Димаш Құдайбергеннің ресми YouTube каналында «ARNAU» әлемдік турне аясында Киевте өткен концертінің видеосы жарияланды.
Сол күні Киев бізді көктемнің керемет ауа райымен және ғажап көңіл-күймен күтіп алды. Сахнаға шыққан Димаш Киевтің өз өмірінде алар орны ерекше екенін айтып өтті. Өйткені, әншінің өнеріне алғаш болып баға бергендердің қатарында украиналық қазылар алқасы мен тыңдарман болатын.
Димаш сахнаға Украинаның ұлттық киімімен шықты. Жанкүйерлерімен украин тілінде амандасқан ол әндерін орындауға кірісті. Концерт ел астанасындағы 10 000 көрерменге есептелген әйгілі «Палац Спорту» кешенінде өтті.
Әйгілі стадион сахнасында Deep Purple, Muse, Лара Фабиан, Depeche Mode, Бритни Спирс, Дженнифер Лопес, Garbage, ATB, Thirty Seconds to Mars, Twenty One Pilots, Scorpions, Сара Брайтман секілді әлемдік жұлдыздар мен топтар өнер көрсеткен. Бұл қатарға Димаш та қосылды.
Кеш барысында Димаштың украиндердің әдемі әндерінің бірі «Чернобривцi» әнін орындауы көрерменін одан сайын қуантты. Ақын Николай Сингаевскийдің сөзіне жазылған украиналық музыкант Владимир Верминичтің жан тебірентер әні украин халқын әрдайым бей-жай қалдырмаған.