге болады. Осындай сәттерді жақсы көремін. Артистердің бірлесіп ән айтуы да қатты ұнайды. Мысалы, Жапония артисі Аяка Хирахара мен мьянмалық әріптесі Уин Морисаки бірлесіп “MOSHIMO” деген ән айтты, бұл ән Мьянмадағы рейтингде 3 апта қатарынан бірінші орынға ие болды, 14 апта бойы алғашқы ондықта болды. Биыл ақпан айында Жапония-Мьянма мәдениет фестивалінде осы әнді он мыңдаған көрермен бірге айтты.

– Азия елдері арасында Жапониядағы продюсерліктің, шоу-бизнестің ерекшелігі қандай, Хироюки мырза?

– Интернеттің арқасында дүние жүзінде ақпараттық теңсіздік азайды. 20 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда жапон шоу-бизнесінің де ерекшелігі аса байқалмайды. Дегенмен, бір ерекшелігін атап өтсем… Азия елдерінде музыкалық бизнес интернет арқылы жасалатын болды. «Ақылы жазылу сервисі» басты бизнес-модельге айналды, Жапонияда әлі де диск секілді материалдық тауарлар нарықта сатылып жатыр. Тауар сату рейтингінде АҚШ бірінші орында, Жапонияда екінші орында тұр. «Музыка тыңдау ақылы» деген ұғым осы елдерде қалыптасқан.

Концерт арқылы бизнес жасайтын жаңа модель күннен күнге тамыр жая бастады. Жапонияда басқа елге қарағанда дайындыққа уақыт бөліп, репетиция жасау арқылы сапалы сахналық қойылым өткізіп келген. Қазір Азия елдерінде сәнге айналған «идол мәдениеті» де 1970-80 жылдары Жапониядан тараған. Жапонияда классика, джаз, ұлттық әндер, поп, рок секілді әр музыкалық жанрда фанаттар бар.

– Жапонияны, жалпы елдегі мәдениетті, тарихты Қытай халқына таныта алдым деп ойлайсыз ба?

– Мен 25 жыл бойы Қытай халқына телебағдарлама, концерт, интернет арқылы музыкалық шоу-бизнестегі жапон мәдениетін таныстыруға тырысып келдім. Бір жағынан Қытайдағы жаңа буын жас ұрпақ жапон анимациясынан бастап, интернет арқылы соңғы ақпараттарды өздігінен тауып, Жапония мәдениетін жақсы білетін адамдар көбейіп жатыр. 2010 жылдары жапондық анимация саласында атағы бар дублерлерді Шанхай қаласында өткен Аниме фестиваліне қатыстырғанда, залға жиналған қытай көрермендерінің 90 пайызы тілмәшсіз дублерлер сөйлеген жапоншаны түсінді. 1990-2000 жылдармен салыстырғанда заман өзгерді деп ойладым. Жуырда жапондық әншілер, музыканттар Қытайда концерт өткізетін болды. Және интернет арқылы шығармаларды сататын болды. Музыка саласы ғана емес, кино, роман секілді контент да Қытай нарығында жақсы таралып жатыр.

Хироюки мырза, Қытай аудиториясы Жапония туралы контентті қалай қабылдайды?

1970-80 жылдарда Қытай шетелдік контентті алдыртатын. Жапонияның кинолары мен телесериалдары халықтың назарында болды. Гонконг, Тайваньнан, Корей, АҚШ-тан контент сатып алды. Ал, жапон контентіне сұраныс азайып кетті. Дегенмен жапон контентін жақсы көретіндер көбейіп, жапон жұлдыздары Қытайда концерт өткізеді. Қазір Қытайда роман, кино, манга, анимэ секілді жапон мәдениетіне жоғары баға қойылып жатыр.

Сіздікіндей ірі жобаларда еңбек ету үшін журналиске, продюсерге қандай талап қойылады?

Үлгі ететін продюсерім жоқ. Олар да әртүрлі болады. Мән беретін басты нәрсе – мақсаты анықталған жобаға қуана кірісе алатындай жағдай жасалу керек. Сосын жоба үшін ең керекті қызметтестерді жинап, солардың күш-қуатын тиімді пайдалануға тырысамын. Артиспен жұмыс істейтін болсам, алдымен өзің жақсы көретін артист табу керек. Біреу әкелген, өзің мойындай алмайтын артисты мақтап таныстыру мүмкін емес. Ондай жағдайда жақсы жоба болмайды.

