Он күн бұрын Димаш Құдайбергеннің әлемдік “Stranger” концерті турының жалғасы Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden сахнасында бастау алды. Әншінің АҚШ пен Мексикада өткен концерттер туралы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары жазуларын тоқтатпай, қазақстандық әртістің өнерінен алған ерекше әсерлері мен ерекше сәттерін атап өтуде.
Caspian Post — Каспий маңы елдері, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азиядағы оқиғалар жөнінде аналитикалық мақалалар мен жедел жаңалықтар жариялайтын әзірбайжандық ақпараттық-талдамалық порталы.
Басылымның «Димаш Құдайберген Madison Square Garden-де өткен тарихи концертте Қазақстанның дауысын таныстырды» атты мақаласында әртістің өнер көрсетуінің мәдени маңызы ерекше атап өтілген:
«Тарихта алғаш рет Madison Square Garden сахнасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні шырқалды. Бұл – әйгілі әртіс Димаш Құдайбергеннің жеке концертімен шыққан айтулы сәт болды.
Бұл кеш тек музыкалық айтулы оқиға емес, сондай-ақ, мәдени құбылысқа да айналды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген мыңдаған тыңдарман Шығыс пен Батыстың, дәстүр мен заманауилықтың тоғысқан үйлесімін тамашалады.
Димаш Құдайбергеннің тарихи кеші Қазақстанның әлемдік музыка сахнасындағы жаңа кезеңін бастап, өнердің шекарасыз, шынайы және біріктіруші күш екенін тағы бір дәлелдеді».
Испан тілді қауымға арналған Saga Noticias ақпараттық порталы Димаштың Мексикадағы алғашқы концерті туралы мақала жариялайды. «Димаш Құдайберген Мексикада триумфпен өнер көрсетті: музыкалық данышпан» атты мақаласы аптаның ең көп оқылған Топ-5 материалының қатарына енді.
«Димаш Құдайберген Auditorio Nacional сахнасында үлкен табыспен өнер көрсетті. Ocesa компаниясының қолдауымен 31 жастағы қазақстандық әртіс осы әйгілі алаңда концерт өткізіп, үлкен қызығушылық тудырды.
Бұл триумф – тек Димаштың жеке жеңісі емес, музыканың әмбебап тіл ретіндегі күші мен адамзатқа ортақ мәдени құндылық екенін дәлелдейтін сәт болды. Қазақстаннан шыққан, бірнеше тіл мен көптеген аспапты меңгерген өнерпаздың мексикалық көрермендердің жүрегіне жол табуы – мәдени және географиялық шекаралардың шартты екенін айғақтайды.
Бұл құбылыс сондай-ақ Dears фан-қоғамының рөлін айқын көрсетеді. Олардың ерекше қолдауы мен ықыластарының арқасында концерт жоғары деңгейде өтіп қана қоймай, әлемдік сахнада жаңа мәдени диалог орнады».
Мексикалық Plaza de Armas газеті «Ұлы әнші Димаш» атты мақаласында әртістің көрермендерге деген ықыласы мен ерекше сыйлықтарға деген құрметін атап өтеді:
«Ұлы әнші Димаш Мехикодағы Palacio de los Deportes сахнасында өнер көрсетті. Ол мексикалық мәдениеттің бірегей символына айналған Керетароның Леле қуыршағын сүйіп, өз құрметін білдірді».
Редакциялық ескерту: Леле қуыршағы Отоми тілінен «бала» деп аударылады. Бұл Керетаро өңірінің жергілікті шеберлері қолдан тігетін дәстүрлі ойыншықтар. Әр қуыршақ өзіне тән түстері мен киім үлгісімен ерекше.
Canal 13 Mexico сайтының «Димаш Құдайберген Мексика турын жарқын нотада аяқтады» атты мақаласында автор әртістің концерттердегі әсерлі сәттерін және тыңдармандармен жылы шырайлы байланысын сипаттайды:
«Димаш концерт барысында әрдайым тыңдармандарына деген шынайы сезімін білдіріп, олармен испан тілінде сөйлесті. Ол испан тілінде «бұл кеш мен үшін ұмытылмас» деп бірнеше рет айтты. Әртіс түрлі бейнеде сахнаға шығып, оған мексикалық фан-клуб сыйлаған Оахака өңірінің дәстүрлі жейдесін де киіп шықты. Сонымен қатар бірнеше рет Мексика туын көтеріп, елге өз құрметін көрсетті.
Ол «Ave Maria», «SOS d’un terrien en détresse», «Unforgettable Day», «Stranger», «When I’ve Got You» сынды танымал әндерін орындап, көрермендеріне жылы әсер қалдырды.
Ал «Bésame mucho» әнін орындау кезінде оның шынайы сүйіспеншілігі мен құрметі көрермендерді ерекше толғандырды.
Ол бар даусымен ән айтып, би билеп, көрермендерге ерекше эмоция сыйлап, олармен бірге шынайы ықыласпен көңіл көтерді. Тізе бүгіп, барша жанкүйерлеріне қолдау көрсеткендері үшін алғысын білдіріп, қабылдаушы елге өз құрметін көрсетті.
Кеш соңында Димаш музыканттар мен бишілерін сахнаға шығарып, тыңдармандарға алғысын білдіріп, өз қара-сары пиджагын көрерменге лақтырды, сөйтіп оны бір бақытты жан ұстап алды.
Тыңдарман тарапынан келген зор ықыласқа байланысты, оның Мексикаға қайта оралуы көп күттірмейді деген сенім бар».