Ұлттық құндылықты қуыршақ арқылы ұлықтаған – Гүлнар Хамза

2042

Ұлттық киім – бұл халықтың мәдениеті мен дәстүрінің айқын көрінісі. Қазақтың ұлттық киіміндегі әр ою мен өрнектен қолөнердің озық үлгісін көруге болады. Одан тұрмыс, табиғатпен байланысы, тұтас дүниені бөлшектеп суреттеген бейнені көруге болады.

Ғасырлардан жалғасқан өнерді насихаттап жүргендердің бірі – алматылық дизайнер Гүлнар Хамза. Бұл оның сүйікті ісі, хоббиі. Ерекшелігі сол зерленген бешпент, оюлы кәжекей, түрлі көлемдегі сәукеле мен кимешекті ол қыз-келіншектерге емес қуыршаққа арнап тігеді. Кішкентай өлшем – көз жанарын сарп ететін, төзімді талап ететін жұмыс. Гүлнардың ісі ермек емес еңбек.

Қуыршақты ұлттық үлгіде киіндіру Гүлнардың ойына қайдан келді?

Дизайнер шет елде білім алып жүрген қыздарына бармақшы болады. Сыртта жүрген балалары өз елінің ерекшелігін өзгелерге мақтанышпен көрсетсе деген ой келеді. Сөйтіп, дүкен аралап, қазақтың ұлттық киімдеріне қатысты кәде сый таппайды. Ойындағы дүние жоқ. «Неге оны өзім жасамасқа?» деп іске кірісіп кетеді. Гүлнардың қолөнерге қызығушылығы осылай басталып, қазір кәсіпке айналды.

Гүлнардың негізгі мамандығы – инженер техникалық сала. Десе де бала кезден шығармашылыққа жаны жақын болды. Кішкентайынан ине-жіппен дос болды. Тоқу мен тігінді жақсы көретін. Көз майын тауысатын ұсақ жұмыстың нәтежиесін көргенде ләззат алатын іс қазір оған жан рахатын сыйлайды.

Гүлнардың алғашқы қуыршағының киімі де тігісі де қарапайымдау болды. Көз тартар дүние шығу үшін шыңдалу қажеттігін түсінген дизайнер тігіннің әдістерін, ою-өрнек салудың түрлерін ғаламтор арқылы іздей бастады. Қолының ебі бар ол өз-өзін дамыта отырып, матаға жаңа рең берудің алуан түрін меңгерді.

Қазір бұл іске Гүлнардың қолы әбден машықтанды. Бұрын қуыршаққа бір ұлттық костюмді ұзақ тіксе қазір бір апталық жұмыс. Күрделі болса он күнде дайын болады. Ол үшін арнайы шеберхана мен қымбат құрылғылардың қажеті жоқ. Үйде отырып-ақ жасай береді.

«Өз жұмысымның нәтежиесін көріп, қолымнан келетініне көз жеткізген соң бұл іспен табыс табуға болатынын түсіндім. Менің алғашқы коллекциямда ұлттық киімдегі 15 қуыршақ болды. Көбі бірден сатылып кетті. Ең алғашқы қуыршақты Италияда сатып алды. Бірақ мен тек сатып, пайда табу үшін жасамаймын. Уақытымды өзіме ұнайтын жұмысқа арнау үшін жасаймын. Бұл мен үшін жан рахаты. Кейде әдемі мата, жылтыр сумоншақтарды көрген кезде шабыттанып кетемін. Алған бойда іске кірісіп кететін уақыт болады», – дейді дизайнер.

Бас киіміне көп мән беріледі. Өйткені ол әйел адамның жасын, мәртебесін көрсетіп тұрады. Сәукелені ұзатылған қалыңдық киеді. Бойжеткендер тақия мен бөрік, кішкентай қыздар төбетей киген. Бірнеше баланың анасы, ересек әйелдердің басынан кимешек көресің.

Қазақтың ұлттық бас киімдеріне бағалы терілер мен әшекейлер пайдаланған. Күміс зер, құндыз бөрік. Осы құндылықтарды естен шығармаған Гүлнар оның көшірмесін қуыршақ киімі арқылы тиімді жеткізуге тырысады. Оның әр қуыршағының омырауында алқа, бойтұмар, шашында шашбау мен шолпы бар. Аяқтарына сумоншақпен оюланған мәсі кигізеді. Мұның барлығын өз қолымен тігеді.

«Камзол мен бас киімді өз қолыммен тігемін. Машинкамда мұндай ұсақ дүниелерді тігетін мүмкіндік жоқ. Жеңін де инемен кестелеймін. Тек бүрмелі көйлек етектерін жиыру үшін машинканы пайдаланамын. Қалғаны өз қолыммен жасалады. Еңбегімнің маңызы да осы, инені сабақтап отырып, тігу», – дейді ол.

Ұлттық киім тігу үшін сан алуан мата түрін пайдалануға болады. Гүлнар қазақы киімдерді адамға емес кәдесый қуыршағына тігу үшін көбіне нәзік маталарды қолданады. Шифонды тігу оңайырақ. Сондай-ақ, жібек, мақпал, велюр маталардан тігеді. Ал түсі дизайнердің өз талғамы мен шығармашылық қиялына байланысты.

«Кейде ұлттық ерекшеліктен ауытқып кететін туындылар да болады. Бірақ ұстанымым ұлттық құндылықтың ерекшелігін ұстану. Қуыршаққа ерекше сән беру үшін кейде өз қиялымды да жүзеге асырамын. Қазір мен тек әйелдер костюмін ғана тігіп жүрмін. Алдағы уақытта ер қуыршақтарға да ұлттық киімдер тігуді қолға алмақшымын. Біздерде қуыршақ шеберлері бар бірақ олрдың костюмдеріне мән беретіндер аз», – деп Гүлнар өз ойымен бөлісті.

«Әрине, мен дәстүрлі костюмнен біраз ауытқып кетемін, бірақ дизайнды мүмкіндігінше сақтауға тырысамын. Мен сәл безендіремін, өйткені бұл қуыршақ бейнесі. Қазір мен тек әйелдер костюмдерін тігемін, бірақ болашақта ерлердің костюмдерін де тігуге тырысғым келеді. Сонымен қатар, қуыршақтарды өзіңіз жасай бастаңыз. Бізде қуыршақ шеберлері көп, бірақ костюмдерге назар аударатындар өте аз », – дейді Гүлнара Хамза.

Қазір Гүлнардың қуыршақтары Қытай, Австралия, Канада, АҚШ, Германия, Ресей және Италия сияқты бірнеше елдерге сатылды. Наурыз айында қазақстандық дизайнер Еуропада өтетін қолөнер көрмесіне шақырту алған. Алайда әлемді жайлаған пандемияға байланысты шара өтпей қалды. Бірақ Гүлнар үмітін үзбейді. Ол өзін танытуға әлі талай мүмкіндік туып, шақырту алатынына сенімді.

«Менің бойымда қазақтың қаны бар. Сондықтан жүрегім халқым үшін, өз ұлтымның мәдениеті, салт-дәстүріміздің насихатталуы деп соғады. Еліме деген құрметім қандай болса қолға алған ісіме де жауапкершілігім сондай шексіз. Әр киімді махаббатпен тігемін. Өйткені оны көрген адам «Мәссаған, қазақтың ұлттық киімі қандай керемет» деп таңдай қақса деймін. Сондықтан кішкентай жұмыстың астарында үлкен мән және сүйіспеншілік жатыр» – дейді алматылық Гүлнар Хамза.