Dior-дың асыл маржаны: тегі қазақ Қытайдан келген сұлу қыз Алла Елшіннің тарихы

2574

Сұңғыла бойлы, өткір жанарлы, келісті келбеті мен ерекше бітімді ару Кристиан Диордың назарын бірден жаулап алды. Бұл оқиға жиырма жыл бойы Еуропаның жоғарғы сән сахнасының көркіне айналған түбі қазақ, Қытайдан келген шығыс аруы туралы.

Тағдыры қиын, бірақ өзі өзгелерді бірден баулап алатын арудың тарихта қалуына Франциядағы қазақ қауымдастығының президенті, экономика ғылымдарының докторы Берлин Иришевтің тікелей қатысы бар.

Dior інжу-маржаны Алла Елшін

Голландтық қылқалам шеберінің жұмысына қызығатын Берлин Иришев Париждегі Монсо саябағындағы сурет көрмесіне барады. Ерекше туындылар іздеп, әр картинаға зер салып, тамашалап жүрген оның назарына келбеті қазаққа келетін портрет бірден ілігеді.

Бұл –  Кристиан Диорға шабыт берген інжу-маржаны, белгілі модель екенін ол бірден ұқты. Картинаны кезіктермес бұрын Берлин Иришев Dior –да анасы не әкесі қазақ азиат сән үлгісін көрсететін ару болғанын  естіген еді. Нақты дерек болмағандықтан ол туралы ақпарат ұмытыла бастады.

Қазақ қауымдастығының Президенті ойланбастан портретті сатып алды. Сол сәттен Берлин Иришев жұмбақ ару Алла Елшін туралы ақпарат жинап, зерттеу жұмысына бастап кетті. Мақсаты көптің назарын аударған модельдің тарихын, шыққан тегін өзгелерге таныту еді.

 Алла Елшін dior

Бірақ, ойған алған іс бірден жемісін бермеді. Зерттеу жұмысы үш жылға созылды. Өйткені арудың тегі қазақ екенін растайтын дәлел табылмады.  Құжат бойынша модель – қытайлық азаматша болып тіркелген. Қытайдың Харбин қаласында дүниеге келген. Заңдылығы осы, дегенмен Берлин Иришовтың түйсігі оның бойында қазақ қаны бар екенін сезеді. Оның пайымы арудың өткір жанары мен қазаққа тән ат жақтылығы болатын. Алған бетінен танбаған Берлин Иришев көптеген кедергілерге тап болды.

Десе де ізденісті тоқтатпай, Алланың шыққан тегі туралы нақты ақпараттарға қол жеткізді. Анасы – ақ гвардияшылар әскері генераның қызы. Ал, әкесі – қазақ  1920 жылдың орта шенінде  жер аударылып, Харбинде шығыс- қытай темір жол салуға жіберілген бай баласы болған. Осылай Алла Елшіннің шыққан тегі анықталды.

Алла Парижге қалай келді? 

1936 жылы Маньчжурияда Жапониямен соғыс басталып, Алланың әкесі отбасын қауіпсіз жерге көшіру туралы шешім қабылдады. 1 жыл бұрын жапондар Қытай кемелерінің шығуына тыйым салды. Сондықтан Алланың әкесі әйелі Тамара мен қызын норвегиялықтардың кемесіне отырғызып, Парижге жібереді. Ал өзінің қайда, қалай қаза болғаны әлі күнге дейін белгісіз.

Өкінішке орай одан естелік болар бір де бір сурет сақталмаған. Берлин Иришевтің пікірінше, Тамара суреттерді өзі жойып жіберген болуы керек. Өйткені Парижде қызыл гвардия әскері қашқындарды қудалап, тұтқынға алып жатты. Егер суреттер қолға түссе Алла мен Тамараның да ұсталып кетері сөзссіз еді. Өткенді жою, қауіпсіздіктің кепілі болатын.

 Алла Елшін Диор

Қытайдан қашып шыққан, қилы тағдырлы қыз қалай Диордың үлгілі моделіне айналды?

