Жиырма жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан нарығында жаңа сүт өнімдері компаниясы пайда болып, аз уақыт ішінде дәмді де пайдалы өнімдерімен тұтынушыларды баурап алды. Бүгін Сіздің назарыңызға отандық «Nәtige» брендінің негізін қалаушы Ерлан Әшіммен сұхбатымызды ұсынамыз. Ол компанияның құрылу тарихы, бастан өткерген қиындықтары туралы айтып, болашаққа жоспарымен бөлісті.
– Ерлан Мұқатайұлы, «Nәtige» компаниясы отандық нарықта жиырма жылдан астам өз өнімін ұсынып, тұтынушылар тарапынан жоғары сенімге ие болды. Фабрика тарихы неден басталды? Оны құру туралы идея Сізге қалай келді?
– «Nәtige» тарихы ақпанның аязды күні басталды, ол кезде Қарағандыда 35 градус аяз болатын. Небары 28 жастағы жігітпін, өзімнің кішкентай дүкенімде болашағымды ойлап отырмын. Саудамен айналысатын едім, шағын бизнес ашқым келген. Бірнеше дүкен, дүңгіршек және наубайхана ашсам да, ішімде бір қанағатсыздық болды. «Осылай жалғаса бере ме? Мен бұдан да күшті істер жүргізе алмаймын ба?» деген сауалдар менмұндалап тұратын. Сол аязды ақпанның бір күнінде Алексей есімді адаммен кездесу тағдырымды өзгертті. Менің кішкентай дүкеніме келген ол өзін Қостанай сүт зауытының өкілі ретінде таныстырып, өз өнімдерін сатқысы келетінін жеткізді. Бізге ол уақытта сүт керек емес еді. Алайда қақаған аязда алыстан ат арылтып келген адамға ең болмағанда шай беру керек деген ой келді. Алексей де, жүргізушісі де қатты тоңып қалған екен. Көлігіндегі пеші істен шықса керек. Сол уақытта дүкен қызметкерлері қонақтарға шай ұйымдастырды, ал туыстарым үйіне қондырды. Көлігін де жөндеп бердік. Ал ертеңіне Алексейдің сүт өнімдерін сатуға көмектестік. 2 тоннаға жуық сүтті бір күнде сатып жібердік. Неге сүт сатпасқа деген ой да қылаң етті. Екі жыл қатарынан сүт өнімдерін саудаға шығардық, 2001 жылы өзіміз сүт өнімдерін өндіреміз деп шештік. Маған сүт шаруашылығымен айналысқан қатты ұнады. Шынымды айтсам, өмірімде олай рахат алмадым! Содан, нақты шешім қабылдаған соң, қаланың шет жағынан шағын цех алып, өндіріс орны құрылысын бастап кеттік. Қолда бар дүниеден жасап шықтық деуге болады. Атын «Nәtige» деп қойдық. Әлгі оқиға 1999 жылдың ақпанында болғандықтан, фабрикамыздың туған күні 1999 жылдың 1 наурызы деп санайтын болдық.
– Демек, Сіздің компанияның құрылғанына биыл 21 жыл толып отыр! Осы уақыт аралығында неге қол жеткіздіңіз?
– Білеіз бе, өндіріс көлемі мен айналым туралы айтып, іш пыстырмайын. Бұл жерде ешқандай коммерциялық құпия жоқ. Жұмыс енді басталғанда біз күніне 3 тонна сүт өндіретін едік, қазір жұмыс жүрмеді деген күнде кемі 45-50 тонна сүт өндіреміз. Шынымен де, бір нәтижеге қол жеткіздік. Әсіресе, компанияға атау беріп, 2013 жылы зауыт салғанда жұмысымыз оң нәтиже бере бастады. Клиенттердің көңілінен шықтық, әлі күнге дейін осы сенімді сақтап тұру үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Біздің логотипіміз бар барлық автомашиналар жаңадан алынған әрі сапалы. Cіз тұтынатын, ішіп-жейтін, балаңызға беретін өнім ескі ыдыстарда сақталмайды. Сондықтан, сүт таситын көліктен бастап, өнім таситын көліктерге дейін жаңа, сапалы, таза, арнайы ерітіндімен өңделеді, зертханаларда тексеріледі. Тұтынушы сенімін ақтау үшін біз бар күшімізді саламыз, қаражат аямаймыз. 2010 ашылған жаңа зауытымызды Швециядан әкелген құралдармен жабдықтадық. Тіпті, кранына дейін сол жақтан алдырттық. Өйткені, мұның барлығы – сапа мен қауіпсіздік. Сондықтан, меніңше, 21 жылда «Nәtige» брендінің қол жеткізгені – қауіпсіздік, сапа және сенім.
– Неге компанияны «Nәtige» деп атадыңыздар? Ерекше тарихы да бар шығар…
– Шынымды айтсам, ешқандай ерекше тарихы жоқ. Бір кездері Стив Джобс «Егер ертеңге дейін атау ойластырмасаңыздар, компанияны Apple деп атаймын» деген екен. Солай деп атады да! Бізде де солай болды. 2003 жылы атау ойластырарда оның қазақша болғанын, алайда еуропаша құлаққа жағымды естілгенін қаладық. Қысқа әрі жағымды естілу керек. «Нәтиже» сөзін балалардың ағылшын-қазақ сөздігінен көрдік. Онда «result» – «нәтиже» деп жазылыпты. Барлық тарихымыз осы ғана!
