Шебер аспапшы, сыбызғышы – Санджай Алмишев

1370

Сыбызғы – қазақ халқы үшін ең нәзік үнді үрмелі аспаптардың ішіндегі ерекшесі. Ол көшпелі халықтың музыкалық өнерінің ажырамас бөлігі. Ерекше дыбысы тыңдарманды бірден елтіп әкететін аспап бір кездері тарих беттерінен жоғалып, соңғы уақыттарда қайтадан сұранысқа ие бола бастады.

Жыл сайын кәсіби сыбызғышылар саны артып келеді. DimashNews редакциясы олардың бірі – Димаштың шебер сыбызғышысы Санджай Алмишевпен сұхбатты ұсынады.

– Санджай, сіздің сыбызғыда ойнаған туындыларыңыз тыңдарманды бей-жай қалдырмайды. Нәзік үн мен музыкалық үйлесім ерекше әсер қалдырады. Сұхбатымыздың басында өзіңіз туралы айтсаңыз, музыка әлеміне басқан қадамыңызды да білгіміз келеді?

– Менің шығармашылығымды жоғары бағалағандарыңыз үшін үлкен рахмет! Мен 1994 жылы 30 наурызда Ресей Федерациясының Тверь қаласында дүниеге келдім. Мен 3 жасымда отбасыммен Жезқазғанға қоныс аудардық. Шығармашылыққа қызығушылығым осы жерде басталды. Мектепте оқып жүргенімде анам мені домбыра үйірмесіне берді. Музыкаға әуестік мені одан әрі шабыттандыра түсті. Сондықтан музыкаға кәсіби түрде бет бұруға шешім қабылдадым. 2013 жылы Жезқазған музыкалық колледжінің қыл-қобыз класын үздік бітіріп, білімімді ойланбастан Нұр-сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде жалғастырдым. 2014 жылдан бастап Қазақстан Республикасы МКҚ Президенттік оркестрінің құрамында ойнаймын.

– Сізді сыбызғы несімен қызықтырды? Ұмыт бола бастаған аспапты таңдауыңызды себебі неде? 

– Сыбызғы шынымен де ерекше, нәзік музыкалық аспап. Бұл көптеген көшпелі және қазіргі Орта Азия халықтары пайдаланатын флейта түрі. Әр елде атауы бөлек. Ал, бізде-сыбызғы. Сыбызғы – Қазақстан аумағында өткен ғасырларда қолданыстан шыға бастады. Оған көптеген факторлар әсер етті. Мысалы, Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі қоныс аудару, аспап жасайтын материалдың бірте-бірте жойылып кетуі және тағы басқалар. Осындай жағдайлардан соң көшпенділерде кең тараған аспаптар сирей бастады. Тәуелсіздік алғаннан бастап, батыс Моңғолия мен Қытай аумағында тұратын, сыбызғы өнерін сақтап қалған және дамытып жүрген қазақтармен байланыс орнады. Осылайша, олардан үйрене отырып ұмыт болған сыбызғымыздың үнін қайтаруға қол жетті.

– Бұл аспаптың халқымыздың дәстүрлі музыкалық өнеріне қайта оралғаны шынымен қуантады. Сіз сыбызғыны қалай үйрендіңіз?

– Сыбызғыда ойнауды колледжде досым әрі курстасым Азамат Бакиядан үйрендім. Ол қазір біз пайдаланып жүрген заманауи сыбызғыны жасаған адам. Азамат маған «Үйрен, артық болмайды!», – деді бірде. Қобызда ойнайтыным да жетеді деп, бірақ кейін ұзақ ойландым. Ол талап ете берді. Алғашында кем дегенде дыбыс шығаруды үйренемін деп келістік.Нұр-сұлтан қаласына көшкеннен кейін менде бұл аспапқа қызығушылық оянды. Қазақ ұлттық Университетіне түскеннен соң мен Президент орекстріне сыбызғышы болып жұмысқа тұрдым. Аспапта ойнау техникасын жетілдіріп, одан әрі өзімді шыңдай бердім. Сөйтіп сыбызғы репертуарының шекарасын кеңейттім.

