ҚАЗ RUS ENG

ҚАЗ RUS ENG

Басты жаңалық QSANDYQ: қазақ музыкасын, дәстүрлері мен бүгінгі жаңа буын ұрпақты...

QSANDYQ: қазақ музыкасын, дәстүрлері мен бүгінгі жаңа буын ұрпақты байланыстыратын платформа

Басты жаңалық QSANDYQ: қазақ музыкасын, дәстүрлері мен бүгінгі жаңа буын ұрпақты байланыстыратын платформа

QSANDYQ: қазақ музыкасын, дәстүрлері мен бүгінгі жаңа буын ұрпақты байланыстыратын платформа

QSANDYQ Қазақстанның мәдени дәстүрлерін бүгінгі цифрлық дәуірге көшіріп, заманауиландыратын бірегей жоба. Қосымшаны жасаушы өнертапқыш Бейбітжан Муслимов қазақ музыкасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге деген ұмтылысының нәтижесінде заманауи технологиялар арқылы қазақтың бай мұрасымен танысуға мүмкіндік беретін платформаны қалай құрғандығы туралы айтып берді. Бұл жай ғана Мұрағат емес, мәдениеттің жаңа сатыға көтеріліп, жаңа ұрпақтың жүрегін тебірентетін тірі кеңістік.

– Сұхбатымызды бастамас бұрын, әуелі, өзіңіздің шығармашылық жолыңыз туралы айтып берсеңіз. Сізді QSANDYQ қосымшасын жасауға не нәрсе шабыттандырды?

– Менің шығармашылық жолым «Ақсарай» театрында ең жарқын қойылымдардың бірі «Қыз Жібек» мюзиклінен басталған болатын. Өнер арқылы біз халқымыздың мәдени мұрасының сұлулығын ғана емес, сонымен қатар, оның терең мәні мен қыр-сырларын да жеткізуге тырыстық.   Кейінірек мен кино саласына ауысып, мұнда талантты режиссер Эмир Байғазинмен жұмыс істеу құрметіне ие болдым. Бұдан бөлек, мен Қазақстан мұражайларына арналған контенттер әзірлеу жобасына қатыстым. Солардың бірі – Жидебайдағы Абай Құнанбаевқа арналған мұражай болды.

Археология мен танымал ғалымдардың еңбектеріне қызығушылығым – мен үшін жаңа көкжиектердің ашылуына алып келді. Қазақ даласын аралап жүріп, мен әртүрлі аймақтарда жиі тоқтап, жергілікті тұрғындардың аузынан көне аңыздар, әндер мен күйлер тыңдап, сол өлкенің танымал тұлғалары туралы түрлі әңгімелер естуші едім.

Менің өмірімдегі бетбұрыс жасаған сәттердің бірі – менің Шымкенттегі Қазақстандағы жалғыз дәстүрлер мен ғұрыптардың этнографиялық орталығының басшысы болып тағайындалуым болды. Сол кезде мен Өзбекәлі Жәнібековтың еңбектерімен танысып, оның соңғы кітабы «Жолайрықта» мені ерекше шабытқа бөлеген болатын. Кітаптың соңғы беттерінде Жәнібеков өзінің арманын жазып: болашақта адамдар қазақ мәдениеті туралы ақпаратты орталықтандырылған түрде ала алатын орталықтар құрылсын деген тілегін білдірген екен.

Ө.Жәнібековтің бұл арманы маған ой салып, мобильді қосымшасын құру идеясының негізіне айналды. Алматыға оралғанда, тағдыр мені музыкант, мультиинструменталист және «Тұран» мен «Арқайым» топтарының негізін қалаушы Абзал Арықбаевпен және қазақ мәдениетін сақтауға атсалысып жүрген кәсіпкер Талғат Чиникеевпен кездестірді. Сонымен, біз бірге QSANDYQ компаниясының негізін салдық. Жобамыздың миссиясы — қазақ мәдениетіне арналған кеңістікті жасап, оның цифрлық технологиялар әлемінде лайықты орын алуын қамтамасыз ету ретінде танылды.

– Жалпы жобаның қалай жасалғандығы мен оның алғаш іске қосылған кезі туралы айтып берсеңіз.

– Қосымшаның ресми түрде құрылу уақыты 2022 жылдың 1 желтоқсанында басталды. Біздің командаға «The Magic of Nomads» тобының солисі мен «Хазар» тобының негізін қалаушы Жалғас Ілес қосылып, кейін ол контент бойынша бас менеджер қызметін өз мойнына алды. Біздің командаға режиссер Айжан Кындыбай, оператор және режиссер Нышанбек Үсен, дыбыс режиссері Нұрәділ Бидайбек секілді жас музыканттар мен киноиндустрияның кәсіби мамандары қосылды. Сонымен қатар, жобаға техникалық жүзеге асыруда басты рөл атқарған талантты IT-әзірлеуші және дизайнер Владислав Мамажановты таптық.

