«Жас келсе – іске» деген. Білімді жастар елімізді шет мемлекеттерге танытуда аянбай қызмет етуде. Мәселен, қазақстандық Бекжан Бекболатұлы телекоммуникация саласындағы әлемдік деңгейдегі аса ірі компаниялардың бірі Huawei Тechnologies-тің Лондондағы кеңсесінде тағылымдамадан өтіп жүр. Қазіргі таңда ол біздtengrinews.kzің заманымызға дендеп енген смартфонның су жаңа моделін жасап жатқан командамен құрамында еңбек етуде.
1998 жылы туған қандасымыз Ақтаудағы білім және инновация лицейінде білім алған. Ол бірнеше рет информатика пәнінен ұйымдастырылған республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалардың жеңімпазы атанған. Қазақ баласы бүгінде Оңтүстік Кореядағы белді жоғары оқу орындарының бірінде үшінші курста, гранттық негізде оқиды. Алайда, IT-технология саласындағы ірі компаниядан тағылымдамадан өтуге шақырту алғаннан соң академиялық демалыс алып, іске бел шеше кіріскен екен.
Бекжан Бекболатұлымен әңгімемізде, ол қазіргі кезде жасанды интеллектінің жаңа әдістемелерін жасап жатқандарын айтты. «Осы жылы шығарылатын смартфондардың жаңа модельдеріндегі фотосуреттердің сапасын арттыру үшін оның қалай көмектесетіндігін зерттеу үстіндемін. Бұл маған берілген зор мүмкіндік деп білемін. Егер штатқа алынып жатсам, Лондонда қалуға қарсы емеспін», деді ол.
Білімімен биікті бағындырған қазақ баласы бұл жұмысқа шамамен бір ай бұрын ғана кіріскен. Сол себептен қазіргі кезде тек білімін жетілдірумен айналысуда. Ғылыми әдебиеттерді зерделеп, негізгі команданың жұмысына қосылуға барын салып жүр.
«Жасанды интеллектінің кең етек жаюының арқасында жоғары біліктілікті аз қажет ететін салалардағы қызметкерлердің саны алдағы жақын арада кеми беретіндігіне көзім жетті. Осы салада кәсібімді ашу да ойымда бар. Бәлкім, веб-қосымшалар, сервистер мен технологияларды өндіріп, стартап жобалармен айналысатын шығармын. Лондоннан түсіністікпен жұмыс істейтін серіктес тауып, бірге ісімізді ашуымыз да ғажап емес», деп ағынан жарылды қазақстандық азамат.
Бекжан Бекболатұлының сөзіне қарағанда, келешекте көптеген жұмыстарды жасанды интеллект роботтары атқаратын болады. Қазірдің өзінде жақын болашақта мамандықтардың 40 пайызы жоғалып, қарапайым шаруаларды роботтар атқара береді деген болжам бар.
«Тағылымдамам сегіз айға созылады деп күтілуде. Аяқталған соң осы компаниямен келісім-шартқа отыруым мүмкін. Қалай болғанда да өз болашағымды Еуропаның IT саласынан көргім келеді. Қазақстаннан әзірге жұмыс іздеуді ойластырған жоқпын. Өйткені, біздің елімізде бұл сала әлі бастапқы деңгейден асқан жоқ», дейді ол. Бірақ Бекжан туған жерінде қызмет етуді армандайды.