Оңтүстік Американың ең ірі мәдениет және туризм орталығы Рио-де-Жанейрода қазақ классигінің туындысы ұсынылды. Абайдың қара сөздерінің португал тіліне аударылған нұсқасы таныстырылды.
Тұсаукесер Абайдың 175 жылдығы аясында Анита Порто Мартинс атындағы қалалық кітапханада өтті. Кітапхананың оқу залына оның мемориалдық тақтасын орнатылып, залға ұлы ойшылдың есімі берілді, деп хабарлайды Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігі.
Шараға қаланың мәдениет министрі Розелли Дуарте, жергілікті билік өкілдері, ғылыми, академиялық және іскер топтар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Кітаптың тұсаукесер рәсімінде Бразилиядағы Қазақстан елшісі Қайрат Саржанов қара сөздердің маңыздылығына тоқталып, Абай білім беру мен ұлт болашағының мәселесіне алаңдағанын айтты. Сондай-ақ, ҚР Президенті Қасым – Жомарт Тоқаевтың «Абай шығармаларын әлем тілдеріне аударып, жариялау – адамзатқа Қазақстан мәдениетінің жаңа қырларын ашатын, бүкіл әлемнің оқырмандарына ақынның ерекше шығармаларымен танысуға мүмкіндік беретін бірегей халықаралық мәдени жоба» деп баса айтқан сөздерін жеткізді.
Розели Дуарте ынтымақтастықтың маңыздылығын атай отыра, Рио-де-Жанейро Үкіметінің Қазақстанмен достық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал ететін мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға әрқашанда дайын екенін жеткізді.
Қарашаның 3-4 күні, тұсаукесер алдында корделев әдебиетіне арналған онлайн-семинар өтті. Онда Абайдың өмірі мен шығармашылығы, оның қазақ руханиятындағы рөлі, шығармаларының құндылығы, философиялық тереңдігі, сондай-ақ Абай туралы кордель шығару секілді тақырыптар талқыланды.
Корделев әдебиеті XVI ғасырда Португалияда қайта өрлеу дәуірінде пайда болды. Бүгінде Бразилияда дәстүрлі әдеби жанрға айналды. Онлайн- семинарға танымал бразилиялық жазушы Зе Сальвадор, Абайдың қара сөздерін португал тіліне аударған Федералдық университетінің профессоры Флуминенс Эдельсио Америко қатысты.
Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының елшісі Қайрат Саржанов Эдельсио Америкоға Қазақстан мен Бразилия арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуға қосқан елеулі үлесі және қазақтың ұлы ақыны, философ және ағартушысы Абай Құнанбаевтың мұрасын танытудағы еңбегі үшін II дәрежелі «Достық» орденін табыс етті.