ҚАЗ RUS ENG

ҚАЗ RUS ENG

Dimash World Димаш Құдайбергеннің жаңа турындағы авторлық әндері: Дюссельдорфта өткен DIMENSIONS...

Димаш Құдайбергеннің жаңа турындағы авторлық әндері: Дюссельдорфта өткен DIMENSIONS шоуы

Dimash World Димаш Құдайбергеннің жаңа турындағы авторлық әндері: Дюссельдорфта өткен DIMENSIONS шоуы

Димаш Құдайбергеннің жаңа турындағы авторлық әндері: Дюссельдорфта өткен DIMENSIONS шоуы

Польшада бастау алған Димаш Құдайбергеннің жаңа әлемдік концерттік туры Германияда жалғасты. 24 қазанда Дюссельдорф қаласындағы PSD BANK DOME аренасында DIMENSIONS шоуы жоғары деңгейде өтті. Концерттік бағдарламадағы әндердің жартысынан астамында Димаш өзін орындаушы ретінде ғана емес, шығармалардың авторы ретінде де танытты.

DIMENSIONS турының атауында көрініс тапқан жаңа өлшемдер әлемдік деңгейдегі әсерлі шоумен ғана шектелмейді. Бұл – Димаштың өзі жазған музыкалық туындыларын көпшілікке ұсынып, шығармашылығының жаңа белесіне көтерілгенін айғақтайтын кезең.

Концерттік бағдарлама турдың атауымен аттас әнімен басталады. Қуатты ырғақ пен ерекше музыкалық серпінге құрылған туынды бүкіл аренаны баурап алады. Ал келесі «Somebody loves you» авторлық шығармасы тыңдарманды лирикалық әлемге жетелеп, өнерпаз шығармашылығының өзге бір эмоциялық қырын ашады.

«Voice Beyond Horizon» жобасына арнайы жазылған «Fire» және «Самғау» әндерінің музыкасын да Димаштың өзі жазған. Бұл туындылар алғаш рет өткен жылы Нью-Йоркте сахнада орындалған болатын. Аталған концерт туралы толығырақ мәліметті жақын арада жарық көретін деректі фильмнен көруге болады. Фильм ТМД елдерінен шыққан өнерпаздар арасында алғаш болып әйгілі Madison Square Garden аренасында концерт берген Димаштың тарихи өнер көрсетуіне арналады.

DIMENSIONS шоуының бағдарламасы кейінгі жылдары жарық көрген жаңа туындылармен ғана шектелмейді. Оған Димаштың композитор ретінде қалыптасуы мен шығармашылық дамуының әр кезеңін айшықтайтын әндер де енген. Атап айтқанда, көрермендер композитордың алғашқы авторлық туындыларының бірі – 2016 жылы аттас концерттік турдың басталуына негіз болған «Ұмытылмас күн» әнін тыңдай алады. Сондай-ақ 2019 жылы «D-Dynasty» туры аясында алғаш орындалып, тыңдарман ықыласына бөленген «Give me your love» әнінің жігерлі ырғағынан ерекше қуат алады. Ал 2022 жылы «Stranger» шоуының басталуына орай жарық көрген ауқымды туындыларының бірі – «The story of one sky» көрерменді бейбітшілік пен адамзат тағдыры туралы терең ойға жетелейді.

Димаштың авторлық шығармаларының қатарында музыкасын ғана емес, сөзін де өзі жазған туындылар бар. Қазақ тіліндегі бұл композициялар философиялық толғаныстарға, өмір туралы пайымдарға және тыңдарманмен рухани сұхбат құруға негізделген. Солардың бірі – «Omir» әнін Димаш өз өмірінің үш түрлі жас кезеңін бейнелейтін үш дауыс арқылы орындады. Ал «Moonlight» туындысы алғаш рет осы жаңа концерттік тур аясында көпшілік назарына ұсынылды.

Композитор ретінде Димаш түрлі тілдердегі ән мәтіндерімен жұмыс істейді. Мәселен, жаңа шоу аясында ол түрік тіліндегі «Yazgi» әнін сахнада алғаш рет орындап, жуырда жарық көрген туындысын көрерменге ұсынды. Сонымен қатар ағылшын тіліндегі «Tell me why», қазақ тіліндегі «Жаңа күн» атты жаңа авторлық шығармалары мен сөзсіз-ақ терең сезімді жеткізетін, әуезділігі мен орындаушылық шеберлігі арқылы биікке самғататын вокализі де концерттік бағдарламадан орын алды.

Димаштың жаңа авторлық туындылары жанкүйерлер тарапынан ерекше ықыласпен қабылданды. Концерттер арасындағы үзілісте Димаш шығармашылық тобының мүшелерімен бірге TikTok платформасында тікелей эфирге шығып, Dears жанкүйерлерімен тілдесті. Эфир барысында қойылған сұрақтар мен өтініштердің басым бөлігі жаңа әндердің ресми түрде жарық көруіне қатысты болды. Тыңдармандарының ыстық ықыласы мен қолдауына ризашылығын білдірген Димаш қазіргі уақытта жаңа альбом әзірленіп жатқанын хабарлады. Альбомға оның автор әрі музыкалық продюсер ретінде қатысқан шығармалары енеді.

Димаштың музыкалық туындыларын әзірлеуде саунд-продюсер, өнерпаздың көптен бергі досы әрі әріптесі Ерлан Бекчуриннің де еңбегі зор. Концерт өткен күні Ерланның туған күнімен тұспа-тұс келді. Осыған орай Димаш оны сахнаға шақырып, көрермендермен бірге «Happy Birthday to you» әнін орындап, туған күнімен құттықтады.

Құрметті достар! DIMENSIONS әлемдік концерттік туры жалғасуда! Келесі аялдама – Испанияның Мадрид қаласы. Кездескенше!

Соңғы жаңалықтар

Димаш Құдайбергеннің жаңа турындағы авторлық әндері: Дюссельдорфта өткен DIMENSIONS шоуы

Польшада бастау алған Димаш Құдайбергеннің жаңа әлемдік концерттік туры Германияда жалғасты. 24 қазанда Дюссельдорф қаласындағы PSD BANK DOME аренасында...

Домбыра үнінен халық әндеріне дейін: Дюссельдорфта Dears жанкүйерлері бас қосты

Димаш Құдайберген Дюссельдорф қаласына келді. 24 қазанда PSD Bank Dome аренасында өнерпаздың DIMENSIONS әлемдік туры аясындағы екінші концерті өтеді....

«Адам дауысының мүмкіндігі қаншалықты шексіз?»: Польша басылымдары Димаштың Краковтағы концерті туралы

18 қазанда Краков қаласындағы TAURON Arena сахнасында өткен Димаш Құдайбергеннің Польшадағы алғашқы концерті DIMENSIONS әлемдік турының шымылдығын ашып, поляк...

Қанат пен Светлана Айтбаевтар Польшадағы Radio Dimash радиостанциясының қонағы болды

Димаш Құдайбергеннің жаңа DIMENSIONS әлемдік туры бастау алған Польшадағы алғашқы концертінен кейін өнер иесінің ата-анасы Қанат Айтбаев пен Светлана...

Димаш Құдайберген Польшадағы концертімен DIMENSIONS атты жаңа әлемдік турын бастады

18 қазанда Польшаның Краков қаласындағы Tauron Arena стадионында Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген өзінің жаңа DIMENSIONS шоуын көпшілік назарына...