Димаш Құдайбергеннің жаңа DIMENSIONS әлемдік туры бастау алған Польшадағы алғашқы концертінен кейін өнер иесінің ата-анасы Қанат Айтбаев пен Светлана Айтбаева Radio Dimash радиостанциясында қонақ болып, радио ұжымына сұхбат берді.
Сұхбат барысында олар Димаштың балалық шағына қатысты естеліктерімен бөлісіп, поляк жұртшылығының ыстық ықыласы мен қонақжайлығына ризашылықтарын білдіріп, сондай-ақ концерттен алған ерекше әсерлерін де жеткізді. 18 қазанда Краков қаласындағы Tauron Arena сахнасында өткен жаңа концерттік шоу Димаштың әлемнің әр түкпірінен арнайы келген жанкүйерлерімен көптен күткен кездесуіне айналды.

Radio Dimash радиостанциясы алты жылдан бері тыңдармандарды қазақстандық әншінің шығармашылығымен таныстырып келеді. Радиостанция 2020 жылдың тамыз айында Польшаның Dimash Kudaibergen Fanklub Polska жанкүйерлер клубының бастамасымен хабар тарата бастады. Dears жанкүйерлерінің ерекше ынта-жігері мен шығармашылық белсенділігінің нәтижесінде жүзеге асқан бұл жоба алғашқы айлардан-ақ Польшадағы ғана емес, Еуропаның өзге елдеріндегі, Америка мен Австралиядағы тыңдармандардың да қызығушылығын тудырды.

Димаштың музыкалық шығармашылығы халықаралық аудиторияның әншінің туған жері — Қазақстанмен кеңінен танысуына жол ашты. Радиостанция эфирінде әншінің туындыларымен қатар, Қазақстанның мәдениеті мен салт-дәстүрлері туралы материалдар да ұсынылады. Осылайша, бір өнерпаздың шығармашылығына деген қызығушылық тыңдармандардың тұтас бір елдің мәдениеті мен рухани мұрасын танып-білуіне ықпал етіп келеді.