Біз ақпарат жинау — жобаның негізі екенін түсініп, цифрлық архивімізді толықтыру үшін Нұржан Жанпейісов, Қызырхан Бабақұмарұлы, Қорлан Картенбаева, Ақжол Жүсіпұлы секілді танымал музыканттардың өнерлерін жазып алуды бастадық.

Сөйтіп, төрт айлық сынақтардан кейін, ақыры, 2023 жылдың 16 қыркүйегінде қосымшамыз AppStore және PlayMarket платформаларына жүктелді.

– Қосымшаның алдында қандай басты мақсаттар күтіп тұр? Сіздер үшін осы қосымшаның көмегімен қандай дәстүрлер мен мәдени элементтерді сақтап қалу маңызды?

– QSANDYQ-тың басты мақсаты — қазақтың материалдық емес мәдениетін сақтап, оны заманауи технологияларға бейімдей отырып дамыту. Біз дәстүрлер, музыка, күйлер, ғұрыптар мен фольклорды тек сақтап қана қоймай, оларды одан әрі дамыту үшін цифрлық кеңістік құрудамыз. Тарихи мұраны тіркеу ғана емес, сонымен қатар жаңа орындаушыларды жазып, жаңа күйшілердің өнерін танытып, сазсырнай мен шанқобыз секілді ұмыт болған музыкалық аспаптарды қайта жаңғырту да маңызды.

– Қосымша пайдаланушыларға дәстүрлі қазақ музыкасы мен мәдениетімен жақынырақ танысуға қалай көмектеседі? Платформада ұсынылған орындаушылардың немесе композициялардың мысалдарымен бөлісе аласыз ба?

– Қосымшада қазақ музыкалық мұрасының кең спектрін қамтитын 1000 ән мен 1000 күйден тұратын жинақ ұсынылған. Мұнда туындылары әртүрлі аймақтар мен орындаушылық мектептерді бейнелейтін аты аңызға айналған Байжігіттен бастап ұлы күйші Дина Нұрпейісоваға дейінгі барлық танымал күйшілердің жазбалары бар.

Қосымшада халық әндерінің ішінде дауыстары қазақ музыкалық мұрасының рухани күші мен сұлулығын жеткізетін Кенен Әзірбаев, Жүсіпбек Елебеков және Ғарифолла Құрманғалиев сынды шеберлердің жұмыстары ерекшеленеді. Сонымен қатар, дәстүрлерді заманауи ноталармен байытып, дамытып жатқан  «Тұран» тобының, Абзал Арықбаев және Әсел Омарова сияқты жас орындаушылардың шығармашылығын ұсынамыз.

QSANDYQ платформасында қазақстандық рок және этно-роктың пионері саналатын «Роксонаки» тобының аңызға айналған әуендерімен қатар, қазақстандық джаздың көшбасшылары «The Magic of Nomads» тобының шығармашылығы да ұсынылған.

Қосымша тек аудиоформатпен ғана шектелмейді. Біз арнайы бейнеойнатқыш жасап шығардық. Ол арқылы фильмдер, деректі фильмдер мен музыкалық қойылымдарды көруге болады. Біздің киноқорымыз үнемі жаңа материалдармен толықтырылып отырады. «Хабар» телеарнасы мен Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, Қазақстанның әр аймағындағы дәстүрлі күйлер мектебінің ерекшелігін ашып көрсететін «Қазына» жобасы жүзеге асырылды. 7 бөлімнен тұратын өнер туындысын біздің қосымшадан көруге болады.

– QSANDYQ үшін контентті қалай іріктейсіздер? Музыка мен тарихи оқиғаларды таңдау үшін қандай критерийлер ескеріледі?

– Бізге өз өнер жолын енді бастаған жас орындаушылар, күйшілер келіп жатады. Олар өз туындыларын ұсынады. Ал біз ол туындыларын студиямызда жазып аламыз. Біздің арт-директорымыз Абзал Арықбаев контенттің жоғары сапасы мен шынайылығына кепілдік беріп, барлық материалдарды іріктеумен және бекітумен жеке өзі айналысады. Қазіргі уақытта дәстүрлі әндерді орындаушы әртістердің өздерінің тұрақты сахналық алаңдары жоқ, олар жеке іс-шараларда немесе эстрадалық концерттерде ғана өнер көрсетеді. Сондықтан біз мұндай орындаушыларды продюсерлеуді қолға алып, олардың таланттарын ашып, өнердегі өз орындарын табуға мүмкіндік беретін жаңа платформа жасауды жоспарлап отырмыз.

