«ДимашАли» шығармашылық орталығы Қанат Айтбаевтың Қазақстан мен Өзбекстанның музыка және би дәстүрлерін тоғыстырған «Астана – Ташкент» композициясына түсірілген бейнебаянды жарыққа шығарды.
Қанат Айтбаевтың айтуынша, бұл туындыны жазу идеясы Өзбекстанға шығармашылық сапары барысында туған. Сапар кезінде өзбек ағайындар қазақстандық делегацияны ерекше ықыласпен, жылы шыраймен қарсы алған. Өзбек халқының қонақжайлығы, ақжарқын пейілі мен ерекше ілтипаты тату-тәтті көршілік қарым-қатынасты дәріптейтін музыкалық туындының жазылуына себеп болған.
Сол кездесудегі шынайы достық ілтипатты жеткізетін бұл әуеннің сөзін белгілі ақын, қаламгер Қуат Бораш жазған. Әннің мәтінінде Қазақстан мен Өзбекстан қалаларының көркі, қос халықтың бай мәдениеті мен сан ғасырлық дәстүрлері көркем бейнеленген.
Туындыда ұлттық аспаптардың музыкалық үндестігіне айрықша мән берілген. Домбырашылар Темірлан мен Ернат дуэті саз аспабында ойнайтын өзбек музыканты Рустам Тулешовпен өзара сайысқа түседі. Бұл әсерлі аспаптық сайыс әр халықтың музыкалық дәстүрінің ерекшелігін танытып, түрлі мәдениетке тән әуездердің бірін-бірі үйлесімді толықтыра алатынын көрсетеді.
Қазақстанның «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі мен Өзбекстанның «Шахзода Dance» би ұжымы орындаған хореографиялық қойылымдар бейнебаянның көркемдік әсерін арттыра түскен.
Туындының музыкалық өңдеуін Рустам Тулешов, ал музыкалық продюсерлік жұмысын Қанат Айтбаев атқарды. Бейнебаянның режиссері — Икромали Мухамеджанов.
«Астана – Ташкент» бейнебаяны қонақжайлыққа білдірілген алғысты музыка тілімен өрнектеп, бауырлас елдердің достығын, өзара сыйластығы мен мәдени сабақтастығын айшықтай түсті.



