Бір жарым тәулік бойы жол жүріп, бірнеше әуе рейсін ауыстырған Димаш Құдайберген мен оның шығармашылық ұжымы жер шарының жартысын артқа тастап, Латын Америкасына келіп жетті.

Қазақстандық өнерпазды алғаш қарсы алған қала Мексиканың Юкатан штатының астанасы Мерида болды.


Мануэль Кресенсио Рехон атындағы халықаралық әуежайда жергілікті Dears қауымдастығы әншіні Юкатан өңіріне тән дәстүрмен қарсы алды. Аспаптық трио Мексиканың көрнекті композиторларының танымал туындыларын болеро стилінде орындады.



Өзіндік дәстүрлерімен, археологиялық ескерткіштерімен және бірегей мәдениетімен ерекшеленетін Мерида қаласы Димашты мұхиттың көгілдір көрінісі бейнеленген құттықтау баннерлерімен, ақ гүлдермен және жанкүйерлер қолындағы көк түсті қағаз жүрекшелермен қарсы алды. Жиналған қауым әншінің Мексика жеріне қайта оралғанына ерекше ризалықтарын білдірді.

Қазақстанның Мексикадағы елшілігінің өкілдері де өнерпаз бен оның ұжымын қарсы алып, сапар барысында оларға қолдау көрсетті.


Димаштың Мексикадағы алғашқы концерттері бір жыл бұрын өткен еді. Сол кезде «Stranger» гастрольдік туры аясында Мехикода ұйымдастырылған екі концерт те аншлагпен өткен болатын.
Екі күннен кейін Димаш Foro GNP Seguros аренасында «DIMENSIONS» атты жаңа гастрольдік турының Латын Америкасындағы кезеңін бастайды.