– Қосымшаны жасау үшін қандай заманауи технологиялар мен шешімдерді қолдандыңыздар?

– QSANDYQ қосымшасын жасауда біз аудио және видеоны ағынды түрде тарататын, мультимедиялық платформа және арнайы бейнеойнатқыштар сияқты заманауи технологияларды қолдандық.

–  Интерфейс туралы аздап айтып өтсеңіз. QSANDYQ қосымшасының дизайны өте сәнді көрінеді. Қазақ мәдениетінің атмосферасын жеткізу үшін оны әзірлеу барысында қандай принциптерді ұстандыңыздар?

– QSANDYQ қосымшасының дизайны минималистік заманауи эстетиканы дәстүрлі қазақ элементтерімен үйлестіру принципіне негізделген. Қосымшада пайдаланушыларға ерекше атмосфера сыйлайтын Ұлы даланың мәдениеті көрініс табатын символдар мен ою-өрнектерді қолданылады. Ал, ондағы түс палитрасы қазақ дәстүрлері мен ұлттық өзіндік ерекшелігімен байланысты табиғи реңктерді айшықтайды.

– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар? Қосымшаңызды әрі қарай қай қырынан дамытқыларыңыз келеді?

– Біз QSANDYQ қосымшасын белсенді түрде дамытып, контентті айтарлықтай кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Жақын арада қосымшаға ертегілер, бесік жырлары, фитнеске арналған музыка, Қазақстан табиғатының дыбыстары мен релаксация және йогаға арналған жеке аспаптардың әуендері, сондай-ақ этно-лофай тректері сияқты жаңа санаттар қосамыз. Белгілі қазақ ақындары мен жазушыларының аудиошығармаларын жазып алып, қазақ аспаптарында ойнауды үйрететін бейнесабақтарды ноталық және сандық әдістемелер бойынша жасаймыз.

Бұл қосымшада біз балалар аудиториясына да ерекше назар аударамыз. Оларға қазақтың дәстүрлері, тарихы мен этнографиясы туралы қарапайым әрі қызықты түсіндірмелер дайындаймыз. Сонымен қатар, Қазақстанның аңыздары мен сұлулығы арқылы туристік әлеуетті насихаттау маңызды міндеттердің біріне кіреді.

Біз тікелей эфирде танымдық бағдарламалар, дәрістер, ертегілер және музыкалық бағдарламалар таратылатын онлайн радио да аштық. «QSANDYQ шәкірт» бағдарламасы қазақ аспаптарында ойнауды үйрету үшін арнайы әзірленген әдістемелерді қолданатын Ықылас атындағы халық аспаптары музейімен қазірдің өзінде бірлесіп жұмыс істеуде. Біздің жұмысымыздың маңызды бөлігі білім беру мен мәдени ықпалымызды кеңейтуге мүмкіндік беретін ғылым және білім ордаларымен меморандумдарға қол қою болмақ.

Қосымшаны жүктеп алып, жаңалықтардан хабардар болып отырыңыздар! Алда көптеген қызықты жаңалықтар бар!

Соңғы жаңалықтар

Димаш Құдайберген Венгрия премьер-министрінің резиденциясында өнер көрсетті

20 қарашада Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбанның кеңсесі орналасқан ғимаратта Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапары құрметіне салтанатты қабылдау өтті. Шараға ел делегациясы...

Итальяндық радиостанция апта сайын Димаш Құдайбергенге хабар арнайды

Брешиа қаласының тарихи радиостанциясы болып табылатын Radio Bresciasette Италияда Димаш Құдайбергеннің апта сайын музыкасын тарататын алғашқы радио. Сенбі және...

Канадалық La Press газетінде Димаштың суреті берілген баннер жарық көрді

Димаш Құдайбергеннің канадалық жанкүйерлері Канададағы айына 4 миллионға жуық оқырманды қамтыған әйгілі La Presse газетіне жарнама ұсынды. 2024 жылдың...

Әбілмансұр Құдайберген Астанада өткен концерт-спектакльде өнер көрсетті

9 қарашада Астанадағы Mega Silk Way кешеніндегі «LA’Театрда» белгілі әртістердің қатысуымен концерт-спектакль өтті. Елордадағы «Sen men Sàt» музыкалық театрының шығармашылық...

Димаш Құдайберген Елисей сарайында өнер көрсетті

4-5 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Франция Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Париж іс-сапары Қазақстан делегациясының құрамында дипломатиялық,...