Қайсарлық пен өр рухтың үлгісі: Волонтер Гүлмирам Сражова

1595

Пандемия кезінде ақтөбелік волонтерлар тобы қарап қалмады. Амалын тауып мұқтаж жандардан көмегін аямай келеді. Солардың бірі – қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау орталығы жанынан ашылған волонтерлар клубы.

Ақтөбедегі Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау орталығының атқарушы директоры Гүлмирам Сражова волонтерлық клубтың мүшелігінде Димаш Құдайбергенов пен оның ата-анасы бар екенін жеткізді. Өнерлі отбасы қор ұйымдастыратын іс-шараларға белсене араласқанын, мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап концерттер беріп, үнемі оларға қолдау көрсетіп жүрген.

Гүлмирам Сражова Димаштың анасы Света Айтбаевамен жас кезінен арасалатынын айтады. Гүлмирам бала Димаштың бойынан өнерге деген талпынысын және оның мейірімді екендігін көре бастаған.

«Алтын жүрек», «Қала мен бала», «Жақынның жан жылуы», «Біз біргеміз» атаулы әлеуметтік маңызды акцияларға қатысып жүрген Димашқа дән риза болатынбыз», – дейді Гүлмирам Сражова.

Бүгінде Димаштың әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлері де белсенді түрде қайырымдылық шараларымен айналысып келеді. Соңғы кезде көбінесе пандемияға байланысты ақ халатты жандарға көбірек көмектесіп келеді. Музыкалық оқу орындарына қол ұшын созып жүр.

Ақтөбеде Гүлмирам мұқтаж жандардан түскен өтініштерінің тізімін жасап келеді. Ал оның волонтерлық клубы пандемия кезінде мұқтаж отбасыларын азық-түлікпен қамтамасыз етті. Карантин кезінде оқшаулануына қарамастан Гүлмирам үйде отырып, жұмысын әрі қарай жалғастырып, халықтың көңілінен таба білді.

Айта кетейік, Гүлмирам мектеп бітірген шағында жолаушылар пойызының астына түсіп екі аяқ, бір қолынан айырылған. Осы оқиғадан кейін бірнеше жыл бойы төсек тартып жатып қалды.

Гүлмирамның жастық шағы еліміздегі тоқырау заманмен тұспа-тұс келген болатын. Бірде ол «Денсаулық» журналына өзінің жағдайын баяндап хат жолдайды. Соның арқасында аудан әкімшілігі оның хал-жағдайын біліп, бойжеткеннің емтихан тапсырып, мектеп тәмамдап, аттестат алуына септігін тигізеді.

Сондай-ақ, әкімшілік тарапынан Гүлмирамға қаладан бір бөлмелі жатақхана беруді ұйғарады. Содан ол Ақтөбе қаласына көшіп келеді. Бір жылдан соң Қ.Жұбанов атындағы педагогикалық институтына түсіп, тәмамдайды. Қосымша Қазақ-Орыс халықаралық университетінің заңгер мамандығы бойынша бітіріп шықты.

Гүлмирамның қасында үнемі қолдау көрсетіп, басындағы тауқыметін жеңілдетіп, ортаға тез бейімделуіне, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуына бірден-бір себеп болған оның «екінші анасы» әрі Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының төрайымы Құралай Байменова.

Гүлмирам Сражова 2005 жылы аталған орталыққа мүше болады. Бүгінде осы орталықтың атқарушы директоры. 2007 жылы желтоқсан айында «Достық, адалдық, рақымшылық» ұранымен волонтерлық клуб құрылды. Бұл клубтың басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету. Осы жоба бойынша көптеген жұмыстар атқарылып, әлеуметтік мәселелер шешілді.

Төтенше жағдай аяқталған соң «Қолжетімді Қазақстан» жобасы аясында мекемелер мен ғимараттарға, бизнес орталықтарына еркін кіріп-шығуына жағдай жасау бойынша мониторинг жүргізбек.

Бірнеше паралимпиадалық ойындардың жеңімпазы атанып жүрген Гүлмирам өзінің жетістігін әрі қарай шыңдауға талпынып жүрген тұлға. Оның осындай жеткен белестеріне сүйсіне қарай отырып Гүлмирамның бойынан қазақ қызына тән қайсарлық пен өжеттілікті көруге болады.

 

Айгүл Саимова, «Тілші» медиа мектебінің оқушысы