3 тамызда продюсер, композитор, әнші әрі көптеген музыкалық шығармалардың авторы Димаш Құдайберген тыңдармандарына түрік тіліндегі алғашқы авторлық туындысы – «Yazgı» әнін ұсынды.
Әннің музыкасын Димаш Құдайбергеннің өзі жазса, сөзінің авторы – Өркен Әбдіров. Композицияның музыкалық продюсерлігі, Димаш орындайтын өзге де әндеріндегі сияқты, автордың тікелей жетекшілігімен жүзеге асырылды. Жаңа туындыны әзірлеуге аранжировщик Ренат Аубакиров пен саунд-продюсер Ерлан Бекчурин де атсалысты. Гитара партиясын Әбілмансұр Құдайберген орындады.
Терең романтикалық мазмұнға құрылған бұл композиция бір-бірін сүйген екі жастың тағдырын баяндайды. Бір аспан астында тағдырлары тоғысқан қос ғашықтың жолы әр тарапқа бөлініп, араларындағы бір ғана қадам қашықтық тұтас бір ғұмырға созылғандай әсер қалдырады.
DimashNews редакциясы жаңа туындының сөзін жазған автор – қазақстандық жас ғалым, ақын, PhD (философия докторы) Өркен Әбдіровпен сұхбат өткізді.
– Сіз Димаш Құдайбергеннің түрік тіліндегі алғашқы әнінің сөзінің авторы атандыңыз. Түрік тілімен таныстығыңыз қалай басталды?
– Түрік тілін алғаш рет Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұстазым Қуанышбек ағайдың дәрістерінде үйрендім. Сол жерде түрік әліпбиімен танысып, тіл үйренудегі алғашқы қадамдарымды жасадым. Кейін университет ұйымдастырған жазғы тілдік курстардың арқасында Түркияға барып, түрік тілімді табиғи тілдік ортада жетілдіруге мүмкіндік алдым.
Алайда түрік тілі мен мәдениетіне деген қызығушылығым бұдан да ертерек қалыптасқан болатын. Бұған Қазақстанда кеңінен танымал әрі Түркиядан тыс жерлерде де жоғары бағаланатын түрік фильмдері мен әндерінің ықпалы зор болды.
– Бұл әннің сөзін жазу туралы ұсыныс Сізге қалай түсті? Димаш қандай да бір тақырып болу керек деді ме, әлде таңдауды өз еркіңізге қалдырды ма? Ал сол уақытта әннің музыкасы дайын болған ба еді?
– Шілде айының ортасында Димаштың түрік тіліндегі лирикалық әніне мәтін жазу жөнінде ұсыныс алдым. Бұл жұмыстың үлкен жауапкершілік жүктейтінін бірден сезіндім. Әннің әуені сол кезде дайын болатын, ал менің міндетім – сол әуенді мазмұнды поэтикалық мәтінмен толықтыру еді. Композицияның әуенінен мұң, нәзіктік пен сағыныш анық сезіліп тұрды. Сондықтан сөздер әуеннің өзінен табиғи түрде туындағандай әсер қалдырды.
Мәтін толық аяқталғаннан кейін әннің атауы жөнінде ұзақ ойландым. Нәтижесінде екі нұсқа ұсындым: «Yazgı» («Тағдыр») және «Ayrı Mevsim» («Қабыспайтын жыл мезгілдері»). Соңғы таңдау «Yazgı» атауына түсті. Осылайша тағдыр қосылуға мүмкіндік бермеген ғашықтар туралы ғазал* дүниеге келді.
*Ғазал – Таяу және Орта Шығыс халықтарының лирикалық поэзиясына тән өлең жанры. Ол бәйіттерден (екі тармақты шумақтардан) құралады: алғашқы бәйіт толық ұйқасса, кейінгі бәйіттердің тек екінші жолдары ғана ортақ ұйқасқа бағынады.
Әннің сөзін жазу барысында түрік әдебиетін, әсіресе түрік ақындарының поэзиясымен бұрыннан таныстығым көп көмегін тигізді. Әуеннің эмоциялық табиғатын дәл жеткізіп, сонымен қатар оған табиғи үйлесетін сөздерді табу оңай болған жоқ.
Осы уақытқа дейін танымал қазақстандық әншілерге арналған әндердің мәтіні мен музыкасын жазу тәжірибем болды. Сонымен қатар өз орындауымдағы авторлық әндерім және қазақ, түрік тілдерінде жазылған туындыларым да бар. Сондықтан әннің соңғы нұсқасын шамамен елестете алдым. Жинақталған тәжірибемнің барлығы осы композицияны жазу барысында айтарлықтай пайдасын тигізді.
– Ән өте романтикалық әрі мұңды сипатқа ие. Осындай нәзік әрі мұңлы жолдарды жазуға қандай да бір себеп болды ма? Бұл әннің астарында қандай құпия жатыр?
– Қай дәуірде болмасын, бір-бірін шынайы сүйгенімен, тағдырдың жазуымен бірге болу бақыты бұйырмайтын адамдар болған және бола береді. Олардың жүректері бір-біріне ұмтылғанымен, тағдыр басқа шешім қабылдайды. Олар бір ағашта қатар өмір сүретін көктем мен күз секілді немесе бір аспан астындағы ешқашан түйіспейтін іздер іспетті.
Меніңше, басталуы болғанымен, жалғасы бұйырмаған осындай сезімдердің тағдыры «Yazgı» әнінің негізгі шабыт көзіне айналды.
– Қазақ және түрік тілдері бір-біріне жақын болғанымен, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Әнді орындау барысында Димашқа тілдік тұрғыдан кеңес бердіңіз бе?
– Иә, егер бұны кеңес деп айтар болсақ, белгілі бір деңгейде өз пікірімді білдірдім. Біз түрік тіліндегі кейбір дыбыстардың айтылуы мен сөздердің табиғи естілу ерекшеліктерін бірге талқыладық. Мұны бір адамның екіншісіне кеңес беруі ретінде емес, түрік тыңдарманы үшін шығарманың барынша табиғи әрі сауатты орындалуына бағытталған ортақ шығармашылық еңбек деп қабылдаған жөн.
– Өлең жазумен қашаннан бері айналысасыз? Филологиялық біліміңіз шығармашылық қабілетіңіздің дамуына ықпал етті ме?
– Поэзияға деген қызығушылығым бала кезден бар. Алғашқы өлеңдерімді республикалық «Ұлан» газетіне жолдаған болатынмын. Сол кезден бастап поэзия өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды.
Өлең жазуға деген қабілетім ерте қалыптасқанымен, поэзияны негізгі кәсібім ретінде таңдаған жоқпын. Ал филологиялық білімім тіл табиғатын тереңірек тануға, сөздің салмағын, дыбыстық үйлесім мен мағыналық тұтастықты нәзік сезінуге мүмкіндік берді. Сондықтан филология менің әдеби талғамымды жетілдіруге және шығармашылық үдеріске жаңа қырынан қарауыма елеулі ықпал етті.
Әннің әлемдік музыкалық платформалардағы ресми сілтемесі:
https://dimash.lnk.to/yazgi
Yollar kapanır… bana
Geceler ağlar… sana
Bütün sesler susunca, hayal kalır banaAynı göğün altında
Yollar başka bir yana
Bir adımlık mesafe, ömür olur arada***
Жолдар жабылар… мен үшін
Түндер жоқтап жылар… сен үшін
Үн атаулы тынғанда,
Елесің ғана қалар жанымда.Бір аспанның астындамыз,
Жолдарымыз екі айрылған.
Бір-ақ қадам аралық,
Бір ғұмырға айналған.