Димаштың жанкүйерлерінің бірі – скрипкашы Сан Шен. Ол сүйікті әншісінің туындыларына кавер жасап, көпке ұсынады. Әлем Dear-лары Сан-Диеголық скрипкашы Сан Шенді жақсы біледі. Димаштың әндерін скрипкамен сүймелдеп, өзінің талғамымен бейнебаян жасайды. Бала кезінен музыкамен өскен Шен қазір өз ісінің маманы, соңғы кездері жас таланттарға скрипкада ойнауды үйретіп жүр.
Сан-Диеголық скрипкашы Сан Шен музыканттар отбасында дүниеге келген. Анасы – Шанхай музыкалық консерваториясында фортепианодан дәріс береді. Әкесі- танымал Шанхай симфониялық оркестірінің белді скрипкашысы. Сондықтан Сан Шен ес білгеннен классикалық музыкаға сусындап өсті. Ата-анасының жолын қуып шығармашылыққа ден қойған.
4 жастағы Сан Шенді анасы күйсандыққа баулыды. Бұл аспапты меңгерген соң ол скрипкаға әуестенді. Әкесі 5 жастағы баласына скрипкада ойнауды үйрете бастады. Сол уақыттан бастап Сан Шен нәзік үнді сүйікті аспабынан ажыраған жоқ.
18 жасында Чикаго мен Милуокидегі симфониялық оркестр құрамында болып, еңбек еткен ол Сан-Диегоға қоныс аударады. Калифорния штатына қарайтын қалаға келгелі Сан Шен ұстаздыққа бет бұрып, балаларды скрипкаға баулып жүр.
Өнерін де өзін де мойындата білген Сан Шен 2019 жылдың ақпанынан бастап Димаштың шығармаларына қызыға бастайды. Теледидар арналарын ауыстырып отырған ол Димаштың «S.O.S» әнін естіп қалады. Бірден сол арнаға тоқтап, шығарманы соңына дейін бір деммен тыңдайды. Дәл осы сәттен бастап Димаштың өнеріне қызығушылығы басталып, ғаламтордан қазақстандық әнші туралы іздене бастайды. Қазақ баласының дауысына таң қалған ол кейін Димаштың әндерін скрипканың шегіне салып, кавер орындап көреді. Бұл Сан Шенді одан әрі шабыттандырып, қазір скрипкамен кавер жасау сүйікті ісіне айналды.
«Димаштың әндеріне кавер жасау үшін оны скрипкаға өңдеп салу қажет. Бұл істі өзім сүйіп жасаймын. Кей кездері Калифорнияға танымал кәсіби музыкант достарым көмектеседі. Оның бірі –Брайн. Сан-Диего симфониялық оркестрінде пианинода ойнайды. Ал, Питер Спраг –продюсер және көпке белгілі сазгер. Ол маған «Give me love» және «Өкініш» әндеріне кавер жасауға көмектесті. Себебі бұл туындыларда талғам мен музыкалық белгілі бір талаптар болуы қажет », – дейді Сан Шен.
Скрипкашының айтуынша, Димаштың әуендерінде оған шабыт беріп, қызығушылығын арттырған – әншінің қайталанбас стильі. Сондай-ақ классикалық музыканың элементтері бар.
«Ол сахнаға шығып, ән салған сайын біздің таң қалдырудан жалыққан емес. Мен оның әндеріне кавер жасағалы бері өзім шыңдала түстім. Кәсіби тұрғыда ізденіп, музыкалық стиліме талғаммен қарай бастадым, – дейді скрипкашы.
Қазір Сан Шен жас таланттарға скрипкада ойнауды үйретіп жүр. Қазір 45 балаға дәріс береді. Ал бос уақытын кавер жасауға арнайды. Оны өңдеп YouTube каналына жүктеп отырады. Соңғы жарияланған кавер – Димаштың жаңа әні «Қайран елім».
Сан Шен қазақстандық орындаушының 7 концертіне қатысып, Dear-лар бас қосқанда олардың алдында бірнеше мәрте өз өнерін көрсетті. Оның виртуозды орындауы көпке ерекше әскер қалдырды.
«Менің хоббиім менің кәсібіммен тікелей байланысты болғанына қуанамын. Бұл мен үшін үлкен бақыт. Димаштың әндеріне кавер жасау менің уақытымды алады. Бірақ бұл өзіме ұнайтын, менің сүйікті ісіме айналды. Музыка адам жанына дауа, көңіне ем. Шипа берер қасиетке ие өнер.Әлемді коронавирус пандемиясы әлекке салғанға дейін мен көбінесе қарттар үйінде кавер ойнайтынмын. Қарттар музыканы зор ықыласпен тыңдап, жандары жадырап қалады. Бұл шынымен бақыт емес пе? Димаштың өнері арқылы мен хобби де бақыт та таптым », – деді Сан Шен.