Желтоқсан айында Ресейдің мәдени астанасы Санкт-Петербургте әлемге әйгілі «Мисс Сайгон» мюзиклінің премьерасы өтті. Басты рөлдердің бірін отандасымыз Расул Усманов ойнады.
«Мисс Сайгон» – өз жанрындағы ең өткір туындылардың бірі. Композитор Клод-Мишель Шенберг пен либреттошы Ален Бублилянің мюзиклі 1989 жылы Лондонның Друри-Лейн театрында премьерасы болған күннен бастап ондаған жылдар бойы әлемдік сахналардан түскен емес.
«Мисс Сайгон» мюзиклін Ресейліктер өткен жылдың желтоқсан айында Санкт-Петербург мемлекеттік музыкалық комедия театрының сахнасында алғаш рет тамашалады. Басты рөлдердің бірі қазақстандық актер және әнші Расул Усмановқа бұйырды.
DimashNews-ке берген сұхбатында Расул көптен күткен спектакльдің дайындығы қалай өткендігі туралы айтқан болатын.
– Расул, сізді премьераңызбен құттықтаймыз! Ресейдің басты музыкалық театрларының бірінде өнер көрсету қалай бұйырғаны жайында айтып өтсеңіз?
– Барлығы «Astana Musical» театрының сол уақыттағы әкімшісі Олжас Ибраевтің біздің театр тобының чатына кастинг туралы хабарландыру жібергенінен басталды. Хабарламада Санкт-Петербург мемлекеттік музыкалық комедия театры «Мисс Сайгон» спектакліне орындаушы іздеп жатқандығы туралы жазылған. Мен ұйымдастырушыларға фото және видео портфолиомды жібердім, бір аптадан кейін маған оларға барлығы қатты ұнағандығы туралы жауап келді. Осыдан кейін олар мюзиклдің өзінен Ария ноталарын жіберіп, орындауды сұрады. Оны аз уақыттың ішінде концертмейстер Дана Молдағұловамен бірге үйреніп, видео жазба жібердім. Міне осыдан кейін, тағы бір аптадан соң мені Санкт-Петербургтегі негізгі кастингке шақырды.
– Ол қаншалықты әсерлі болды?
– Өте әсерлі, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мен Санкт-Петербургке ұшып келгенімде, осы рөлге менен басқа да тағы 6 үміткер болды. Біз бәріміз бір-бірімізден кейін ән айттық. Менің кезегім келіп, өнерімді көрсеткен сәтте режиссерге өте ұнады деп ойладым. Ол сахнаға шығып, актерлік шеберлікті бағалай отыра, менімен жұмыс істей бастады.
«Мисс Сайгон» спектаклінің франшизасы MTI (Music Theatre International) компаниясына тиесілі: Europe, сондықтан соңғы сөз соларда болды. Олардың жауабы екі айдан кейін мен Қазақстанда болған кезде ғана келді. Маған Санкт-Петербургтен қоңырау шалып, рөлге мақұлданғандығым туралы айтып, құттықтады.
Мен өте қатты қуандым, өйткені бұл менің халықаралық мюзиклдегі алғашқы тәжірибем. Жаңалықты естігенде бастан кешкен сезімдерім – шынымен ұмытылмастай ерекше сезім.
– Сіз мюзиклдің басты кейіпкерлерінің бірі – Кимнің басты кейіпкері болып табылатын қатігез Туй есімді вьетнамдық офицерді сомдадыңыз. Сіз өз кейіпкеріңізді толықтай сезіне алдыңыз ба? Оның сізге ұқсас жақтары барма ма?
– «Мисс Сайгон» – АҚШ пен Вьетнам арасындағы соғыс туралы жүрекжарды спектакль. Менің кейіпкерім Туи – бас қолбасшы, Вьетнам әскерлерінің генералы. Маған бұл рөл қатты ұнайды, өйткені онда актерлік шеберлікті де, вокалдық жағынан да мүмкіндіктердің барлық ауқымын көрсетуге болады.
Спектакльдің басында Туи әлі жас жігіт, ал бірнеше көріністен кейін ол көрермендерге қатал генерал ретінде оралады.
