Перулік кахон – фламенко, джаз, рок, танго, самба, босс-нова секілді музыкалық жанрларды, сонымен бірге, латын және кариб дәстүрлі музыкаларын ерекше сүйемелдегені үшін кеңінен танылған, Перуден шыққан символикалық ұрмалы аспап.
2014 жылы кахон Перуде елдің мәдени мұрасы ретінде танылды, ал 2016 жылы Американдық мемлекеттер ұйымы (АМҰ) перулік кахонға «Peruvian Instrument for the Americas» халықаралық наградасын берді.
Кахон аспабын жасау үшін қызыл не кедр ағашын таңдаған дұрыс. Оның орташа өлшемі 15 мм қалыңдыққа 47 x 33 x 29 см. Музыкалық аспапта ойнау үшін кахон шебері, кахонеро, аспаптың үстіне жайғасып отырады да, екі тізесінің ортасына қысып алады. Қазіргі кахон аспаптарында тонды реттеуге арналған үш болт болады. Осы музыкалық аспаппен ойнай отыра, перкуссионист алақаны мен саусақтарының ұшының көмегімен түрлі үн шығара алады. Кахон аспабының дауысын байыта түсу үшін оның ішіне металл бұйымдар қосылады. Мысалы, резондық дыбыс шығару үшін Испанияда кахонның ішіне 3-4 металл шек қосылады.
Шығу тарихы
Кахон аспабының тарихы Испания отарлауы кезінде африкалық этникалық топтың құлдары Перуге келген XIX ғасырдың басынан бастау алады. Ұрмалы аспаптар дәстүрлі африкалық музыканың ажырамас бөлігі, сондықтан африкалық құлдар өздерінің ішкі дүниесін сыртқа шығару мақсатында осындай аспапты таңдаған. Испандықтар тыйым салған соң, африкалық құлдар өздері әкелген барабан аспабын пайдалана алмады. Алайда, музыкалық аспапта қатты ойнағылары келгені сол, бірде зат тасымалдауға арналған ағаш жәшіктерді тауып алады. Қарапайым затты әбден қарап болып, африкалық құлдар оны киелі ғұрыптары мен көркем өнер арқылы өз үнін жеткізуге қолдануды жөн көреді.
Кахон Перудің орталық және солтүстік жағалауынан шыққан земакека және тондеро секілді би түрлерін сүйемелдеуге қолданылды. Дәл осы билердің арқасында перулік музыкалық аспап кеңінен таныла бастады.
Кахонеро аспаптың бөліктерін пайдалана отырып, түрлі әдемі дыбыстардың бай спектрін шығара алады.
Мәселен, бұл музыкалық аспаптың шеті ерекше үн шығарса, орталық және басқа шетін қолдану арқылы мүлдем өзге үн естуге болады.
Еуропада таралуы
Испандық гитарист, музыкант және фламенко композиторы Пако де Люсия перулік кахон туралы алғаш рет 1977 жылы Оңтүстік Америкаға гастрольдік сапары кезінде білді. Лимдегі испан елшілігіндегі кеш барысында ол керемет музыкант-кахонеро Кейтро Сотоның қасында жүрген перулік әнші, әндердің авторы әрі фольклорші Чабука Грандамен танысады. Кейтро кахон аспабында ойнаған кезде Паконың оның керемет үніне есі кеткені сол, фламенкоға да осы дыбыс керектігін мәлімдейді.
Кахон аспабын фламенко музыкалық қауымдастығы қабылдаған соң, перкуссионистер фламенкоға қажетті үнді анықтап, бірінен соң бірі осы аспапта ойнауды игере бастайды.
Бүгінде кахон аспабында барабан таяқшалары және педальдің көмегімен де ойнайды. Тіпті, дыбысы акустикалық кахонға жетеғабыл электроакустикалық нұсқасы да қолданылады.
Гиннесс рекорды
2009 жылдың 11 сәуірінде актёр және афро-нерулік музыкант Рафаэль Санта Крус екінші халықаралық перулік «Кахон» фестивалін ұйымдастырды. Сол кезде ең көп адам бір мезетте кахон аспабында ойнап, Гиннесс рекордтар көрсеткішін жаңартты. Маэстро Марко Оливеростің жетекшілігімен 1000-нан астам кахонеро «La Fiesto del Cajon» шығармасын орындады.
DK Perú Dears Fan Club Official