– Карантин кезінде Жапониядағы шоу-бизнес жұлдыздары немен айналысып жатыр? Жағдайлары қалай?

– Жапонияда төтенше жағдай жарияланған соң, концерт секілді шаралардан бас тартатын болдық. Көптеген музыкант, әншілер қашықтық режимде тікелей эфирдегі көрсетілімдерге қатысады. Концерт ұйымдастырушылар банкрот болып та жатыр.

– Карантиннің сіздің продюсерлік жұмысыңызға қандай оң әсері бар?

– Тоқтатылған, кейінге шегерілген жобалар көп болды. Жағдай қиындап кетті. Бірақ, осы жолы Токио Джаз Фестивалі секілді бағдарламаны қашықтық режимде өткізуге болатынын түсіндік.

Жапон халқының, жапон ұлтының ерекшелігі, мінез-құлқы туралы айтып берсеңіз…

– Жапон халқының, ұлтының ерекшелігі, мінез-құлқы заманға сай өзгерді деп ойлаймын. Басқа жақтың адамдары жапондарды «адал, тәртіпті» деп жатады. Ал, кемшін тұсы ретінде «ұсақшыл және формалист» деп жатады. Табиғатты жақсы көретін, әдемілікті сүйетін қасиеті де бар.

– Хироюки мырза, жапондар үшін отбасы деген қандай ұғым? Отбасы құндылықтары дегенді қалай түсінесіз?

– 70 жыл бұрын Жапонияда 3-4 ұрпақ бірге тұратын үлкен отбасылар көп болатын. Кейін ата-ана мен бір-екі баладан тұратын отбасылар көбейді. Заман өзгерген сайын отбасы ұғымы да өзгеріп кетті. Бірақ, қандай заман болмасын, ерлі-зайыпты, әке-шеше мен балалар, аға-іні, әпке-сіңлі қарым-қатынасы маңызды. Әулетпен өмір сүріп, тамақтанғанда әңгімелесудің өзі адам үшін рухани тірек болады.

– Жапония мәдениетінің, тарихының адамдардың мінезіне әсері қаншалықты деп ойлайсыз?

– Қиын сұрақ екен. Жапонияның мәдениеті мен тарихының ерекшелігі – оның географиясымен тығыз байланысты деп ойлаймын. Климаты жылы, табиғаты сұлу. Бір кездері еңбекке, білімге аса мән берген. Қазір мінез-құлық та модернизацияға ұшыраған сияқты.

– Бүгінде Жапония – экономикасы озық ел. Осындай көрсеткішке жетуге халықтың мінез-құлқы ықпал етті деп ойлайсыз ба?

– Иә, ықпал етті деп ойлаймын.

– Қазақстанда бірнеше рет болған екенсіз? Біздің ел туралы ойыңыз, алған әсеріңіз туралы білгіміз келеді.

– 2019 жылы тұңғыш рет Нұр-Сұлтанға бардым. Орта Азияның мәдениетіне қызығушылығым жоғары. “ABU Song Festival-де” Қазақстан әншілерінің дауысын естіп, ел туралы видеолар көріп, бір барып көрсем деп армандайтынмын. Нұр-Сұлтан өте әдемі қала екен. Бір көргеннен ұнады. Жылқы және қой етін қолданған қазақ тағамдары өте дәмді болды. Адамдар өте қонақжай, қатты әсерлендім. Жоба бойынша салынған құрылыстар да әдемі және заманауи екен. Осы жобаны жасаған Жапонияның атақты сәулетші Кисио Курокава екенін естігенде, жақындық сезілді. Келесі жолы Алматы қаласын көргім келеді.

– Таяуда джаз музыкасына қатысты үлкен жобаны қолға алдыңыз, карантинге байланысты онлайн өткіздіңіз. Сіздің ойыңыздан шықты ма, әлде офлайн болғанда әлдеқайда жақсы болар еді деген ой қалды ма?

