10–11 қазан күндері Астанадағы Qazaq Creative Hub орталығында Ақтөбе өңірінің мәдениеті мен өнерін дәріптеуге арналған іс-шаралар өтуде. Осы мәдени күндер аясында Ақтөбе қаласының тумасы, Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған арнайы көрме ұйымдастырылды.

Ақтөбе өңірінің шығармашылық күндері өлкенің сан қырлы өнерін кеңінен таныстыруды көздейді. Іс-шара бағдарламасында театр қойылымдары, дәстүрлі қолөнер бойынша шеберлік сабақтары, сән көрсетілімдері мен концерттік бағдарламалар қамтылған.

Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған көрмеде әншінің жеке коллекциясындағы, әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлері сыйға тартқан ұлттық музыкалық аспаптар ұсынылған. Солардың бірі – Димашқа БҰҰ-ның Жаһандық ізгі ниет елшісі ретінде гуманитарлық миссияға қатысқан кезінде табысталған Бангладеш мандолинасы.


Көрменің ерекше құнды жәдігерлерінің бірі – Құдайберген ата сыйға тартқан, бала кезінен немересі Димаштың ұлттық музыкаға деген қызығушылығын оятқан домбыра аспабы.
Экспозициядан Димаштың Dears жанкүйерлері ерекше ықыласпен салған портреттерін де көруге болады. Әрбір туынды әншінің көрермендерімен жүздесуіндегі есте қаларлық сәттерді бейнелейді.
Музыкант шығармашылығының сан қырлылығын танытатын көрмеде оның әртүрлі стильде әзірленген сахналық костюмдері де қойылған.

Солардың бірі – қою жасыл түсті костюм. Бұл сахналық киім Димаштың 2017 жылы Singer жобасындағы алғашқы өнер көрсетуін еске түсіреді. Сондай-ақ 2023 жылы Гонконгте өткен концертінде әншінің S.O.S. композициясын орындау үшін өзін әлемге танытқан сахналық бейнесіне қайта оралуы көрермендер үшін ерекше әсерлі сәттердің бірі болған еді.
Әлемнің көптеген қалалары мен елдерін қамтыған Stranger концерттік турының тарихы да сахналық костюмдер арқылы көрініс тапқан. Атап айтқанда, 2022 жылы Алматыда өткен алғашқы концертке арнайы әзірленген ақ фрак пен ұлттық нақыштағы рок стиліндегі былғары сюртуктен бастап, өзге қалалардағы концерттердің ашылуында қолданылған айшықты «корольдік» сахналық образға дейінгі киім үлгілері ұсынылған.

Көрмені Димаш Құдайбергеннің әжесі Миуа Низамутдинова да тамашалап, туған өңірінің мәдениеті мен өнерін дәріптеуге арналған іс-шараға қолдау білдірді.



