Бразилиялық фанаттар Димашты латынамерикалық сахналарда күтеді

1425

Оңтүстік Америка Димаш Құдайбергеннің латынамерикалық сахналарда дебюті туралы хабарландыруды тағатсыздана күткен болатын. Алайда, коронавирус пандемиясына байланысты әншінің бұл елдегі концерттерін кейінге қалдыруға тура келді, деп жазады Бразилияның «Extra» газеті.

Коронавирус індетінің өршуіне байланысты, Димаш өз турын тоқтатып, туған Қазақстанына қайта оралды. «Arnau»әлемдік турнесі аясында соңғы концертті 11 наурызда Киев қаласында берді. Ал таяуда Димаш ҚұдайбергенCOVID-19 пандемиясымен күресіп жатқан баршаға жаңа «We are One» әнін тарту етті.

Вирусқа байланысты Димаштың Бразилиядағы ірі «DKFCB» фан-клубының жоспары да өзгерді. Әншінің туған күні – 24 мамырға жоспарланған Бразилиядағы фан-кездесу 15 қарашаға ауыстырылды. Сол күні бразилиялық фан-клуб өзінің екі жылдығын атап өтпек.

Америка континетінде алғашқы жеке концерті өткенде жанкүйерлерде Димашты Бразилияға да келіп қалады деген үміт оты жана бастады. Әншінің өткен жылдың 10 желтоқсанында Нью-Йорктің «Barclays Center Arena-сында» берген концертіне дүние жүзінен фанаттар жиналған болатын. Тур аясында Бразилияда да концерт өтуі мүмкіндігін Димаштың әкесі Қанат Айтбаев та айтып қалған болатын.

Сонымен бірге, бразилиялық Dears португал әндерін қазақстандық әншінің орындауында тыңдауды армандайды екен. Әсіресе, Винисиус пен Том Жобимнің «Eu sei que eu vou te amar» және Вилла Лобостың «Bachianas brasileiras nº 5» туындыларын естігілері келеді.

Қазіргі таңда Димаштың Бразилиядағы фан-клубы коронавирус дерті кезінде қиындыққа тап болған жандарға қайырымдылық шараларын белсенді түрде өткізіп келеді. Олар мүмкіндігі шектеулі балаларға дәріс оқитын музыкалық мекемелерге көмек көрсету кампаниясын жоспарлаған. Сонымен бірге, коронавирустың экономикалық салдарынан зардап шеккен отбасыларға азық-түлік жеткізуді ұйымдастырып отыр.

«Мамыр айына жоспарлаған кездесуімізді кейінге қалдырдық. Қараша айында өтеді деп сенеміз. Рас, барлығы алдағы айларда болатын жағдайларға байланысты. Біз ара қашықтық сақтауымыз керек. Вирустың таралуына жол бермейміз. Дегенмен, халыққа көмек көрсету мақсатында Димаштың туған күніне орай, қайырымдылық шараларын ұйымдастырамыз», – дейді DKFCB әкімшілерінің бірі Ана Паула Насименто.