– Биыл Токио Джаз фестиваліне 19 жыл толды. Өкінішке қарай, офлайн өтпеді. Алайда, айналасы бір айдың ішінде амалын қарастырып, демеушілермен келісе отырып, интернет арқылы өткіздік. Бағдарламаны эфирге қоятын күні ғана студияға жиналған едік, сонда бірінші рет кездескен қызметтестер де болған. Осы күнге дейін әлемдегі атағы бар керемет артистер жиналып, әлемдік деңгейдегі бағдарламаны ұсындық. Жыл сайын фестиваль көрермені 12 000 болатын. Осы жолы YouTube арнасында көрермен саны 100 000-ға жетті.

– Димаштың шығармашылығына жапон көрермені қалай қарайды? Алғаш танығанда өзіңіз және басқалар қалай қабылдады?

– Алғаш рет Димаштың әнін 2015 жылы Түркияда Ыстамбұл қаласында өткен “ABU Song Festival-де” естідім. Концертте оның дауысын естігенде қатты әсер алдым. Дауысы да, бейнелеуі де керемет болды. Әлемде осындай талантты жас әнші болады екен деп әбден әсерленіп қалдым. Димаш халық әні “Дайдидауды” орындады. Бұрын естімеген ұлттық әуеннен ерекше тарих мен мәдениет іздедім. Кейін Қытайдың Хунань арнасында “I am singer” байқауына  қатысып жүргенін естіп қуандым. 2019 жылы “ABU Song Festival-ді» Токиода біздің компания өткізетін болды. Продюсер ретінде Азиядағы мықты артистерді таңдап жүрдім. Есіме бірінші болып Димаш түсті. Қазақстандағы телеарна басшылығымен хабарластым, кейін тіпті кездесіп келдім. Кейін Қазақстанда Димаштың «АРНАУ» концертін көріп, міндетті түрде “ABU Song Festival-ге» қатысуға келістіру керек деп ойладым. 2019 жыл қараша айында “ABU Song Festival” сахнасында Димаш өнер көрсетті. NHK президенті оның дауысын естіп, бірден фанатына айналды. Токио Джаз Фестиваліне шақыратын болдық. “Tokyo Jazz Festival + LIVE STREAM-де” Димаш «Самалтауды» орындады. Басқа телеарналар қызығушылық танытып, интервьюға шақырды.

Жақында манга жанрында комикстер шығады. Басты кейіпкері – Димаш. Жалпы, манганы жақсы көресіз бе? Димаш қатысатын манга сізге қызық болуы мүмкін бе?

Мен манганы жақсы көремін. Қазірдің өзінде бірнеше манганы оқып жатырмын. Бір досым Жапонияда танымал бір манганың редакторлығымен айналысады. Манга туралы жиі әңгімелесеміз. Димаш қатысатын манганың не туралы болатынын тезірек білгім келеді, мазмұны қандай екен?! Оқығым келеді.

– Хироюки мырза, уақыт тауып, сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін көп рахмет!

Еңбек жолы:

1995 ж. “Asia Live“ Қытай CCTV-мен бірлескен жоба (директор)

2004 ж. «Жаңа Жібек жолы» туризм-тарихи бағдарламасы CCTV-мен бірлескен жоба (продюсер)

2005 ж. Жапон-Корей екі ел арасындағы достық жылына орай концерттік бағдарлама, MBC-мен бірлескен жоба (қоюшы продюсер)

2006-2011 жж. «Жапониядағы музыкалық аңыздар» Қытай және Тайваньда Жапония музыкасы мен шоу-бизнесін таныстыратын апталық бағдарлама (бас директор)

2007 ж. Жапон және Қытай елдерінің дипломатиялық қарым-қатынасына 40 жыл толуына орай концерттік бағдарлама, CCTV-мен бірлескен жоба (жоғары мәртебелі продюсер)

2008 ж. Жапон мен Бразилия достық концерті (продюсер)

2010 ж. Шанхай Эксподағы Жапония күндеріне арналған концерт (бас директор), “ Tokyo Fashion ” атты апталық телебағдарлама (бас директор)

ABU Song Festival халықаралық комитеті (стартап-продюсер)

Tokyo Jazz фестиваль (продюсер)

(Сұхбат әзірлеуге көмектескен Шигенобу Масуджима мырзаға алғыс білдіреміз!)