18 сәуір күні Будапешт қаласында басты орындаушылар ретінде Пласидо Доминго мен Димаш Құдайберген өнер көрсететін ерекше концерт өтеді. Аталған ауқымды шараға дайындық аясында әртістер Будапештке алдын ала келіп, репетициялар өткізіп, фото және бейнематериалдар әзірлеуде.
15 сәуірде Димаш өз шығармашылық тобымен бірге Будапешттегі оперетта театрының локациясында жұмыс жүргізді. Бұл музыкалық театр Будапешттің орталығы — «Пешт Бродвейі» аталып кеткен Надьмезё көшесінде орналасқан. Репертуар негізінен оперетта мен мюзикл жанрларынан тұратын театрдың қарсы бетінде әлемге әйгілі композитор Имре Кальманға арналған ескерткіш орнатылған.
Театр сахнасында Димаш 18 сәуірдегі концертте тұңғыш рет орындайтын музыкалық композициясына арналған түсірілім жұмыстарын жүзеге асырды. Концерт ұйымдастырушыларының арнайы өтініші бойынша опера өнерінің ең танымал туындыларының бірі таңдалған.
Концерттің репертуары қалай іріктелгені және өзге де маңызды мәліметтер туралы DimashNews редакциясы Virtuosos жобасының продюсері, негізін қалаушы әрі тұрақты жетекшісі Марианн Пеллерден сұхбат барысында білді.
Құрметті Марианн ханым, алдағы болайын деп жатқан ірі музыкалық шараңыз құтты болсын! Әлемнің түкпір-түкпіріндегі көрермендер бұл концерттен ұмытылмас әсер күтуде. Аталған концерттің идеясы қалай пайда болғаны туралы білгіміз келеді.
Бұл концерттің идеясы ұрпақтар, мәдениеттер мен жанрларды тоғыстыратын ерекше музыкалық тәжірибе қалыптастыруға бағытталған ортақ көзқарастан туындады. Пласидо Доминго, ХАУЗЕР және Димаш Құдайбергенді бір сахнада тоғыстыру табиғи әрі ерекше үйлесім ретінде қабылданды.
Әрбір әртіс өз саласында кәсіби кемелдіктің көрінісі болып табылады. Мен олардың өнері бір-бірін шабыттандырып, жаңа шығармашылық ізденістерге жол ашатын алаң қалыптастыруды мақсат еттім. Әлемдік аудиторияның жоғары қызығушылығы көрермендердің осындай батыл әрі эмоциялық музыкалық диалогқа дайын екенін дәлелдеді.
Музыканттар осындай бірлескен концертке бірден келісті ме, әлде күмәнмен қараған сәттері болды ма? Дәл осындай әртүрлі буын өкілдерін не біріктіреді? Бағдарламаны қалыптастыру немесе ұйымдастыру барысында қандай қиындықтар туындады?
Негізінен, бастапқы кезеңнен-ақ барлық әртістер тарапынан жоғары деңгейдегі ашықтық байқалды. Олардың әрқайсысы — расымен де, шынайы музыканттар, ізденімпаз, құрметке бөленген және шығармашылық ізденістерге ұмтылатын тұлғалар. Әрине, олар әр түрлі дәстүрлер мен буындардың өкілі болса да, оларды вокалдық шеберлікке адалдық, эмоциялық әсерлілік пен аудиториямен байланыс орнатуға деген ұмтылыс байланыстырып тұр.
Негізгі қиындық — әр орындаушының даралығын сақтай отырып, тұтас әрі үйлесімді бағдарлама құру. Бұл музыкалық жетекшіліктегі мұқияттылықты, тепе-теңдік пен нәзік сезімталдықты талап етеді. Дегенмен дәл осы үдеріс жобаны ерекше тартымды етеді.
Хаузердің денсаулығына байланысты концертке қатыса алмауы өкінішті жағдай екені сөзсіз… Көрермендер оған алаңдаулы, тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз. Осы жағдайдың концерт сценарийіне қалай әсер еткені туралы айтып берсеңіз.
