Димаштың Индонезиялық фанаттары адамдарға коронавирусқа қарсы антисептиктер таратты

1276

Жер жүзінде болып жатқан коронавирус дүрбелеңіне бей-жай қарамаған диарстар қайырымдылық акцияларын ұйымдастыруды жалғастырып келеді.

Өткен жолы олар коронавирусқа шалдыққан науқастар жатқан аурухананы қорғайтын әскерилерге көмек көрсетуге бағытталған еді. Фан-клуб әкімшісі офицерлерге иммунитетті күшейтетін арнайы шай апарып берген болатын.

Осы жолы қайырымдылық акциясы үш күнге – 30 наурыздан 1 сәуірге дейін жалғасты. Қазіргі таңда Индонезия астанасы Джакартада нөсерлеп жауған жауынға байланысты аталған шара кішкене кейінге шегерілді. Дегенмен, акция көшедегі адамдардың қауіпсіздігіне жауапты қызметкерлерге бағытталғандықтан диарстарды нөсер жауын да тоқтата алмады.

Алғашқы күні фан-клуб әкімшісі «Wisma Atlet Covid-19» ауруханасына ат басын бұрды. Ол жерде әскерилер, полицейлер және вирусқа қатысты жаңалықтар таратып отырған журналистерді кезіктірді. Диарстар оларға алып жүруге ыңғайлы арнайы кішкентай құтыға құйылған зарарсыздандыру құралдарын таратты. Сонымен бірге, пайдалы сусындар және энергетикалық тағамдар салынған контейнерлер үлестірілді. Алғашқы күні шараға Димаштың фан-клубынан 4 адам – әкімшісіДестри Арияна, хатшы Райан Хурия Латифа және волонтерлар Аи Дамаянти мен Эстер Марита Ларасати қатысты.

Келесі күні индонезиялық жанкүйерлер «Kramat Jati» дәстүрлі базарына аттанды. Ол жерде диарстар қауіпсіздік қызметкерлеріне, базарға келушілер мен сатушыларға, сонымен бірге қоғамдық көлік жүргізушілеріне пайдалы сусындар мен антибактериалды спрейлер табыстады.

Шараның соңғы күнінде фан-клуб әкімшісі тағы да «Kramat Jati» базарына барды.Бір күн бұрын қатты нөсер салдарынан бітіре алмаған шараны аяқтады. Диарстар қалған пайдалы сусындарды, энергетикалық тағамдарды және қолға арналған зарарсыздандыру құралдарын дәстүрлі және онлайн-мотоциклшілерге (ескерту: Индонезияда такси және автобус жүргізушілерінен өзге тағам жеткізу және адам тасымалдаумен айналысатын мотоциклшілер де бар), қоқыс жинаушылар мен көше тағамдары сатушыларына үлестіріп берді.

Тұрғындар индонезиялық фан-клубқа ерекше қолдау мен көмегі үшін ризашылықтарын білдірді. Димаштың шығармашылығымен таныс болып үлгермегендері әнші туралы сұрастырып жатты. Қай әншінің фанаттары осындай ерекше екені көпшілікті шын қызықтыра бастады. Риза болған жұртшылық фан-клубқа да, Димашқа да денсаулық тілеп, осынау қиын кезеңде мықты болуды тілеп жатты.

Сонымен бірге, фан-клуб жеке қорғаныс құралдары өндірісімен айналысатын «Yayasan Anne Avantie Peduli APD» немесе «Anne Avantie Institution Care for PPE» қайырымдылық мекемесіне садақа берді.

Энн Аванти (AnneAvantie) – Индонезиядағы танымал дизайнер. Ел көлемінде ауруханаларға жеке қорғаныс құралдарын жеткізу жолға қойылмағандықтан, ол өз өндірісін тоқтатып, өндіріс құралдары өндірісіне кірісіп кетті. Индонезиядағы Димаштың фан-клубы қандай да бір көмек көрсету мақсатында Энн Авантидің қайырымдылық мекемесіне қаражат аударды.

Сондай-ақ, фан-клуб Суракартада орналасқан «Kemandirian Bangsa» балалар үйіне бал мен тағамдар жөнелтті.