19 қарашада Димаш Құдайберген мен оның халықаралық командасы DIMENSIONS жаңа концерттік турының Латын Америка кезеңі аясында Мексика астанасында өнер көрсетті.
Былтырғыдай, Мехикодағы концерттің билеттері сатылымға шыға салысымен түгел өтіп кетті. Концерт кешінде Palacio de los Deportes аренасының барлық орны әншінің жанкүйерлеріне толды.
«¡Buenas noches, México! ¡Qué alegría estar de nuevo con ustedes! ¡Los quiero mucho!» «Қайырлы кеш, Мексика! Сіздермен қайта қауышқаныма қуаныштымын! Сіздерді қатты жақсы көремін!»
Димаш жаңа турына арнап бірнеше ән жазды. Олардың қатарында махаббат туралы тебіреністі туындылар да бар.
Шоудың алғашқы бөлімінде шырқалған «Somebody Loves You» әні эпикалық сипаттағы бастапқы композициялардан кейін әншінің сезімтал да сыршыл қырын ашты. R&B мен джаз элементтері, әуеннің бір иірімінен екіншісіне жатық түрде ауысатын вокал тыңдарманды шынайы сезім әлеміне жетеледі.
Somebody sees you, somebody feels you
Someone who loves to hold your hand
Somebody wants you, somebody needs you
Someone who’ll never let you go
Мен сені әрдайым көріп, сезіп жүремін,
Қолыңды алақаныма алып ұстағым келіп тұрады.
Сен маған, мен саған әрдайым керекпіз.
Мен сенің қолыңды ешқашан жібермеймін.
Сөзін жазған – Риз Морган.
Жаңа ән көрерменнің жүрегіне жол тапты. Әр нотасы мен әр сөзін жүрек түкпірімен орындаған Димаш тыңдарманына ішкі сырын ашқандай болды. Көрермен әнді де, әншінің осы шынайы орындауын да ықыласпен қабылдады.
«Димаш өз әнінде бәрі жақсы болады десе, оған күмәнсіз сенесің. Бұл дүниеде сенен ешқашан теріс айналмайтын, әрдайым жаныңнан табылатын бір адам бар екеніне сенесің», – дейді жанкүйерлер.
Әнші мен оның Dears қауымының бір-біріне деген ықыласы әннің әр жолынан, айтылған әр сөзден, жанкүйерлердің естелік сыйлықтарынан сезілді. Әндер арасындағы үзілісте Димашқа өзін бала күнінен тәрбиелеп өсірген Құдайберген атасының суреті салынған алқа табысталды. Әнші алқаны тағып, сүйікті атасының осылайша сахнада өзімен бірге болатынын айтты.
Көрерменнің қошеметі кеш бойы толастаған жоқ. Залдан қол шапалақ пен испан тіліндегі құттықтау ұрандары естіліп тұрды. Димаштың бастауымен жұрт «Вива, Мексика! Вива, Қазақстан!» деп қосыла шырқады. Ал «Дурдараз» әнін орындап тұрып, әнші Расул Усмановтың телефонын алып, көрермен залын бейнеге түсірді.
Кештің күтпеген әрі қуанышты сәттерінің бірі Димашқа Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) құрмет белбеуінің табысталуы болды. Мексикалық жанкүйерлер сүйікті әншісін жылы құттықтап, оның халықтар арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Осы оқиға туралы толығырақ DimashNews материалынан оқи аласыздар.
Димаш ертең Мехикода екінші концертін береді. Достар, Palacio de los Deportes аренасына қош келдіңіздер!




