Димаштың жапониялық фан-клубы «Dimash and Cats» ресми инстаграм-аккаунтында әзіл суреттер топтамасын жариялады.
![]()
Қазақстандық әншінің суреттерін сүйкімді мысықтармен салыстыра отырып, жапондық фанаттар карантинде отырған барша халықтың көңілін көтергісі келген.
![]()
– Баршаңызға белгілі, күлкі адам иммунитетін көтереді. Сондықтан, Димашты сүйкімді мысықтармен салыстыра отырып, әзіл суреттер топтамасын жариялап отырмыз. Бұл коронавирус індеті пандемиясы кезінде үйде отырған әлемдегі барлық Dears-қа арналады. Суреттерге қараңыз, күліңіз және уақытты жақсы өткізіңіз! Иммунитеттеріңіз көтеріледі деп сенеміз!, – дейді жапондық фан-клубтың бас әкімшісі Нао Шимизу.
![]()
Димаштың Жапониядағы фан-клубының тарихы 2017 жылдан бастау алады. Жапон қызы әншінің өнерін алғаш рет Қытайдағы «I am a Singer» байқауында тамашалапты. Дауысына тәнті болған ару Димаш туралы көбірек ақпарат іздей бастайды.
![]()
Жапонияда Димашты көп адам тани бермейтін кез. Бойжеткен әнші туралы ақпаратты өз отандастарына жеткізуге асығады. 2017 жылдың аяғында «DJFC» фан-клубын құрып, өзге елдердегі фанаттармен қарым-қатынас орната бастайды. Димаш туралы ақпарат жинап, жапондық фанаттарымен бөлісуді қолға алады.
![]()
Фан-клуб қатары жыл санап артып келеді. 2019 жылы ақпараттармен бөлісіп отыру мақсатында фэйсбукте жеке тобы ашылды. Фан-клуб қатысушылары өзара достасып қана қоймай, Димаштың шетелдегі концерттеріне бірге барып жүр. Жапондық фанаттар арасындағы байланыс арта түсті.
![]()
Жапондық фан-клуб тарихындағы маңызды кезең – 2019 жылдың соңында Жапонияда өткен Азия-Тынық мұхиты әндері фестивалі (ABU Song festival) болатын. Бұл фестивальде Димаш Құдайберген Қазақстан атынан өнер көрсетті.
![]()
Фестиваль жапондардың мұқият қадағалауымен жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жапондық фан-клуб үлкен жауапкершілік арқалады. Фан-клуб қатысушылары үшін бұл алғашқы, үлкен сынақ болатын. Алайда, фестиваль барысында фанаттар бірін-бірі жақын тани түсті.
![]()
Димаштың Жапонияда өнер көрсетуі – фанаттар үшін нағыз естен кеткен күн. Димаштың күн шығыс елінде ән орындағаны жапондық фанаттардың кейінгі мақсатын айқындай түсті. Жанкүйерлері Димаштың шығармашылығымен халықты әрі қарай таныстыра бермек.
![]()
Қазіргі таңда фан-клубтың көшбасшысы – Суми Уда, оны көпшілік Clara Japandear деген атпен таниды. Ал бас әкімші – Нао Шимизу. Ал инстаграм-аккаунтқа Мика Утсуи жауапты.
![]()
Жапондық фан-клуб әлеуметтік желідегі парақшаны белсенді жүргізіп келеді, қызықты шаралар, челлендждер, флешмобтар мен қайырымдылық акциялар ұйымдастырып тұрады. Таяуда олар коронавируспен ауырғандарды емдейтін «Medecins sans frontiers» орталығына қаражат аударды.
![]()
Димаштың жапониялық фан-клубтарының әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары:
Ресми веб-сайт
https://dimashkudaibergenjapan.com/
Instagram
https://www.instagram.com/dimash.japanfanclub/
Facebook
https://www.facebook.com/groups/423438411927015