Baqytty Bala: Балалардың арманын орындау үшін барлығын жасауымыз керек

1775

Бүгін 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні, сондай-ақ бүгін халықаралық «Baqytty Bala» балалар вокалды конкурсының туған күні. Шараны Димаш пен оның командаы, сонымен бірге туған Ақтөбе қаласы ұйымдастырып келеді.

 

Мұндай конкурсты ұйымдастыру туралы ұсынысты Димаштың «Dimash Salem» фан-клубы ұсынған болатын. Фанаттар мұндай жобаның Димашқа сай келетінін айтқан. Өйткені, Димаш конкурстарға қатысу арқылы шғармашылық жолын бастаған. Бір жағынан әнші балаларды өте қатты жақсы көреді. Бұл идея Димаштың да, ата-анасының да көңілінен шықты.

Жоба 2018 жылы Ақтөбе облысының сол кездегі әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен жүзеге асырыла бастады. Оның үстіне сол уақытта Ақтөбеде балалар жылы жарияланған болатын, балаларға арналған қызықты жобаларды қарастырып жүрген жергілікті билік бұл идеяға қолдау танытты.

Конкурсты Ақтөбе қаласы әкімдігі мен Димаштың командасы – «ДимашАли» орталығы ұйымдастырады. Кәсіпкерлер мен Ақтөбенің шығармашылық ұжымдары, сонымен бірге, «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы қолдау білдірді.

«Baqytty Bala» – өзге елдерден балалар шақырылатын, Қазақстандағы жалғыз, жыл сайынғы конкурс. 10 жасқа толған, бірақ 16-дан аспаған, қай елде тұрмасын, кез келген бала онлайн видео-өтініш жолдай алады, ал Димаш пен командасы 20 үздікті анықтайды. Алғашқы жылы 400-ден астам өтініш түсті, ал екінші жылы 10 елден түскен шамамен 1000 өтініш келіп түсті. Финалға 8 елден қатысушы ілікті.

«Baqytty Bala» – бұл тек балалар өз өнерін сынап, жүлде алатын сайыс қана емес. Бұл – кәсіби мамандармен жұмыс: конкурс пен Гала-концертте қойылатын нөмірлерді Димаштың өзімен жұмыс істейтін режиссер Анна Обоянская әзірлейді. Конкурс уақытында балалар жаңа достар табады, қаланың көрікті жерлерін аралайды, ойын-сауық бағдарламалары бар, дайындықтарға қатысады.

Ақтөбе конкурсанттарды құрметті қонақтардай қарсы алады. Конкурс қаланың жаңадан салынған бас сахнасы – «Өнер орталығында» өтеді. Балалар мен ата-аналары, қазылар алқасы мен ұйымдастыру комитетінің мүшелері қала маңындағы демалыс аумағына орналастырылады, ол жерде шағын жағажай мен спорт алаңдары, тіпті, жануарлар саябағы бар.

Балалардың өнеріне құрамында танымал артистер мен педагогтар, композиторлар бар халықаралық қазылар алқасы төрелік етеді. Қазылар алқасының қатарында осыған дейін Ресейдің еңбек сіңірген артисі, композитор В.Э.Евзеров, Өзбектанның еңбек сіңірген артисі, әнші әрі педагог Нодира Пирматова, Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Жеңіс Ысқақова, Ұлықпан Жолдас, Марат Әйтімов, халықаралық конкурстардың лауреаттары, украиналық Влад Сытник пен Аида Николайчук, Грузиядан Нино Цнобиладзе, танымал влогер, Түркиядан әнші әрі вокалды коучер Эмре Юселен, саунд-продюсер Ерлан Бекчурин болды.

Әрине, конкурс жеңімпаздары мен лауреаттары ұйымдастырушылар мен демеушілер тарапынан қомақты қаржылай сыйлыққа ие болады. Тағы бір ерекшелік, барлық қатысушының арманына айналған сыйлық – Димаштың сыйлығы. Димаштың жеке концертіне жолдама мен онымен бір сахнада ән айту. Мұндай бақытқа Ақтөбеден Нарғыз Жанұзақова ие болды, Лондонда өткен концертте ол Димашпен сахнада өнер көрсетті. Сонымен бірге, нұрұлтандық Айкерім Тілеубек Нью-Йорктің әйгілі «Barclays Centre» сахнасында Димашпен дует орындады.

«Baqytty Bala» байқауынан кейін финалистерде сенім пайда болады, жаңа жетістіктерге қадам жасауға мүмкіндіктер туындайды. Мысалы, Ержан Максим «Baqytty Bala» Гран-Приінен кейін Ресейдегі «Голос. Дети» байқауының жеңімпазы әрі сенсациясына айналды. «Eurovision Junior – 2019» байқауында құрметті екінші орынды иеленді. Миржан Жидебай «Голос. Дети» байқауының финалисі атанды. Аделина Мұхаметжанова «Sanremo Junior» және «American Protege» байқауының лауреаты болды, небары 12 жасында Нью-Йорктегі әйгілі Карнеги Холл сахнасында өнер көрсетті.

«Baqytty Bala» байқауының тағы бір басты жетістігі – қатысушылардың дос болып кетуі! Тіпті, карантин де кедергі бола алмады! Осы уақыт аралығында олар бірнеше видеоклип түсіріп үлгерді, ал монтаждау жұмыстарын Ерлан Бекчурин қолға алды.

We are one

Смуглянка

«Baqytty Bala» байқауының өзге шаралардан айырмашылығы қандай? Әрине, оның «Жаны» бар. Ол жан – Димаш Құдайберген. Димаш – миллиондаған балалар үшін үлкен Армандарға жол көрсететін жұлдыз іспетті.

«Жер бетінде бірде-бір бала жыламаса екен. Балаларымыз бақытты әрі тыныш өмір сүруі үшін барлығын жасауымыз керек», – деп Димаш өзінің концерттерінде талай айтып жүр.