Димаш Құдайберген Дюссельдорф қаласына келді. 24 қазанда PSD Bank Dome аренасында өнерпаздың DIMENSIONS әлемдік туры аясындағы екінші концерті өтеді. Концерт қарсаңында әншінің Германиядағы фан-клубы дәстүрлі түрде арнайы кездесу ұйымдастырып, қазақстандық өнерпаздың жанкүйерлерін бір ортаға тоғыстырды.

Кездесуге Димаштың шығармашылық тобының мүшелері – бэк-вокалистер Зарина Божакова мен Диана Туржанова, сондай-ақ домбырашылар Темірлан мен Ернат қатысты.
Кеш барысында Зарина Божакова қазақтың халық әні «Дедім-ай-ау» әнін орындаса, домбырашылар дуэті көрермен назарына «Күй шашу» және «East West» композицияларын ұсынды.


Музыкалық бағдарламаның жалғасы қазақтың ұлттық биі «Қара жорғаға» ұласты. Димаштың шығармашылық тобының мүшелері жанкүйерлермен бірге би билеп, оларды қазақ мәдениетімен музыка арқылы ғана емес, ұлттық би өнері арқылы да жақынырақ танысуға шақырды.
Музыка мен биге, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен мәдениетін таныстыруға ұласқан кездесу ерекше жылы әрі әсерлі атмосферада өтті. Әлемнің әр түкпірінен жиналған жанкүйерлер өзара пікір алмасып, алған әсерлерімен бөлісті және алдағы концертті ерекше ықыласпен күтетіндерін жеткізді.

Мұндай кездесулер халықаралық Dears қауымдастығының игі дәстүріне айналған. Олар жанкүйерлерді Димаштың шығармашылығы арқылы біріктіріп қана қоймай, Қазақстанның мәдениеті мен өнерін кеңінен танытуға мүмкіндік береді.