Оның дауысы, жүрісі, көзқарасы өзгереді және сахнаға әр шыққан сайын сіз мүлдем басқа адамға айналасыз.
Маған бұл кейіпкер, оның өмірлік ұстанымдары мен құндылықтарымен ұнады. Менің ойымша, біздің шынымен де ұқсас тұстарымыз бар.
– Мюзикл режиссері Корнелиус Балтуспен дайындық жұмыстары қалай өтті?
– Корнелиус Голландиядан келген өте талантты режиссер, ол шынайы мақтауға лайықты жан. Ол Ресейде ғана емес, бүкіл ТМД-дағы ең беделді театр сыйлығы «Алтын масканың» екі дүркін иегері. Онымен және оның командасымен жұмыс істеу өте ыңғайлы. Корнелиус Балтус сіз оған айтқыңыз келетін барлық нәрсені түсінеді. Ол актердің пікірін тыңдайды, өз рөлінің авторы болуды сұрайды, әрқашан толық қолдайды және көмектеседі.
– Мюзиклдің алғашқы репетициясы 2020 жылдың наурыз айында өтті, бірақ пандемияға байланысты премьераны кейінге қалдыруға тура келді. Карантин кезінде дайындық қалай өтті? Дайындық жұмыстарын бастауға қашан мүмкіндік туды?
– Репетициялар пандемияға және көптеген тыйым салуға байланысты бірнеше рет үзілді. Кейде маған Санкт-Петербургкете бір ғана апта болып, бірден Қазақстанға қайтуға тура келген сәттер болды. Әр күн сайын жаңа тыйым салулар, жаңа ережелер пайда болып жатты…
Алайда, осының бәріне қарамастан, бізді театрдың бас продюсері және директоры Юрий Шварцкопф қатты қолдады. Ол мюзикл мен тарихқа соншалықты құмар болғандықтан, «Мисс Сайгон» премьерасының өтуі үшін өте көп күш жұмсады. Біз оған өте ризамыз.
– Дайындық кезінде қандай атмосфера орнады? Қызықты сәттер болды ма?
– Дайындықтың әрбір күні өте жемісті болды өйткені дайындықтың әр минуты жоспарланған. Қойылым командасының жоғары кәсібилігінің арқасында актерлердің шеберлігі күн сайын жақсарды. Егер олардың қызықты сәттері туралы айтатын болсам, бірінші кезекте ойыма 2020 жылдың 24 қарашасы келеді. Бұл күні мен үшін өмірдегі ең маңызды күн болды, себебі менің қызым дүниеге келді. Мен ол кезде Санкт-Петербургте спектакль дайындығының қызу кезеңінде едім. Өз қуанышыммен тек бір-екі әріптесіммен ғана бөлістім де, дайындық жұмыстарын әрі қарай жалғастырып кеттім. Ал олар бұл туралы бүкіл командаға хабарлаған екен, бірақ олар ештеңе білмейтіндей сыңай танытып жүрді.
Дайындық аяқталғаннан кейін әріптестерім торт сатып алып, дастархан жайып, мені бүкіл ұжыммен құттықтады. Олардың тарпынан мұндайды күтпедім бірақ өте әсерлі болды, өйткені мен оларды 2-3 апта ғана білетінмін. Сондықтан біздің ұжым өте мейірімді, аңғарымпаз және түсініктері мол болды деп айта аламын. Мен осындай керемет команданың бір бөлігі болғаныма өте қуаныштымын.
– Санкт-Петербургте «Мисс Сайгон» мюзиклі қаншалықты жиі көрсетіледі?
Нақты айта алмаймын, бірақ әзірше, егер бізді қайтадан карантинге жаппаса, айына бір рет, 4-5 спектакльден 2021 жылдың соңына дейін ойнау жоспарда бар. Премьераның өзін біз тек 25% көрермен аудиториясында ойнадық. Пандемияға байланысты жағдай тұрақталады деп үміттенеміз және бір күні біз «Мисс Сайгонды» толықтай көрермендерді сезіну үшін жүз пайыз толтырылған залға көрсете аламыз деп ойлаймын.