– Сіздің өнім тек Қазақстан аумағында тарай ма, әлде шетел нарығында да кездестіруге бола ма?
– Шетелде, өкінішке қарай, біздің өнімді таба алмайсыз. Қазақстанның өзге қалаларында да жоқ. Тек бас қалада сатылады. Біздің басты құндылықтарымыздың бірі – сақтау мерзімінің қысқа болуы. Яғни, өнімнің табиғилылығына мән береміз. Оның үстіне, менің пайымдауымша, сүт өнімдерін 400-500 шақырымнан астам жерге тасымалдауға болмайды. Оның пайдалы қасиеттері жоғала бастайды. Барлық бактериялар бастапқыдай пайдалы болмайды. Сондықтан, әрі кеткенде 500 шақырымға дейін жеткіземіз. Сондықтан, біздің өнімді әрі кетсе Екібастұз, Көкшетау, Нұр-Сұлтан және Жезқазған қалаларынан сатып алуға болады.
– Шикізатты қалай таңдайтыңыз туралы айтып берсеңіз. Фермалармен қалай жұмыс істейсіздер?
– Бұл мәселеге өте мұқият қараймыз. Алдымен достық қарым-қатынас, серіктестік орнатамыз, оларды оқытамыз. Бас кеңсесі Римде орналасқан БҰҰ жанындағы Өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы ұйымдарымен (FAO) жұмыс істейміз. Олардың мамандары бізбен бірге фермаларға келіп, біздің фермерлерді оқытады. Мәселен, тазалық пен сүт сапалылығына қалай қол жеткізуге болатынын үйренеді.
– Өнім сапасын Сіздер қалай растайсыздар?
– Жоғарыда айтқанымдай, бұл біздің басты негізгі құндылықтарымыздың бірі. Қызметкерлерімізге «Қаймақ пен айранды сатарда, «Nәtige» компаниясының әрбір қызметкері қаймақ пен айранды емес, осы өнімдердің пайдасын сатады» деп құлағына сіңіріп, жүрегіне жеткізіп, үйретіп қоямыз. Бізде тірі айран саңырауқұлақтары әрі олардың сақтау мерзімі өте қысқа. Иә, оңай емес. Кейде шығынға батуға тура келеді, алайда, сапа – біздің құндылығымыз. Халыққа тек пайдалы өнім ұсынамыз. Сақтау мерзімін азайту мақсатында түрлі қоспалар қосылған өнімдерді сатуға ұялар едім. Ата-аналары біздің сүт өнімдерін сатып алатын балалардың алдында ұят болар еді. Балалардың көзіне қалай қараймын? Оларды неге үйретер едім? Ақша үшін жалған құндылықтарға үйретемін бе? Сондықтан, тағы да қайталап айтамын, сапа – біздің брендіміздің ажырамас бөлігі.
– Болашаққа жоспарыңызбен және мақсатыңызбен бөліссеңіз…
– Жоспар мен мақсатымыз өте көп! Ең алдымен, бүгінде компанияның оперативті қызметімен өзім айналыспайтынын айтқым келеді. Бүгінде «Nәtige» компаниясын директорлар басқарады, мен де, ұжымым да оларға сенім артады. Барлық қызметкеріміздің арасында керемет қарым-қатынас орнаған. Біз ортақ мақсат пен құндылыққа жұмыс істейтін отбасы іспеттіміз. Біздің директорлар ең алдымен клиенттердің жайын, өнім мен жабдықтарды, қауіпсіздік пен өнім пайдасын ойлайды. Осындай жақсылар мен жайсаң жандар біздің компанияда қызмет етеді. Ал менің қазіргі жұмысым әлеуметтік жобалар мен жаңа өнімдер шығаруға бағытталған. Мәселен, екі жыл бұрын итальяндық «Gelato» балмұздағын өндіре бастадық. Бізге Италиядан шеберлер келіп, осы өндірістің қыр-сыры мен сапаға қол жеткізуді үйретті. Біз расымен де көп жағдайда құндылықтарға көп уақытымызды бөлеміз. Тіпті, фабрикада ол туралы қазақ, орыс және түрік тілдерінде жазулар іліп қойғанбыз. Қазақстанда бірінші болуымыз керек деген мақсат қойып отырған жоқпыз. Тек елімізде табиғи сүт өнімдері болса дейміз. Тіпті, осы бизнеспен айналысқысы келетін адамдарды тегін әрі орнына ештеңе сұрамай үйретуге әзірміз. Иә, олар болашақта бізге бәсекелес болуы да мүмкін, алайда, біздің арманымыз – Қазақстанның кез келген бұрышында табиғи сүт өнімдері болуы керек.
– Қызықты сұхбатыңыз үшін Сізге көп рахмет!