Димаш Құдайбергеннің продюсерлік бастамасымен жүзеге асқан «Voice Beyond Horizon» жобасына 6 елден 8 өнерпаз қатысты. Байқау қорытындысы бойынша қазақстандық әнші Нұржас Садырбаев жеңімпаз атанды. Ал үздік үштіктің қатарынан лоын алғандар – Қытайдан келген әнші Цай Чэнъюй мен малайзиялық вокалист Джерил Ли.
DimashNews редакциясы жоба жүлдегерлерімен сұхбаттасып, олардан жоба, Димашпен жұмыс тәжірибесі, жоспарлары мен армандары туралы пікірлерін сұрады.
ЦАЙ ЧЭНЪЮЙ (ҚЫТАЙ)

«Voice Beyond Horizon» жобасына қатысуыңызға не түрткі болды? Кәсіби опера әншісі ретінде осы жаңа форматтағы шоуға қатысу алдында қандай да бір күмән немесе толғаныс сезімдерін бастан өткердіңіз бе?
Димаш – мен ерекше құрметтейтін өнерпаз. Біз бірнеше жыл бұрын Қытайда жемісті ынтымақтастық орнатқан болатынбыз. Сондықтан оның еліне келіп, осы бағдарламаның түсіріліміне қатысу мен үшін үлкен қызығушылық тудырды. Бұған дейін Қазақстанды мен Димаштың Отаны әрі табиғаты көркем ел ретінде ғана елестететінмін, ал қалғаны көбіне қиялыма негізделген еді.
Екі жыл бұрын мен Ұлы Жібек жолының бастау нүктелерінің бірі саналатын Хэси дәлізіне саяхат жасадым. Қазақстан осы тарихи жол бойындағы маңызды мемлекеттердің бірі болып табылады. Жоба аясында қазақ халқының салт-дәстүрлерімен жақынырақ танысу, мәдениеті мен тарихының тереңдігін сезіну және қонақжай қазақстандықтармен жүздесу – осының бәрі маған ерекше әсер қалдырды. Шын мәнінде, бұл елге келуімнің басты себептердің бірі де осы болды.
Менің қызметімде де әртүрлі жанрлардағы жобалар жиі болады. Мұндай жұмыстар барысында көптеген келісімдер мен өзгерістер орын алып жатады. Дегенмен сахнаға шығып, көрерменнің ықыласын сезінген сайын атқарылған еңбектің еш кетпегеніне көз жеткіземін. Сондықтан мен әрдайым жаңа әсерлерді асыға күтемін.
Шоу барысында эстрадалық музыканы орындау кезінде өзіңізге тән опералық вокал техникасына елеулі өзгерістер енгізуге тура келді ме? Бұл үдеріс қандай әсер сыйлады?
Әртүрлі музыкалық стильдегі шығармаларды орындау барысында, сондай-ақ микрофон, құлаққап секілді техникалық құралдарды пайдалану кезінде белгілі бір бейімделу қажет болады. Мен үшін басты міндет – өзіме тән орындаушылық мәнерді сақтай отырып, сонымен қатар жаңа музыкалық элементтерді енгізу арқылы тепе-теңдікке қол жеткізу. Бұл – менің мақсатым әрі үздіксіз ізденіс жолым. Бұның бәрі сынақ, ал мен шығармашылық сынақтарды ұнатамын.

Бағдарлама барысында сіз көптеген музыкалық стильде өнер көрсеттіңіз. Солардың қайсысы сіз үшін тың тәжірибе мен шығармашылық серпіліс болды? Болашақта мұндай шығармаларды концерттік репертуарыңызға енгізуді жоспарлайсыз ба және қандай жаңа музыкалық стильді меңгергіңіз келеді?
Бұған дейін рэп орындаушыларымен бірлескен жобаларға қатысқаныммен, мен әннің әуенін орындауға жауапты болатынмын. Ал бұл жолы алғаш рет ресми сахнада рэп жанрында өзімді сынап көріп едім, бұл тәжірибе маған ерекше әсер қалдырды.
Мен үшін репертуарға шығарма таңдаудағы басты өлшем – оның сапасы мен тыңдарманды қайта-қайта тыңдауға ынталандыратын құндылығы. Мен музыканы қатаң түрде жанрларға бөліп қарастырмаймын. Егер туындыны ұнатып, құнды деп есептесем, оны орындауға әрдайым дайынмын.