Хаузердің жағдайы туралы хабар бізге ауыр соққы болды. Әншіге шын жүректен тез әрі толық сауығып кетуін тілейміз. Ол — айрықша дарынды әртіс, ал оның сахнадағы орны айқын сезілмей қоймайды. Соған қарамастан, ол бізге бұрын жарияланбаған бірқатар ерекше музыкалық бейнематериалдарын жолдады, олар концерт барысында алғаш рет ұсынылғалы жатыр. Сонымен қатар, көрермендерге арналған арнайы үндеулері де көрсетіледі.
Осындай жағдайда әсіресе бізге жауапкершілікпен жылдам бейімделу қажет болды. Концерт тұжырымдамасы қайта қаралып, вокалдық және симфониялық бағыттарға басымдық беріліп, бағдарламаның мазмұндық байлығы мен жанрлық әртүрлілігін сақтау үшін жаңа шығармашылық серіктестіктер енгізілді. Нәтижесінде көрермендерді бұрынғыдай әсерлі, эмоциялық және мәңгі есте қаларлық музыкалық кеш күтеді.
Концертке әлемдік деңгейдегі музыканттармен қатар жас орындаушылар да қатысады.Олар қандай туындылар орындайды? Репертуардың негізгі жанрлық бағыты қандай?
Біз үшін, расымен де, қонақтарды қарсы алу – үлкен мәртебе болып табылады. Әлемге кеңінен танымал орындаушылармен қатар, «Virtuosos» платформасымен байланысы бар өсіп келе жатқан жас таланттарды да таныстырамыз. Бұл ұстанымымыз жас буын әртістерді қолдауға бағытталған миссиямыздың айқын көрінісі.
Концерттік репертуар классикалық опера, кроссовер жанры мен заманауи интерпретацияларды қамтиды. Көрермендерге әйгілі ариялар мен дуэттерді, сондай-ақ әртүрлі музыкалық әлемді тоғыстыратын бірегей аранжировкаларды ұсынамыз. Бұл – дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесім тапқан мерекесі.
Концерт MVM Dome алаңында өтеді – бұл бірегей архитектурасымен және ауқымды экрандарымен ерекшеленетін, көрермендерге кеңістіктің кез келген нүктесінен жоғары сапалы көрініс ұсынатын ірі көпфункционалды арена.
Марианн ханым, көрермен санының ауқымы, репертуарлық мүмкіндіктердің кеңдігі мен қатысушылар құрамының әртүрлілігі тұрғысынан бұл Сіздің алғашқы осындай мегаконцертіңіз бе? Қалай, жалпы толқу сезімін бастан өткеріп отырсыз ба? Алдағы концертке қатысты қандай нәтижелер күтесіз?
Иә, бұл, сөзсіз, мен қатысқан ең ауқымды әрі амбицияға толы концерттердің бірі болып табылады. Сонымен қатар, әлемнің 10 елінен келген дарынды қатысушыларды қамтыған «Virtuosos» халықаралық тележобасын ұйымдастыру тәжірибесі бізге елеулі кәсіби негіз қалыптастырды. Концерт өтетін алаңның ауқымы, әртістер құрамының сан алуандығы мен бағдарламаның күрделілігі бұл іс-шараның айрықша сипатқа ие екендігін көрсетеді.
Әрине, жауапкершілік сезімі мен белгілі бір деңгейдегі толқу әрдайым қатар жүреді. Дегенмен, шабыт пен қуаныш сезімі басым сияқты. Бұл концерт көрермендерге тек ойын-сауықтық әсер сыйлап қана қоймай, олардың ішкі жан дүниесіне терең әсер етіп, соңғы ән орындалып біткеннен кейін де ұзақ уақыт сақталатын ерекше эмоция сыйлайды деп үміттенемін.