– Сіз тағы қандай да музыкалық аспаптарда ойнай аласыз? Қай аспап ұнайды? 

– Сыбызғыдан бөлек, мен фортепиано, қобыз, домбыра, Әзірбайжан аспабы балабан мен Қытай флейта диында ойнаймын. Мен барлық аспаптарды қатты жақсы көремін, бірақ менің жүрегімде сыбызғы ерекше орын алады.

– Санджай, Димашпен қай уақыттан бері жұмыс жасай бастадыңыз?  Қалай басталды?

– Димашпен  оның  2017 жылы Нұр-Сұлтандағы «Бастау» атты алғашқы жеке концертінен кейін жұмыс істей бастадық. Сол кезде қазақ нөмірлеріне сыбызғы жазу керек болатын. Бұл іс сәтті аяқталды. Осыдан кейін оның концерттерінде өз париямды орындауға мүмкіндік алдым. Содан бері мен әр концертте Димаштың командасының мүшесімін.

– Концерттердің қайсысы ерекше есте қалды? Тур барысында қандай қызықты сәттермен бөлісе аласыз?

– Айту қиын, өйткені барлық концерттер ерекше. Ал егер бөліп айтар болсам, Нью-Йорктегі концерт мен үшін ерекше. Шынымен де әсерлі және тебіреністі сәттер мен эмоцияға толы болды. Мәскеудегі концерттен кейін қызықты жағдай болды. Бір кездері Айқын айтқандай, Мәскеуде өткен концерттен соң біз басқа да аспапта ойнайтын құраммен көшеге шығып, Димаштың жанкүйерлерін қарсы алдық. Олар бізден қолтаңба алып, бірге суретке түсуімізді сұрады. Менің бұл кездесуден түйгенім Димаштың шетелдік тыңдармандарына оның елінің мәдениеті мен  ұлттық аспаптары да қызық екен. Ал Dear-лардың бірінің қолынан домбыраның таңбасын көрдім (тату). Түрлі түстермен өте ерекше жасалған. Бұл жай ғана домбыраның интернеттен алынған суреті емес екенін ұқтым. Осы татудың өзі маған қатты әсер қалдырды.

– Әлемдік үлкен сахналарға шығар алдында толқисыз ба, қобалжу бола ма?

– Әрине, сахнаға шығар алдындағы алғашқы бірнеше секундта әрқашан қобалжу болады. Бірақ, сахнаға шыққаннан кейін мен рахат сезімге бөленемін, қуаныш кернейді. Басқа ештеңе сезбеймін! Әсіресе, көрермендердің қолдауы қорқыныш пен күдікті жойып, керемет қуат береді.

– Сіз өзіңізге музыка жазған уақыт болды ма?

– Жоқ. Мүмкін, әлі уақыты келген жоқ. Бірақ болашақта, шын жүрегіммен қалаған уақытта өзімнің авторлық туындым міндетті түрде болатынына сенемін.

– Сізге музыканың қандай жанры ұнайды? Заманауи музыканы қалай қабылдайсыз?

-Бәрінен бұрын маған этникалық музыка ұнайды. Әрине, салаларында этно-джазда бар. Ал заманауи музыка…  Егер сіз поп-мәдениетті меңзеген болсаңыз, шынымды айтсам бұл жанрдың жанкүйері емеспін. Мен поп-музыканы тыңдамаймын және оған аса мән бермеймін де.

– Көптеген адамдар үшін карантин уақыты қиындық туғызды. Сіз үшін қалай болды?

– Мен үшін жемісті болды деп айта аламын! Шығармашылықпен айналыстым, көп шараларға қатыстым, магистрлік диссертация жаздым және өнертану ғылымдарының магистрі дәрежесін қорғадым.

Әңгімеміздің соңында алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

– Менің алға қойған мақсаттарым да болашаққа жоспарым да көп. Өкінішке орай, бәсекелестікке байланысты ашып айта алмаймын. Жуырда мен сіздерді бір ісіммен таң қалдырамын деп үміттенемін!

– Сәттілік тілейміз! Қызықты әңгімеңіз үшін рахмет!