Финалда Нұржаспен орындаған дуэтіңіз бағдарламаның ең жарқын сәттерінің біріне айналып, музыка арқылы шекарасы жоқ достық пен шығармашылық үндестікті көрсетті. Бағдарлама түсірілімі барысында достасып кеттіңіздер ме? Бұл халықаралық шығармашылық ынтымақтастықтан қандай әсер алдыңыз?
Нұржас – тамаша дос. Біз әртүрлі тілде сөйлегенімізбен, қарым-қатынас барысында оның жанарынан шынайылық пен тазалықты көрдім. Ал оның музыкасы да осы қасиеттерін айқын көрсетеді. Болашақта Нұржастың Қытайға келіп, тағы да бірлескен жобаларда жұмыс істеуіне мүмкіндік туады деп үміттенемін.
Сіз Димашты көп жылдан бері танисыз. Кәсіби музыкант ретінде қарастырғанда, «Singer» жобасынан бері оның сахналық шеберлігі мен әртістік болмысынан қандай өзгерістер байқадыңыз? Ал әнші әрі тұлға ретіндегі қандай қасиеттері өзгеріссіз қалды?
Димаш – ерекше дарын иесі. Менің ойымша, ол кез келген музыкалық бағыттағы шығарманы жоғары деңгейде орындай алады, ал оның сахнадағы өнері мұны үнемі дәлелдеп келеді.
Мен оны алғаш рет сахнадан көрген сәттен бастап-ақ оның музыкасындағы шынайылықты сезіндім. Ол өз болмысын көрерменмен еш боямасыз, табиғи күйінде бөліседі. Мұндай қасиетке ие әртістің өмірде де шынайы болуы заңды құбылыс. Біздің қарым-қатынасымыз барысында ол әрдайым қарапайымдылық пен сыпайылығын танытып отырды.
Бұл жобада сіз әнші әрі жүргізуші рөлдерін қатар алып жүрдіңіз. Екі міндет бір-біріне кедергі келтірген жоқ па? Жүктеменің дауысқа әсері байқалды ма? Осындай жағдайда тепе-теңдікті қалай сақтай алдыңыз?
Жүргізушілік мен үшін де тың тәжірибе болды. Әр шығарылым алдындағы дайындық пен түсірілімнен кейінгі талдау жұмыстары ерекше ұнады. Бұл маған жобаның барлық кезеңіне терең бойлап, шығармашылық процеске толыққанды араласуға мүмкіндік берді. Осындай шабытқа толы күй энергиямды сақтауға көмектесті.
Егер алдағы уақытта жаңа шығармашылық ынтымақтастық мүмкіндігі туындаса, кіммен бірге жұмыс істегіңіз келеді? Ал опералық дуэт орындау қажет болса, қандай классикалық арияны таңдар едіңіз?
Бұл жобадағы әрбір қатысушы өзіндік қайталанбас музыкалық мәнерімен ерекшеленді. Олар сахнаға шыққан сайын мен үшін жаңа шығармашылық жаңалық ашылғандай әсер қалдыратын. Өзгенің тәжірибесінен үйрену арқылы дамимыз ғой. Сондықтан бұл жоба мен үшін кәсіби көкжиегімді кеңейтудің тамаша мүмкіндігіне айналды. Біз бір-бірімізбен достасып үлгердік, сондықтан мүмкіндік туса, олардың әрқайсысымен қайта қауышып, бірге жұмыс істегім келеді.
Опералық репертуарға келсек, таңдау өте кең. «Nessun dorma» және «La donna è mobile» секілді әйгілі ариялардан бастап, «Libiamo ne’ lieti calici» мен «Au fond du temple saint» сияқты дуэттерге дейін көптеген нұсқалар бар. Бұған қоса октеттер мен нонеттер сияқты күрделі вокалдық шығармаларды да орындауға болады. Тіпті біздің бағдарламаның қатысушылар құрамы тұтас бір опералық қойылым жасауға әбден лайық деп ойлаймын (күледі).
Қазақстанға жасаған осы сапарыңыз барысында Сізге ерекше әсер еткен сәттер қандай болды? Есте қалған оқиғалар туралы айтып берсеңіз.
