Маршал М.Тухачевскийдің шешесі Ақтөбе облысының Шалқар ауданында жерленген

1182

Кеңес Одағының Маршалы Михаил Николаевич Тухачевскийдің анасы Марфа Петровнаның бейіті Шалқар ауданы Талдықұм ауылының іргесінде жатыр, деп хабарлайды Ақтөбе газеті

Мұртты көсем И.В.Сталиннің қырына ілініп, 1937 жылы халық жауы ретінде атылған маршалдың отбасы да қуғынға түскені мәлім. Марфа Петровна әуелі Астрахандағы әйелдер түрмесіне жіберіліп, кейін Қазақстанға жер аударылған.

Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Талдықұм ауылына келгенде оның қолында кісен болыпты деседі. Ауыл адамдары әуелде үрпиісе қарағанымен қорғансыз әйелге аяушылық танытып, ол жатқан үйге кезек-кезек ас-суын апарып тұрған. Бірауыз қазақша білмейтін әрі саяси тұтқын ретінде әбден үргедектеніп қалған Марфа Петровна өзі туралы ешкімге тіс жармапты.

Тек ауық-ауық НКВД қызметкерлері келіп, қарап кететіні оның тегін адам емес екенін аңғартса керек. Ешкімге зияны жоқ орыс әйелін ауылдағылар қатты құрметтеген. Соғыс жылдарында дерті асқынып, дүниеден озғанда, ауыл іргесіндегі қорымға жерлеп, басына белгі қойыпты.

1970 жылы қызы мен күйеубаласы іздеп келгенде ғана талдықұмдықтар жұмбақ орыс әйелінің әйгілі маршалдың шешесі екенін бір-ақ білген.  Қыз бен күйеудің НКВД-ның архивінен шешелерінің жатқан жерін тауып, тәу етуге келген беті екен.

Кейін қызы қайта соғып, анасының бейітін темірмен қоршап,  басындағы белгіні жаңартқан. Сол қоршауды жыл сайын сырлап, құм мен шөптен тазартып отыру талдықұмдықтардың әдетіне айналған.

P.S. Википедияда маршалдың шешесінің аты-жөні Мавра Петровна деп жазылыпты. Ал басындағы қызы қойған белгіде: «Тухачевская Марфа Петровна (мать маршала Советского Союза)» деп жазылған. Біз де сол ретпен Марфа Петровна деп беріп отырмыз.

Самат НӘРЕГЕЕВ