Димаш Құдайберген алғаш рет Куба телеарнасына шықты

1460

«Ән салу өнері – кез келген музыканың сәнін келтіреді. Егер жан-тәніңізбен беріліп тыңдасаңыз, рахат сезімге бөленесіз. «De La Gran Escena» бағдарламасы назарыңызға керемет орындаушы туралы баяндайды. Ол небары 25 жасында әлемдегі ең виртуоз вокалистердің қатарында тұр», – 12 мамырда Кубадағы «Cubavisión» ұлттық телевидениесі қазақстандық жас орындаушы Димаш Құдайбергенді осылай таныстырды. Бағдарлама барысында Димаштың «Singer» байқауында орындаған ғажап «Adagio» әні естіліп тұрды.

Осыған дейін Кубадағы «Dimash CUBA Dears» фан-клубының мүшелері ұлттық телеарнаның желідегі парақшалары және электронды поштасына хат жазып, хабарласып отырған екен.

Кубадағы Dears үшін желідегі парақшаларды 2019 жылдың қараша айында @lility_chan есімді қыз тіркеген болатын. Ол Димаштың барлық кубалық фанаттарының басын қосып, сүйікті әншілерінің шығармашылығын талқыламақ болған. Фан-клуб құрылғалы Dears қазақстандық әншінің музыкасын өз елдерінде кеңінен насихаттай бастады. Димаштың шығармашылығы туралы «De La Gran Escena» бағдарламасына шығуы да фанаттардың жетістігі. Алайда, кубалық Dears мұнымен тоқтап қалмақ емес. Олар бірлесіп Димаштың музыкасының басқа теле – және радиошоуларда шығуына да мүдделі.

Кубалық «De La Gran Escena» бағдарламасы («Ұлы сахна») барлық кезеңдегі әлемдік ұлы музыкалық туындыларын, сонымен бірге, танымал кубалық музыканттардың шығармаларын кеңінен тарату мақсатында 1985 жылы ашылған екен. Хабарды Кубаның беделді журналистері жүргізеді. «De La Gran Escena» жобасының басты ойы – сапалы музыка өнерін бағалауға мүмкіндік беру.

Жалпы, бұл жайт туралы фан-клубтың инстаграмдағы және фэйсбуктегі ресми парақшаларында төмендегідей мәтінде хабарланды:

«… Бұл факт. Димаш алғаш рет Кубадағы «Cubavisión» телеарнасының «De La Gran Escena» бағдарламасына шықты. Кубадағы Dears алаңдаулы. Димаштың кім екенін білмей келген кубалықтар енді оның шығармашылығымен таныса алады. Біздің өтінішімізге құлақ асқан баршаға алғысымыз шексіз. Біз бақыттымыз! Біздің фан-клуб Димаштың шығармашылығыың Кубада одан әрі таралуына жағдай жасайды. Бұл тек бастамасы! Файтинг!».