«Dimash and Cats»: жапондықтар карантин кезінде көңіл-күйді қалай көтереді

457

Димаштың жапониялық фан-клубы «Dimash and Cats» ресми инстаграм-аккаунтында әзіл суреттер топтамасын жариялады.

Қазақстандық әншінің суреттерін сүйкімді мысықтармен салыстыра отырып, жапондық фанаттар карантинде отырған барша халықтың көңілін көтергісі келген.

Баршаңызға белгілі, күлкі адам иммунитетін көтереді. Сондықтан, Димашты сүйкімді мысықтармен салыстыра отырып, әзіл суреттер топтамасын жариялап отырмыз. Бұл коронавирус індеті пандемиясы кезінде үйде отырған әлемдегі барлық Dears-қа арналады. Суреттерге қараңыз, күліңіз және уақытты жақсы өткізіңіз! Иммунитеттеріңіз көтеріледі деп сенеміз!, – дейді жапондық фан-клубтың бас әкімшісі Нао Шимизу.

Димаштың Жапониядағы фан-клубының тарихы 2017 жылдан бастау алады. Жапон қызы әншінің өнерін алғаш рет Қытайдағы «I am a Singer» байқауында тамашалапты. Дауысына тәнті болған ару Димаш туралы көбірек ақпарат іздей бастайды.

Жапонияда Димашты көп адам тани бермейтін кез. Бойжеткен әнші туралы ақпаратты өз отандастарына жеткізуге асығады. 2017 жылдың аяғында «DJFC» фан-клубын құрып, өзге елдердегі фанаттармен қарым-қатынас орната бастайды. Димаш туралы ақпарат жинап, жапондық фанаттарымен бөлісуді қолға алады.

Фан-клуб қатары жыл санап артып келеді. 2019 жылы ақпараттармен бөлісіп отыру мақсатында фэйсбукте жеке тобы ашылды. Фан-клуб қатысушылары өзара достасып қана қоймай, Димаштың шетелдегі концерттеріне бірге барып жүр. Жапондық фанаттар арасындағы байланыс арта түсті.

Жапондық фан-клуб тарихындағы маңызды кезең – 2019 жылдың соңында Жапонияда өткен Азия-Тынық мұхиты әндері фестивалі (ABU Song festival) болатын. Бұл фестивальде Димаш Құдайберген Қазақстан атынан өнер көрсетті.

Фестиваль жапондардың мұқият қадағалауымен жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жапондық фан-клуб үлкен жауапкершілік арқалады. Фан-клуб қатысушылары үшін бұл алғашқы, үлкен сынақ болатын. Алайда, фестиваль барысында фанаттар бірін-бірі жақын тани түсті.

Димаштың Жапонияда өнер көрсетуі – фанаттар үшін нағыз естен кеткен күн. Димаштың күн шығыс елінде ән орындағаны жапондық фанаттардың кейінгі мақсатын айқындай түсті. Жанкүйерлері Димаштың шығармашылығымен халықты әрі қарай таныстыра бермек.

Қазіргі таңда фан-клубтың көшбасшысы – Суми Уда, оны көпшілік Clara Japandear деген атпен таниды. Ал бас әкімші – Нао Шимизу. Ал инстаграм-аккаунтқа Мика Утсуи жауапты.

Жапондық фан-клуб әлеуметтік желідегі парақшаны белсенді жүргізіп келеді, қызықты шаралар, челлендждер, флешмобтар мен қайырымдылық акциялар ұйымдастырып тұрады. Таяуда олар коронавируспен ауырғандарды емдейтін «Medecins sans frontiers» орталығына қаражат аударды.

Димаштың жапониялық фан-клубтарының әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары:

Ресми веб-сайт
https://dimashkudaibergenjapan.com/
Instagram
https://www.instagram.com/dimash.japanfanclub/
Facebook
https://www.facebook.com/groups/423438411927015