Бұл сапардағы әрбір аялдама мен үшін жаңа тәжірибенің бастауы болды. Жоғарыда атап өткенімдей, табиғаты көркем, тұрғындары мейірімді әрі ашық мемлекет. Түркістан өңірінде біз ежелгі Отырар қалашығына барып, тарихпен жүздескендей әсер алдық. Ақтауда Бозжыра шатқалы мен мың теңгелік банкнотта бейнеленген Боқты тауын тамашаладық, сондай-ақ каньон аумағынан ежелгі теңіз дәуірінен қалған қазба қалдықтарын іздеуге тырыстық.
Алманың астанасы Алматы шаһарында, біз Қайыңды көлінің ғажайып табиғатын тамашалап, жергілікті ауыл тұрғындарының ерекше қонақжайлығына куә болдық. Астанада заманауи сәулет келбетін, айбынды опера және балет театрын көрдік, сондай-ақ метро құрылысында еңбек етіп жүрген қытайлық жұмысшылармен жүздестік. Мұның барлығы менің жадымда ерекше әсер ретінде сақталды.
Алайда ең маңыздысы – осы ұмытылмас сапарды бағдарламаның барлық қатысушылары бірге бөлісті. Жиырма күннен астам уақыт ішінде біз шынайы достарға айналдық. Музыка әртүрлі елден келген, әртүрлі тілде сөйлейтін өнерпаздарды бір арнаға тоғыстырды. Мен бұл жарқын естеліктерді өмір бойы жүрегімде сақтап, болашақта бәріміздің қайта қауышатынымызға кәміл сенемін.
ДЖЕРИЛ ЛИ (МАЛАЙЗИЯ)

Димаш Сіздің атыңызды жүлдегер ретінде жариялаған сәттегі сезімдеріңізбен бөліссеңіз.
Мен ешқашан үздік үштіктің қатарына енемін деп ойлаған жоқпын, себебі шоуға қатысқан өнерпаздың барлығы талантты. Димаш менің есімімді атаған сәтте қатты таңғалдым әрі ерекше толқыныс сезімін бастан өткердім. Сонымен қатар осыншама дарынды әртістердің арасынан менің еңбегімнің бағаланып, лайықты түрде аталғанына шын жүректен ризашылық білдірдім.
Финалдаағы өнер көрсетуіңіз көрермендерге ерекше әсер мен эмоция сыйлады. Неліктен дәл осы әнді таңдадыңыз? Дайындық барысы мен Princ-пен дуэттік жұмысыңыз туралы айтып берсеңіз.
Финалға арналған екі ән нұсқасы болды: бірі мандарин (қытай) тіліндегі шығарма, екіншісі Princ-тің әні еді. Нәтижесінде біз Princ-тің композициясын таңдадық, өйткені оның энергетикасы әлдеқайда мықты әрі ауқымды финалдық қойылымның рухына көбірек сәйкес келеді деп шештік. Princ тіпті ән мәтінін ағылшын тіліне аударуға досының көмегіне жүгінген еді. Бізге бірге жұмыс істеу өте қызықты болды және әрбір дайындық пен сахналық сәттен шынайы ләззат алдық.
Өзіңіз туралы аздап айтып өтсеңіз. Қай жерде білім алдыңыз және музыкалық жолыңызға ықпал еткен ұстаздарыңыз бен тәлімгерлеріңіз кімдер болды?
Мен Малайзияда білім алдым. Алайда музыкалық мансабыма толықтай ден қою мақсатында мектептен ерте кетіп қалдым. Менің өмірімдегі ең басты тәлімгерім, сөзсіз, анам болды. Музыка әлеміне алғашқы қадам жасауыма да дәл сол кісі себепкер болды, өйткені анамның өзі ән айтуды ерекше жақсы көреді. Жеті жасымнан бастап түрлі вокалдық байқауларға қатыса бастадым. Анам мені әртүрлі жарыстар мен концерттерге ертіп барып, ән айтуыма барынша қолдау көрсетті. Уақыт өте келе музыка индустриясындағы мамандар мені танып, түрлі телебағдарламаларға шақыра бастады. Осы жолда анамның әрдайым бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетуінің арқасында өзімді өте бақытты әрі жолы болған жан ретінде сезінемін.
