Қазақстандық дизайнерлер мен киім өндірушілер – кімдер? Өздері дарынды, талантты, қолдары алтын және сапалы киімдер тігетін отандық шеберлер туралы біз қаншалықты білеміз? Бүгін оқырмандарымызды таңғажайып кәсіпорындардың бірі «Utari.kz» брендімен таныстырмақшымыз.

«UTARIA LTD» компаниясының тарихы 2002 жылдан басталады. Сол тұста Жезқазғанда туған жігерлі әйел Сәуле Шауенова алдына жалғыз мақсат қойды, ол қаланың қыздарын жұмыспен қамтуды көздеп, өз ісін ашуға шешім қабылдады.

Көпшілікке белгілі, Жезқазған – тау-кен өнеркәсібінің қаласы. Ол кезде жоғары жұмыспен қамту процесі ер адамдарға тиесілі болғандықтан, Сәуле әйелдерге жұмыс табуға көмектесу керек деп шешті. Бұл батыл шешім қазақстандық кәсіпорын тарихының басталуына жол ашты.

Қазақтың қайсар аруы алдымен ұлттық киімдер тігумен айналысатын шағын шеберхананың іргесін қалады. Бүгінде сол компания – 1500-ден астам адам жұмыс істейтін ірі өндірістік зауыт, оның 80 пайызын әйелдер құрайды.

Зауыттың өндірістік базасы 7 мың шаршы метрден асады және жаңа форматтағы зауыт болып табылады. Мұнда ең жаңа инновациялық жабдықтар бар. Автоматтандырылған өндіріс жүйесі енгізілген. Сондай-ақ, зауыт мамандарды даярлау және біліктілікті арттыру үшін үлкен ресурстарды инвестициялайды. Оның жеке оқу орталығы бар, онда шеберлік кластарын өткізу үшін Қазақстаннан және шетелдерден ең мықты мамандар шақырылады. Осындай іргелі шаралардың арқасында серіктестік шынымен де сапалы, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік алды.

Бір қызығы, компания тек қазақстандық шикізат өндірушілерімен ынтымақтастық орнатуды жөн көреді, сондықтан бүкіл өнім толығымен «Қазақстанда жасалған». Бұған кәсіпорынның толықтай жабықталған өндірістік базасы көмектеседі. Басып шығару, өңдеу, киім тігу және кесте жасау сияқты процестер барынша локализацияланған.

Әу бастан фабрика тек қана арнайы және тапсырыспен киімдер тігумен айналысқан, бірақ 2015 жылы ол өз қызмет аясын кеңейтті. Осылайша, біздің ішкі нарықта жаңа қазақстандық «Utari.kz» бренді пайда болды.

Қазір компанияда төрт дизайнер жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы өз бағытында қызмет атқарады. Қазір брендте олардың бесеуі бар: «Utari», «Utari Home», «Utari Kids», «Man’s wear» және «Woman’s wear». Әр дизайнер – жоғары білікті маман. Олар тұрақты түрде шолулар өткізіп тұрады, мезгілдік үрдістер мен түстерді бақылап отырады, олар өз клиенттеріне ұнайтындығын зерттейді, саралайды, сезінеді.

Utari.kz бренді Милан сән апталығы аясында екі рет «White» көрмесінде ұсынылды. Өткен жылы бұл ұжым Ұлыбритания елшілігінің ұйымдастыруымен Баку қаласында өткен шоуға қатысты.

Қазір қазақстандық бренд белсенді түрде дамып келеді. Олардың зауытта компаниялық дүкені бар. Болашақта олар Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында өз брендтік дүкендерін ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, отандық брендтер қазір жастар арасында қатты қызығушылыққа ие десек, қателеспейміз.

«Маркетингтік зерттеулер мен сұраныс нәтижелеріне сүйенсек, біздің қазақстандық тұтынушыларымыз бар, өнімдерімізді жастар ұнатады. Ең бастысы, Қазақстанда шығарылатын сапалы өнімдер іздейтіндер жетерлік деген нақты қорытынды жасадық», – дейді кәсіпорын директорының орынбасары Әсел Жүргенова.

Димаш Құдайбергеннің Санкт-Петербургте өткен концерті кезінде әншінің командасына бірнеше костюмдер тіккен зауыт шеберлерінің таланты мен өнімдерінің кереметтігін атап өткен жөн. Соның арқасында музыканттар, арт-вокалистер мен би ұжымының көркі көрерменнің көңілінен шықты деп білеміз.