Майя Вашакмадзе – жаужүрек жанкүйер

1050

Біздің арамызда атақ пен даңқты қажет етпейтін, өзгелердің өміріне араша болу үшін өзін құрбан етуден тайсалмайтын жандар бар. Әлемді COVID-19 пандемиясы жайлағанда, миллиондаған дәрігер қауіппен бетпе-бет келді. Бүгінгі әңгімеміз батылдық көрсеткен дәрігерлердің бірі туралы болмақ.

Медбике Майя Вашакмадзе Грузияның Тбилиси қаласында дүниеге келген. Қазір Нью-Йорктегі ең мықты, үлкен ауруханалардың бірінде NorthWell урология бөлімінде еңбек етеді.

Коронавирус пандемиясы басталған кезде аурухананың көптеген бөлімдері жабылды. Дәрігерлерге дертке шалдыққан науқастарды аман алып қалу міндеті артылды. Ұйқыны ұмытып, шаршадым демегендердің бірі – Майя. Ол коронавирус жұқтырған пациенттерді құтқарушы медициналық топ құрамында болып, шұғыл урологиялық процедураларға атсалысты.

Эпидемия әбден дендеген уақытта Нью-Йорктегі жағдай қорқынышты болды. Күн сайын 600-900 адам өмірден өтті. Дәрігерлерге артылған міндет те, үміт те зор болатын. Қиын жағдайда мойымауға, жеңілмеуге Майяның жары қолдау болды. Бұл кезде Ал Васкес өз сүйіктісіне үнемі сүйеу бола білді.
19 қазанда Нью-Йорк тұрғындары Ал Васкес пен Майя Вашакмадзе үшін «Любовь, похожая на сон» туындысы айна қатесіз шындыққа айналды. Бұл күні олар Лонг-Айлендте үйленді. Ал да, Майя да Димаштың жанкүйерлері. Қазақ ұлының «SOS d’ un terrien en detresse»әнін алғаш 2018 жылы естіп, содан бері оның өнерін құрметтейді.

Көптеген Dear-лар секілді олар да сүйікті әншісін жүзбе-жүз көруді армандаған болатын. Армандар орындалып, Нью-Йорктегі Игорь Крутойдың мерейтойлық концертінде Димаштың өнер көрсететінін білген кезде Ал бұл күнді мәңгі есте қалатындай етіп жоспарлады. Дәл осы күні өз сүйіктісіне ұсыныс жасады.

26 қазан күні Barclays Center аренасындағы концерт басталғанға дейін Ал Димаштың барлық жанкүйерлері алдында Майяға жары болуды өтінді. Бұл екі жас үшін ұмытылмас күнге айналды. Кейін Майя мен Ал Димашты әуежайдан қарсы алып, өздерінің бақытты сәті және оның Димаштың туындысымен астасқанын айтты. Жан тебірентер әндері үшін алғыс білдірді. Димаш та оларды бақытты сәттерімен құттықтап, шаттыққа бөледі.

Ал мен Майя 2020 жылдың басында үйленуі керек еді. Бірақ пандемияға байланысты олардың жоспары кейінге қалды. Майя адам өміріне арашашы болып, вируспен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Олар бір-бірін көрмегелі екі ай болған. Бірақ қос жүрек Димаштың әндері арқылы сағынышын басып, қазақ ұлының туындылары арқылы бір-біріне демеу болғандарын айтады.

Жағдай қалыпқа келген соң Майя мен Ал Нью-Йоркте некелерін қиюға өтініш беріп, қазан ресми ерлі-зайыпты атанды. Пандемияға байланысты қуанышты сәттерін достарымен, туыстарымен тойлай алмады. Десе де олар бақытты. Қандай қиындық болса да екеуі біріге жеңіп, бақытты отбасы атанды.