18 қазанда Краков қаласындағы TAURON Arena сахнасында өткен Димаш Құдайбергеннің Польшадағы алғашқы концерті DIMENSIONS әлемдік турының шымылдығын ашып, поляк жұртшылығы бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аударды. Interia және Zwierciadło басылымдары қазақстандық өнерпаздың жаңа концерттік бағдарламасы, вокалдық шеберлігі және әлемнің әр түкпіріндегі жанкүйерлерін біріктірген халықаралық қауымдастық туралы жазды.
Interia порталы журналист Дамиан Вестфальдың «Димаш Польшада: адам дауысының таңғажайып мүмкіндіктері» атты рецензиясын жариялады. Автор әншінің кең дауыс диапазоны оның орындаушылық шеберлігінің бір қыры ғана екенін атап өтеді. Журналистің назарын өнерпаздың өзіндік дауыс тембрі, вокалдық регистрлер арасында еркін ауысу қабілеті және әсерлі опералық үннің нәзік лирикалық әуезге табиғи ұласуынан көрінетін орындаушылық мәнері аударған. (muzyka.interia.pl)

Сондай-ақ автор жаңа туындылардың тұсаукесерін, көпшілікке бұрыннан таныс әндер мен қазақтың музыкалық дәстүрлерін тоғыстырған DIMENSIONS концерттік бағдарламасының жан-жақтылығына ерекше назар аударады. Әсіресе «The Story of One Sky» композициясы журналистке ерекше әсер қалдырған. Ол бұл туындыны адамдарды еліне, тіліне және шыққан тегіне қарамастан біріктіретін ортақ құндылықтар туралы терең толғаныс ретінде сипаттайды. Ауқымды сахналық қойылым өнерпаздың жеке өмірінен сыр шертетін естеліктерімен және көрермендермен еркін, жоспарсыз қарым-қатынасымен толықтырылды. (muzyka.interia.pl)
Бұл тақырып Zwierciadło басылымында да жалғасын тапты. Журналист Роберт Хоиньский «Оның дауысы жайлы түрлі аңыздар айтылуда. Әлемді бағындырып жүрген Димаш Құдайберген кім?» атты мақаласында әншінің шығармашылық жолына тоқталып, әңгімесін Краковтағы концерттен бастайды. Автор үш сағатқа жуық созылған өнер кешін опералық вокализдер, поп, рок, электронды музыка және қазақ фольклоры тоғысқан музыкалық саяхат ретінде сипаттайды.

Мақалада Димаштың музыка өнерін мұрат еткен отбасында тәрбиеленуі, білім алған жылдары мен халықаралық деңгейде танылу жолы баяндалады. Журналист өнерпаздың ұлттық мәдениетімен сабақтастығын сақтауға ерекше мән беретінін атап өтеді. Қазақ әндері мен ұлттық музыкалық аспаптардың да әншінің концерттік бағдарламаларында маңызды орын алатынын айтады. Ал түрлі тілдерде ән орындауын тыңдарманға деген құрметтің көрінісі ретінде бағалайды.
Мақалада Dears халықаралық жанкүйерлер қауымдастығына да ерекше назар аударылады. ICE Kraków орталығында өткен жанкүйерлер кездесуі мен Radio Dimash радиостанциясының қызметі музыкаға деген ортақ қызығушылықтың адамдар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, Қазақстан мәдениетін тереңірек тануға ықпал ететін бастамалар ретінде көрсетілген. Сонымен қатар басылым Димаштың қайырымдылық қызметі мен шығармашылығындағы гуманистік идеяларға да тоқталған.