Франциядағы қазақ қауымдастығы президентінің айтуынша, соғыстан кейінгі уақыт Алла үшін оңай болмады. Париждегі орыс мейрамханасының бірінде даяшы болып жүрді. Бір күні жанындағы досы Dior сән үйі модель іздейтіні туралы хабарландыру оқып, бақ сынамақ болады.  Аллаға кастингке бірге барып, қолдау танытуын сұрайды.

Досына көңілін қимаған Алла кастингке барған уақытта  тағдырының өзгеріп, танымал болатынынан мүлде бейхабар еді. Сырттай бақылап отырған арудың ерекше сымбаты Кристиан Диордың  көзіне оттай басылады. Қызметкерлеріне Алланы киіндіріп, бетін бояуды бұйырады. Сәнді киім мен жеңіл опа-далап Алланың ана сүтімен дарыған нәзік бітімі мен әке қанымен біткен шығыс халқына тән жүзін нұрландыра түсті. Оның болмысы Диорға ерекше әсер қалдырып, сол жерде модель болуға ұсыныс жасайды.

Dior інжу-маржаны Алла Елшін

Осылайша Алла Елшін ойламаған жерден Dior сән үйінің інжу-маржанына айналды. Ол еуропа сән әлеміндегі алғашқы азият модель. Алланы көпшілік алдына шығару үшін Кристиан Диор үлкен тәуекелге барды. Үміт пен күдік қатар болды. Бірақ Алла бірден танымал болып, Кристианның үміті ақталды. Оның шығыстық келбетіне еліктеген еуропалықтар көбейді. Сәнқойлар макияжды Аллаға ұқсатып жасап, тіпті пластикалық отаға түскендер де болды. Осы тұста еуропаның газет-журналдары Кристиан Диордың ең қымбат музасы жөнінде жарыса жазды.

Берлин Иришевтің үш жылға созылған зерттеу жұмысы қиын да қызыққа толы болды. Шындыққа жету жолы, нақты деректі дәлелдеу оңай емес шиеленісі көп ізденістер қауымдастық президентін қызықты сәйкестіктерге  әкелді. Алла Елшіннің жалғыз ұлы Марк де Дуль ұзақ уақыт бойы Берлин Иришевпен кездесуден қашып жүрді.

Қауымдастық өкілдері белгілі модельдің қабіріне барып келгеніне бір күн өткеннен кейін, ұлы байланысқа шығып, кездесуге келісім береді.  Кездесу орынын ФҚҚ Президенті өзі таңдайды. Олар барған мейрамхананың қарсы бетінде кезінде Алла Ильчун күйеуімен бірге тұрған. Деректерді түгендеп, тарих беттерін ақтарған Берлин Иришев Алла Елшіннің құпияларын ашып 2019 жылы «Dior музасы. Алла Елшіннің тарихы» кітабын шығарады. Туынды қоғам талқысына түсіп, көпшілікті қызықтырғаны соншалық  ФҚҚ Президенті Алла жөнінде фильм түсіруді ұйғарды. Осылайша, 2020 жылдың ақпан айында «Dior інжу-маржаны Алла» атты деректі фильімінің тұсаукесері өтті. Карантин аяқталғаннан кейін туындыны үлкен экрандарда көрсету жоспарланып отыр.

Dior інжу-маржаны Алла

«Әр оқиғаның, тарихи деректің қызықтырар құпиялары болған сайын, өзіне елти түседі. Оны ашу үшін тұңғиығына бойлай бересің. Бұл – Қытайдың Харбин қаласында дүниеге келіп, 20 жыл Париждің сән әлемінің жауһары, сахнасының сәніне айналған, әйгілі Кристиан Диор мен Ив-Сен-Лоранның сән үлгілерін көрсеткен, 20 жыл бойы қытайлық модель ретінде танылған қазақ қызы туралы керемет оқиға. Біз үлкен іс тындырдық. Барлық еуропалық басылымдар жарыса жазған Алла Елшіннің есімі Қазақстанға да жеткеніне, қазақ еліне де белгілі болғанына қуаныштымын », – деп Берлин Иришев өз жетістігімен бөлісті.