Таңғажайып Ангклунг

1173

Индонезия халқының ежелгі таңқалдырар ұлттық аспаптарының бірі «Ангклунг» деп аталады.

Ангклунг ертеректе Пасундан елінде түрлі мәдени шараларда кеңінен қолданылған. 19 ғасырға дейін кез келген үлкен мерекелердің, мәселен астық фестивальдерінің сәнін кіргізген деседі. Сонымен бірге, ангклунг ақындар өлең оқыған поэзия кештерінің көркін қыздырса керек.

 

Ангклунг бамбуктен жасалған ұрмалы музыкалық аспап. Бір, екі, үш немесе төрт түтіктен тұрады. Егер осы түтіктерді ақырын тербетсе, әдемі дыбыс естіледі. Ангклунг аспабы әдетте тек индонезиялық музыкаға тән Пелог, Маденда немесе Салендро акустикалық жүйелерінде естіледі.

Музыка әлемінде ангклунг негізгі дауысқа қосымша рең беретін қосымша аспап ретінде қабылданды. Оның дыбысы жеке орындаушыларға жеткіліксіз саналатын. Ангклунг аспабының қызық та қайталанбас дыбысы бола тұра, шетелдік музыкалық аспаптармен салыстырғанда аса танымалдылыққа ие бола қоймады.

Angklung pitch tuning in Saung Angklung Udjo, Bandung

Батыс Яваның 1908 жылы туған танымал әншісі Даэн Сутигна жастарды халық әуендерінен гөрі еуропалық музыкалық аспаптар қызықтыратынын атап өткен екен. Сондықтан 1938 жылы Даэн диатоникалық дыбыс қатары бар ангклунг жасап шығарды. Енді музыкалық аспап үш деңгеймен шектелмей, онымен танымал әндерді сүйемелдеу мүмкін болды. Тіпті, халықаралық және классикалық музыканы да ойнауға болатын еді.

Ангклунг аспабын жетілдірген Сутигна индонезиялық халықтық музыкалық аспаптың шетелдік аспаптардан кем еместігін дәлелдеді. Ол жастардың өз елінің халықтық музыкасын құрметтеп, бағалайтынына сенімді болды.

Даэн Сутигненің арқасында ангклунг аспабына таңданыстарын жасыра алмағандар көп болды. Содан бері заманауи әндер осы аспаппен сүйемелдене бастады, адамдар аспапты жақсы көре бастады. Жаңа диатоникалық дыбыс қатары классикалық әуенмен қатар, танымал индонезиялық поп-әндерді ойнауға мүмкіндік берді. Анклунг, сонымен бірге, президенттік «Истана Негара» сарайында құрметті қонақтарды күтіп алуға арналған басты атрибутқа айналды.

Индонезияда ангклунг аспабының әуезді әуенімен «Udjo’s house of Angklung» деп аталатын жайлы жерде тыңдауға мүмкіндік бар. Қонақтар тек көрермен ретінде қызықтап қана қоймайды, музыканттармен бірге өзіндік интерактивті шоуға қатыса алады.

Шоу барысында виртуоздар ангклунг аспабында ойнайды, меймандарға осы аспапта оңай түрде ойнауды қуана-қуана үйретеді.

 

«Udjo’s house of Angklung» орталығын Батыс Явадағы белгілі өнер қайраткері Уджо Нгалагена ашқан. Батыс Бандунгтегі Лембанге ауданындағы ең жайлы орын әрі маңызды туристік бағыт. Ол жерге жергілікті индонезиялықтармен қатар, шетелдік қонақтар да барады.

2010 жылдың 18 қарашасында ЮНЕСКО ресми түрде ангклунг аспабын адамзат баласының материалдық емес мәдени керемет мұрасы ретінде таныды. Бүгінде Индонезияда «Ұлттық Ангклунг күні» кең көлемде атап өтіледі.