Кубалықтар Димаштың концертін көгілдір экраннан қайта көрді

247

25 тамыз күні Кубадағы «Canal Clave» телеарнасы қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеновтың концертін өз эфирінен  көрсетті. «Concerts» бағдарламасы арқылы кубалықтар әлемге танымал әншінің өнерін тамашалады.

«D-Dynasty» концертінің жазбасы 1 сағаттық бағдарламада үзбей көрсетілді.  Бұл Димаштың  2019 жылдың 23 наурызында Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында аншлагпен өткен жеке ән кеші болатын.

Кубалық «Canal Clave» телеарнасы эфирге 2013 жылы шыға бастады. Телеарна музыкалық бағытты ұстанған. Кубалық және әлемдік деңгейдегі әншілердің видеоклип, ән жазбалары, концерттер мен өнер адамдамдары жөніндегі деректі фильмдерді трансляциялайды.Тәулігіне 15 сағат эфирге шығатын «Canal Clave»  арнасында қазір түрлі 22 бағдарлама бар. Таңғы 9.00- ден 12-ге дейін көрерменіне әуезді ән ұсынады.

Димаштың кубалық жанкүйерлері «Canal Clave» телеарнасының ресми парақшасына бірнеше ай бұрын хат жолдап, оның өнерін көгілдір экран арқылы қайталап көрсетуді сұраған. Өтініш орындалып, музыкалық арнадан көпшілік Димаштың концертін тағы да тамашалады.

«Dimash Cuba Dears» 2019 жылдың қараша айында құрылды. Сондан бері кубалық жанкүйерлер қазақ ұлының шығармаларын насихаттауды қолға алған. Әсіресе өз елдерінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетілуін жолға қойды.

Биыл мамыр айында Димаштың концерті «De La Gran Scene» бағдарламасында көрсетілді. Содан бастап кубадағы телеарна, радиостанциялар өз эфирлері мен желілері арқылы Димаш Құдайбергеновтың концерттерін трансляциялауға қызығушылық білдірді. Бұл Димаштың кубалық Dears-тарының еңбегі. Олардың ұсынысымен елдегі мықты «Radio Progreso» радиостанциясы «Juventud 2000» бағдарламасы арқылы алтын дауыс иесінің концертін эфирге қойып, ең үздік бағдарламалар рейтингі бойынша екінші орынды иеленді. Бұл 23 тамыз күні болды.

 

Dimash CUBA Dears