Димаш әуенімен мәнерлеп сырғанау

164

Илья Авербух Димаштың орындауындағы әннің сүйемелімен спорттық бағдарламалар әзірлеу туралы айтып берді.

2019 жылдың 3 қарашасында Димаш Құдайберген ән салған Игорь Крутойдың мерейлі концерті «Мұз рапсодиясы» деп аталды.  Бұл дүние жүзіне танымал музыканттар мен көрнекті мәнерлеп сырғанаушылар қатысқан музыка, би мен спорттың феериясы, жарқын да ұмытылмас шоу болды.

Ресейдің еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада ойындарының жүлдегері, әлем және Еуропа чемпионы, Ресейдің бірнеше дүркін чемпионы, көптеген халықаралық байқаулардың жеңімпазы әрі жүлдегері Илья Авербух барлық шоу нөмірлеріне мұз үстіндегі хореографияны қойып берді. Соның ішінде Димаш Құдайберген орындаған «Olimpico», «Ulisse», «Знай», «Passione», «Ti amo cosi» секілді туындыларының хореографиясына жауапты болды.

Медиа орталыққа (dk_media_world) берген сұхбатында би қоюшы бірлескен жұмыстан алған әсерімен бөлісті:

«Әрине, Димаш секілді талантты орындаушымен серіктес болу – әдеттегісінше, үлкен әсер сыйлайды. Ол ән салғанда жаның жай тауып, түрлі образдар жасағың келіп кетеді. Менің ойымша, Димаштың әндері мұз үстінде би нөмірін дайындауға таптырмас туындылар. Әлі талай бірге жұмыс істейтін боламыз».

Мәнерлеп сырғанаушылардың Димаштың әуенімен мұз үстіне шығуы сонау Денис Теннен басталады. Денисті Қазақстандағы мәнерлеп сырғанаудың негізі қалаушы деуге негіз бар. ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, бес дүркін ел чемпионы, көптеген халықаралық чемпионаттардың жеңімпазы, Сочидегі XXII Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен өзінің қойылымына Димаш Құдайбергеннің орындауындағы “S.O.S. d’un terrien en detresse” туындысын таңдаған болатын.

Жігіттер дос болды, алдағы уақытта бірлесіп талай өнер көрсететін болып уағдаласты… Алайда Денистің мезгілсіз өлімі Димашқа қатты әсер еткені сол, 2018 жылдың қарашасында Лондонда,  2019-дың маусымында Нұр-Сұлтанда өткен концертінде “S.O.S.” әнін Денистің рухына арнады.

Бұл шығарма Илья Авербухқа мәнерлеп сырғанау бойынша керемет жұп Евгения Тарасова мен Владимир Морозовтың бағдарламасына қойылым жасауға түрткі болды. Өнерлі жұп кейін талай шоуда осы әнмен мұз айдынына шықты.

«Евгения мен Владимирдің өнері үнемі жоғары бағаланып келеді. Осы нөмір үшін өнерлі жұп маған алғыс жаудырды, әрине мұның барлығына бізді Димаштың ғажап дауысы итермеледі», — дейді Илья Авербух.

Еуропа чемпионатының жеңімпазы Дмитрий Алиев 2020 жылы «Мұзды Рапсодия» шоуында Димаштың орындауындағы «Знай» композициясына биледі. Осы шығармаға ғашық болғаны сол, келер жылғы спорттың сайыстардағы бағдарламасында пайдаланатын болып шешті.

«Бүгінде талқылап жатқан жайы бар, — дейді Илья. — Сондықтан чемпион Дмитрий Алиев спорттық бағдарламасында Димаштың әнімен өнер көрсетуі мүмкін».

«Димашқа шығармашылық табыс тілеймін, бізді ғажап туындыларымен елітіп жүре берсін. Оның тума талант екені даусыз. Бұл біздің бірлесіп жасаған ақырғы жұмысымыз емес. Болашақта Димаштың фанаттары мен мәнерлеп сырғанау жанкүйерлерін бірлескен жобаларымызбен талай қуантамыз деп сенемін. Мәселен, бір жобаны Қазақстанның Медеу мұздынында жүзеге асырсақ деген ойымыз бар. Меніңше, бұл да үлкен, атаулы концерт болады. Сондықтан карантин біткен соң, барлығы жақсы болады деп сенемін, түрлі таланттардың жанкүйерлеріне талай тарту жасаймыз деп үміттенемін», — деді Илья Авербух.

 

Материалды «DK Media Centre» әзірлеген,
суреттерді «Илья Авербух» продюсерлік компаниясы ұсынды