Жапондық мәнерлеп сырғанаушы қазақстандық Денис Теннің Димаш Құдайбергеновтің хитімен мұз айдынына шыққанын көрді. Лукас Тсуёши Хонда да «S. O. S» композициясына өз интерпретациясын жасады. Эмоцияға толы қойылымы жас спортшыға алғашқы әрі ең үлкен жеңіс әкелді.
Мәнерлеп сырғанаудан Жапония чемпионаты Аомори префектурасының Хатинохе қаласында өтті. Жасөспірімдер арасында он сегіз жасар Лукас Тсуёши Хонда жеңіске жетті.
Жаңа чемпионның жанарына қуаныштың көз жасы үйірілді. Өйткені бір ай бұрын жамбас жарақатын алған Тсуёши жеңімпаз атанамын деп ойламаған еді. Батыс Жапония біріншілігінде жараланған ол жаңа турнирге 10 күн қалғанда дайындық бастады.
«Мен көрермендердің қолдауын көріп, шапалақтарын естігенде қатты қуандым. Шынымды айтсам, қобалжығанмен бәрі ойдағыдай болады деген сезім болды. Мен жылағанды жек көремін, бірақ әлі де көз жасын тоқтата алмай тұрмын. Алдағы уақытта да жасөспірімдер арасында Жапония чемпионы атағына лайықты болуға тырысамын«, – деп бөлісті Тсуёши Хонда.
Спортшы еркін бағдарламасы 129.13 ұпай алды. «S.O.S» композициясымен орындалған қысқа бағдарлама оған 80.35 ұпай әкелді.
Жалпы есепте 209.48 ұпай жинап, Тсуёши жасөспірімдер арасында сөзсіз жеңімпаз атанды.
Бұған дейін біз » Dreams on Ice » мұз шоуында «S.O.S»әнімен шыққан Тсуёши Хонда туралы жазған болатынбыз. Сол кезде мәнерлеп сырғанаушы бұл нөмірдің тарихы туралы айтты.
«Маған Денис Теннің мұздағы өнер көрсетуі қатты шабыт берді. Сондықтан өзімнің қысқа бағдарламамда осы әнді орындаймын деп шештім. Ия, бұл үлкен жауапкершілік, бірақ оған қарамастан мен осындай мағыналы әндерді өз өнерім арқылы түсіндіргім келеді«,-дейді Тсуёши Хонда.