Димаш жапон телевидениесінің экрандарына шықты

1502

Димаш кезекті рет жапон телевидениесі «Fuji TV» коммерциялық телеарнасының «NonStop!» деп аталатын таңғы бағдарламасына сұхбат берді.

 

Fuji TV атауымен танымал болған Fuji Television коммерциялық жапон телевидениесі желісінің негізі 1957 жылы 18 қарашада қаланған. Жапониядағы ең танымал телеарналардың бірі. Fuji TV арнасында фильмдер, аниме, дорамалар, саясат, мәдениет және спорт жаңалықтары, сонымен бірге «NonStop!» секілді қызықты телебағдарламалар көрсетіледі.

«NonStop!» таңғы бағдарламасы – танымал қайраткерлер мен сауықтыру индустриясының сарапшылары қатысатын күнделікті ток-шоу. Бағдарламада әлемде болып жатқан күнделікті оқиғалар, поп-мәдениет жаңалықтары, заманауи мәселелер мен өзекті тақырыптар қозғалады. Бағдарлама әйелдер аудиториясына бағытталған және үлкен танымалдылыққа ие.

Ток-шоуға танымал жапон актері Токио Эмото және әлемге әйгілі корей K-POP-тобы BIG BANG қатысып үлгерген.

Бағдарлама жүргізушілерінің бірі – 24 мамырда Димащ қатысқан «Tokyo JAZZ+ plus LIVE STREAM» онлайн-концертінің жүргізушісі, жапон телевидениесінің танымал дикторы Гарри Сугияма.

Бағдарламаға түсу жөнінде телевидение қызметкерлерінің ұсынысын Димаш қуана қабыл алады. Телеарнаға онлайн-режимде шағын сұхбат берген қазақстандық орындаушы жапон көрермендеріне алдымен сәлем жолдады да, өзінің шығармашылық жопарларымен бөлісіп, болашаққа мақсаттары туралы айтып берді.

Интервью қазақ тілінде жүргізілді. Қазақ тілін жақсы меңгерген жапон азаматы Масуджима аудармашы болды.

Толық интервьюді Димаштың Жапониядағы фан-клубының инстаграм-аккаунтында ағылшын және орыс тілдерінде оқи аласыздар:

https://www.instagram.com/dimash.japanfanclub/
https://www.instagram.com/dimash.japan.international