Әлі жап-жас болсаңыз да, музыкалық армандарыңыздың кейбірі орындалып қойғандай?
Менің ойымша, бір кездері армандаған көптеген мақсаттарым бүгінде жүзеге асты және бұл үшін өзімді өте бақытты адаммын деп есептеймін. Дегенмен ең үлкен арманым әлі де орындалған жоқ. Ол – әлемнің әртүрлі елдерін қамтитын жеке концерттік тур ұйымдастыру. Осы мақсатқа жету үшін тынымсыз еңбек етіп келемін және арманымның жүзеге асатынына сенемін. Бір күні бұл да орындалатынына сенемін.
Бұл Сіздің Қазақстанға алғаш рет келуіңіз бе? Сапар барысында Сізді не ерекше таңғалдырды, не нәрсе көбірек ұнады және қандай да бір қиындықтар кездесті ме?
Иә, бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым болды. Менің ойымша, Қазақстан – табиғаты ерекше көркем әрі таңғажайып мемлекет. Елдің әсем пейзажы, қонақжай халқы, тағамдары мен бай мәдениеті маған үлкен әсер қалдырды. Айтарлықтай қиындықтарға тап болған жоқпын. Тек әртүрлі қалалар арасында ауа райының өзгеруіне бейімделуге тура келді. Жалпы алғанда, уақытты өте тамаша өткіздім. Таңғы сағат бесте оянып, түсірілімге дайындалу кейде оңай болмағанымен, сол сәттердің әрқайсысы оған тұрарлықтай болды.
Өткенге көз жүгіртсек, бұл жобаға қалай келдіңіз?
Меніңше, бұл тағдырдың сыйы болды. Димаштың маған сенім артып, осындай мүмкіндік бергені үшін шексіз ризамын.
Шоуға қатыспас бұрын Димаштың өнерімен таныс па едіңіз? Сіздің музыкалық ұстанымыңыз бен оның орындаушылық стилі арасында ұқсастықтар бар деп ойлайсыз ба?
Әрине. Оның вокалдық мүмкіндіктері мен сахналық өнері шын мәнінде ерекше әрі таңғаларлық деңгейде. Маған оның өнерін сахнадан тамашалау бақыты бұйырды. Әрбір әнін тыңдаған сайын ерекше әсер алып, бойымды толқыныс билейді. Меніңше, біздің музыкаға деген көзқарасымызда белгілі бір ұқсастықтар бар.
Болашақта Димашпен дуэт орындауды қалар ма едіңіз? Егер сондай мүмкіндік туса, қандай әнді таңдар едіңіз?
Әрине, бұл мен үшін үлкен мәртебе болар еді. Бір күні Димашпен бір сахнада дуэт орындау – мен үшін зор құрмет. Шынын айтсам, әзірге нақты қандай әнді таңдайтынымды білмеймін. Дегенмен онымен бірге өнер көрсету мүмкіндігінің өзі мен үшін тағдырдың ерекше сыйы болар еді.
Алдағы жоспарларыңыз, ұзақ мерзімді армандарыңыз бен мақсаттарыңыз қандай?
Қазіргі уақытта жаңа музыкалық жобалармен жұмыс істеп, алдағы әндерімді шығаруға дайындалып жатырмын. Сонымен қатар келесі жылы жеке концертімді өткізуді жоспарлап отырмын. Ұзақ мерзімді мақсаттарыма келер болсам, өнер иесі ретінде үздіксіз дамуды, өз музыкамды әлемнің түкпір-түкпіріндегі тыңдармандарға жеткізуді қалаймын. Сондай-ақ халықаралық концерттік тур өткізу туралы ең үлкен арманымды жүзеге асыруға үміттенемін.
Шоудың форматы дәстүрлі музыкалық байқаулардан айтарлықтай ерекшеленеді. Бұл тәжірибені сіз үшін ерекше әрі қызықты еткен қандай қырлар болды?
Осы жобаның ең құнды тұстарының бірі – Қазақстанның көптеген көркем өңірлерін аралап, елдің мәдениетімен және дәстүрімен жақынырақ танысу мүмкіндігі болды. Бұл тек музыкалық жарыс қана емес, сонымен қатар мәдени-танымдық саяхатқа айналды. Шынымды айтсам, мен қазірдің өзінде Қазақстанды сағына бастадым.
